16 Oct, Сәрсенбі

Әдебиет

Ағайынды Гриммдер
Ағайынды Гриммдер — неміс халық мәдениеті зерттеушілері мен лингвисттері.

Кішкентай кісілер


Баяғыда бір етікші болыпты. Ақшадан жұрдай болса керек. Ақырында әбден кедейленіп бітіп, қос етік тігерліктей ғана былғарысы қалыпты. Іңірде әлгі былғарыдан етік пішеді де:

«Қазір жатып, ұйқымды қандырайын, таңертең ертерек тұрып, тігіп тастармын»,— деп ойлайды.

Сөйтеді де, жатып ұйқтап қалады. Таң сәріден оянып, беті-қолын жуып, жұмысқа кіріспекші болып ыңғайланса, жұмысы дайын тұр — етіктерді біреу тігіп қойыпты.

Етікші өз көзіне сенер-сенбесін біле алмай, аң-таң қалады. Мұны неге жоруын да білмейді.

Етікті қолына ұстап, аударып-төңкеріп қарай бастайды.

Қалай мінсіз тігілген десеңші! Тігісінде бір ақау жоқ. Асқан ісмер адамның қолынан шыққаны көрініп тұр. Көп күттірмей сатып алушысы да табылды. Етікке қызығып, көп ақша төлеп, сатып әкетеді. Етікші енді екі қос етік тігетіндей былғары сатып алады. Іңірде екі қос етікті пішеді де:

«Қазір жатып, көз шырымын алайын, таңертең ертерек тұрып, тігіп тастармын»,— деп ойлайды.

Таң сәріден тұрып, беті-қолын жуып, жұмыс орны жаққа қараса, екі қос етіктің екеуі де тігулі дайын тұр.

Сатып алушылар бұл жолы да тез табылады. Етіктерге қатты қызығып, көп ақша төлейді. Етікші енді бақандай төрт қос етік тігетіндей былғары сатып алады.

Келесі күні таңертең төрт қос етік те тігіліп дайын тұрса керек.

Сөйтіп, содан бері күн сайын осылай қайталана береді. Іңірде пішілген етік таңертең тігіліп дайын тұрады.

Етікшінің тапшылық, жоқшылық өмірі ұмыт бола бастайды.

Бір күні іңірде күндегідей бірнеше етік пішіп қояды да, ұйықтар алдында әйеліне:

— Бәйбіше, бүгін үйқтамасақ қайтеді, етікті тігіп жүрген кім екен, көрсек қайтеді,— дейді.

Бұл сөзге әйелі қуанып:

— Мақұл, ұйқтамасақ, ұйықтамайық, көрейік кім екенін,— дейді. Үстел үстіне шырақ жағып қойып, бұрышта ілінген киімдердің артына барып тығылып, күтіп отыра береді. Бір уақытта, дәл түн ортасы болғанда, үйге кішкентай кісілер келіп кіреді. Етікшінің үстеліне шығып отыра қалып, кіп-кішкентай саусақтарымен пішілген былғарыны алып, тіге бастайды.

Бізді шанышқанына, тарамысты өткізгеніне, балғаны тықылдатқанына көз ілеспейді екен, етікші таңырқап, кішкентай кісілерден көпке дейін көзін тайдыра алмайды. Бар етікті тігіп болғанша, аналар бір тыным алмайды. Соңғы етік дайын болысымен, үстелден секіріп-секіріп түседі де, көзден ғайып болады.

Таңертең әйелі күйеуіне:

— Бұл кішкентай кісілер қолымызды байлыққа жеткізді. Біз де бұларға бір жақсылық жасауымыз керек қой. Кішкентай кісілер біздікіне ылғи түнде келеді, үстерінде киімі жоқ, сірә, тоңатын шығар. Менің басыма мынадай бір ой келіп отыр: мен әрқайсысына көйлек,күрте, шалбар тігіп қояйын, ал сен етік тік,— дейді.

Етікші әйелінің сөзін тыңдап болып:

— Ойың жақсы екен. Шіркіндер, сірә, бір қуанып қалар!—дейді.

Сөйтіп, бір күні кешке сыйлықтарын пішілген былғарымен бірге үстелге қойып, өздері тағы да бұрышқа тығылып, кішкентай кісілердің келуін тосып отыра береді.

Бұрынғыдай, дәл түн ортасы болғанда, үйге кішкентай кісілер кіреді. Үстелге секіріп шығып, іске кіріспек болса, пішілген былғарымен бірге әдемі көйлек, күрте жатыр, қасында кіп-кішкентай етік тұр.

Кішкентай кісілер ә дегенде абыржып, аузын ашып қалса да, соңынан қуанып мәз болады.

Әдемі киімдерді тез-тез киіп алып, би билеп, өлең айта бастайды:

Сәнді киім мұнша көп, Киіндік те кенелдік! Етік тігер мұрша жоқ, Қызыққа енді бөлендік!

Үстелден үстелге, орындықтан орындыққа секіріп, кішкентай кісілер ұзақ уақыт өлең айтып, би билейді. Сонсоң бір кезде ғайып болады, қайтып етік тігуге келмей қояды. Бірақ бақыт пен сәттілік ұзақ өмірінде етікшіден екі елі айрылмайды.