21 Желтоқсан, Сенбі

Әдебиет

Ағайынды Гриммдер
Ағайынды Гриммдер — неміс халық мәдениеті зерттеушілері мен лингвисттері.

Жолы болғыш үшеу


Бір адам үш ұлын қасына шақырып алып:

— Мен қартайдым, - депті, — дәм-тұзым таусылар мезгіл жеткен сияқты, сендердің қамдарыңды ойлайтындай уақыт туды. Менің сендерге қалдырар ақшам жоқ, қазір үшеуіңнің қолдарыңа ұстатқалы отырғаным да арзан қолды дүниелер. Жолға шығуға қамданыңдар, менің сендерге бермек болып отырған заттарымды көзі көріп, құлағы естімеген елді табуға аттаныңдар. Алда-жалда ондай тапсаңдар, үшеуің де бақытты боласыңдар, мұратқа жетесіңдер.

Осыны айтып, ол бір ұлына әтеш, екінші ұлына шалғы, үшінші ұлына мысық береді.

Әкесі қатыс болғаннан кейін, бір үлкен ұлы әтешін қолтығына қысып алып жолға шығады.

Бірақ қаншама ел кезіп, қай шаһарға, қай ауылға барса да әтешіне ешкім қызықпайды. Қай шаһарға болсын, тақай бергенде –ақ мұнарада мен мұндалап жел айналдырып тұрған «әтешті» көзі шалады. Ал шаһарға қарағанда ауыл – аймақта әтеш тіпті көп екен. Қора сайын сырықтарға қонақтап алып «кукәреку» деп отырған әтештер.

Сірә, мына әтеш мені мұратқа жеткізбейді деп ойлай бастайды жігіт. Ақыры бір аралға тап болады. Арал жұрты туасы әтеш көрмеген, сондықтан қай уақыт болғанын ажырата алмайды екен. Олар тек таңның атқанын, күннің батқанын ғана білетін болса керек, ал біреу-міреу түн ортасында ояна қалса, қай уақыт екенін білмейтін болыпты.

Қараңдар, халайық,— дейді жігіт, әтешін көрсетіп, қандай тамаша құс десеңдерші.

Басында жалт-жұлт еткен қызыл тәжі бар,аяғында серілерше өкше темір байлаған. Бір түнде үш рет шақырып, қай уақыт болғанын білдіреді, соңғы шақырғаны — таң атып қалды дегені. Алда-жалда әтеш күндіз шақырса, ол —ауа-райы бұзылады дегені.

Жұртқа әтеш қатты ұнайды. Түні бойы көз ілмей, әтештің сағат екіде, төртте, сонсоң сағат алтыда шақырғанын мәз-мейрам болып қызықтап отырып, таң атырады.

Ертеңінде жігіттен: «Әтешіңді сатпайсың ба, ақысына не аласың?»—деп сұрайды.

Несі бар,— дейді жігіт,— егер бір есекке , жүк болатындай алтын берсеңдер, сірә, әтешімді сатуым да мүмкін.

Ау, мұның тегін бергенмен бірдей ғой,—деп, арал тұрғындары шу ете түседі және қолма-қол сұраған алтынын алдына салады.

Ағасы үйге қайтып оралғанда, бауырлары мынадай олжасына таң-тамаша қалады. Ортаншы жігіт:

Енді шалғымды қолыма ұстап, бағыт іздеу үшін мен де жолға шығамын,— дейді.

Ол да жүріп кетеді. Бірақ қайда барса да, иықтарында өзінің шалғысындай шалғы салған шаруаларға жолығады. Әбден үміті үзілетіндей халге жетеді. Ақыры, өлдім-талдым дегенде, ол да бір аралға тап болады, арал жұрты бұрын-соңды шалғы көрмеген екен. Бидай піскен кезде зеңбірекпен атқылайды екен.

Бірақ бұл оңайға түспейтін жұмыс болса керек. Біреудің атқаны бидайдың басынан асып кетіп жатса, екінші біреудің атқаны бидайдың сабағына тимей, маса ғана тиіп, астық рәсуә болып, шашылып қалады екен. Оның үстіне тарсыл-гүрсілден құлақ тұнатын көрінеді.

Ортаншы жігіт егіс даласына бара салып бидайды шалғымен ора бастайды. Қимылына көз ілеспей, бидайды лезде орып бітіреді. Арал тұрғындары бірталайға дейін ауыздарын ашып не дерін білмей мелшиіп қалады. Сонсоң барып: «Мынау керемет құралыңды бізге сат», деп, жігітке жалынып-жалбарына бастайды.

— Алда-жалда маған бір атқа жүк боларлықтай алтын берсеңдер,— дейді жігіт,— бұлдан бастан-ақ шалғымды бере салуым да мүмкін.

Сұраған алтынын алып жігіт кері қайтады.

Ортаншы аға көп алтынмен қайтып оралған соң, кенжесі де шыдап отыра алмайды. Ол да бақытын сынау үшін, мысығын бұлдап өткізетін жер іздеп тапқалы жолға шығуға белін бекем буады.

Ағалары басынан кешіргенді бұ да басынан өткізеді.

Жігіт мысығын апармаған жері жоқ, бірақ ешкім мысығына пысқырып та қарамайды. Болған жерлерінде мысық көп болғандықтан, мысықтың жаңа туған балаларын өзенге лақтырып жібереді екен.

Ақырында жігіт кемеге мініп, теңізде жүзіп кетеді. Арада бірнеше күн өткенде бір аралға келіп шығады, ақыры сол аралда жолы болады. Арал тұрғындары бұрын-соңды мысықты көрмесе керек. Мұнда тышқан дегеннің көптігі сонша — тал түсте өріп, орындықтан үстелге, үстелден орындыққа секіріп жүреді екен. Жұрт тышқаннан қалай құтылудың амалын білмей, дағдарса керек. Тіпті олардан корольдің өзі де тыным көрмепті. Мұны көрген жігіт біраз тышқан ауласын деп, мысығын жерге түсіріп жібереді. Мысық лезде король сарайының екі үлкен бөлмесі тышқаннан тазартып шығады.

Сол-ақ екен арал тұрғындары: «Мына ғажап хайуанатты сатып алыңыз,— деп, корольға жалынып-жалбарына бастайды. Король жұрт тілегін құп алып, жігіттен: «Мысығыңды сатпайсың ба, құны не тұрады?!»—деп сұрайды.

— Несі бар,— дейді кенже жігіт.— Алда-жалда үстіне алтын артқан бір өгіз берсеңдер сірә, айтқандарыңа көніп қалуым мүмкін.

Король сұраған алтынын береді, мол олжамен жігіт үйіне бет алады.

Мысық корольдың сарайындағы тышқандарға қырғидай тиіп, қызыл өңештен ары асыра береді. Ақырында, күпті болып, жүрегі айнып су іздей бастайды. Көкке қарап: «Мәу-мәу мәу!»—деп мияулайды.

Король және оның нөкерлері бұрын-соңды естімеген жат дауыстан шошып, бәрі сарайдан қашып шығады.

Сонсоң король өзінің уәзірлерін шақырып мысықтан құтылудың жолын іздей бастайды.

Ұзақ ақылдасқан соң мысыққа елші жіберіп,өз бетіңмен сарайдан шық, әйтпесе күштеп шығарамыз деп ескертуді ұйғарады.

Мына құбыжық аң қашан борша-боршамызды шығарады деп күнде қорыққанша, үйреніскен жау — тышқандардан-ақ жапа шеге берейік, дейді жұрт корольға.

Елші мысыққа келіп: — Ау, мысық, есен-сауыңда сарайдан кетемісің, жоқ па?—дейді.

Әбден таңдайы кеуіп тұрған мысық жөн жауап қайтарудың орнына «мәу-мәу-мәу!» деп, бұрынғыдан да қаттырақ мияулайды.

Бұл «мияу» елшіге «жоқ, жоқ, жоқ!» дегендей естілсе керек.

Корольға қайтып келіп, мысықтың жауабын жеткізеді.

— Онда,— дейді корольдың уәзірлері, біз оны айтқанымызға күштеп көндіреміз.

Сол-ақ екен бірнеше зеңбіректі сүйреп әкеп, сарайды көздеп, атқылай бастайды.

Отырған бөлмесіне бірінші доп келіп түскенде-ақ, мысық терезеден секіріп, тайып тұрады. Бірақ король мен уәзірлері мысықтың қашып кеткенін білмей, атқылай береді. Ақыры король сарайының сау-тамтығы қалмай, жермен-жексен болыпты.