Әдебиет
Несі қате?
Бұрын бір ауылда сараң шал өмір сүріпті. Бір жылы қыстың бір күнінде сыртта қар жауып, сараң шал өзінің жылы төсегінде жатады. «Бүгінгі күндей жақсы күнде бір жасайтын іс бар ма?», — деп іштей ойланып отырды. Сыртта қар күреп жүрген құлын көріп, оны сараң шал шақырып алады.
— Ей, бейшара құл, бері кел мында!
— Шақырдыңыз ба? — деп үйіндегі құлы ентігіп, жүгіріп жетіп келеді.
— Аңға шығамын, аңға шығу дайындығын жаса!
— Мынадай қар жауып тұрған күні ме?
— Ей, ақымақ! Мынадай қар жауып тұрған күн – нағыз аңға шығатын күн. Тез дайында!
— Жақсы, айтқаныңыз болсын!
Сараң шалдың сорлы құлы садақ пен жебені дайындады. Аңға керекті жарақтың бәрін алады. Түскі асты да дайындап алу үшін сараңның құлы ас үйге кіреді. Ондағы әйелдерге: «Үй иесі жейді, дәмділеп жаса!», — деп түс мезгілінде жейтін тамақты дайындатқызып жатты. Ас үйде жолға алатын тамақты жасатып жатқанда, сараң шал оны іздеп:
— Қайда жүрсің сен? — деп сараң шал құлын шақырды.
— Мен түскі тамақты дайындатып жатыр едім, — дейді құлы.
— Қайдағы түскі ас?! Тез аңның жарақтарын дайында! Кеттік!
Сөйтіп екеуі жолға шықты. Қар басып қалған тау ақ теңіз секілді көрінді. Сараң шал мен құлы аң іздеп жолдан адасты. Біресе таудың биігіне шықты, біресе таудың етегіне түсті. Тау аңдарының құлағы тұрмақ, ізі де көрінбеді. Сараң шал мен құлы әбден діңкелері құрып, қатты шаршап қардың үстіне отырады. Сол кезде бір қырғауыл оларға қарай келе жатқан еді. Сараң шал садағын алып, оны көздеп атып түсірді. Құлап түскен қырғауылды құлына алғызды. Құлы оны ұстап алып келді.
— Керемет мерген екенсіз!
— Ей, осыны да азық деп. Аңға шыққан соң жоқ дегенде жаман қабан, шошқа атып алып қайту керек қой! — деп сараң шал мақтанды. Ұзақ жүріп сараң шал мен құлының қарындары аша бастады. Сөйтіп екеуі алдымен әлгі қырғауылдың етін пісіріп жеп, сосын жұмыстарын жалғастырмақ болады. Дәмді қырғауыл түскі астың тамағы болған соң, құл көңілденіп кетті. Отта тұрған қырғауыл еті пісіп, құс етінің иісі мұрынды жара бастады. Кедей құлдың аузының сілекейі ақты. Қасында отырған мырзасының да сілекейі шұбырып отырғаны белгілі еді. Ет пісіп қалған кезде, сараң шал бір қулық ойлап табады. «Құл ештеңе істемеді,енді қазір қалайша менімен бірге бәрін бөлісіп жейді?! Мен жалғыз жейтін амал жоқ па?» — деп ішінен ойланды. Бір кезде тізесін бір соғып, тапқандай қуанып кетті.
— Ей, ақымақ құл! Мынадай әдемі табиғатта тек қарын тойдыруды ойласақ не болмақ? Мұнымыз ұят емес пе?! Ет піскенше біз екеуіміз өлең жазайық! — дейді сараң шал. Оның айтып отырғанына құлы ренжіп:
— Өзегіміз талып, қарын ашып өлейік деп отырмыз. Одан да алдымен тамақ ішіп әлденіп алайық, сосын өлең жазайық! — дейді.
— Ей, ақымақ құл. Ми бар ма сенде? Өлеңді бірінші шығарған адам, мына еттің бәрін жейді, — дейді сараң шал.
Бұған құл ойланып қалып еді, сараң шал қуанып кетті.
— Ей, ақымақ. Оңай іс деп ойлама! Шумақтың ең соңында «екен» деген жалғауды қосып, үш жол өлең шығарып көр. Әдетте төрт жол өлең жазады. Мен саған оңай болсын деп әдейі үш жол қылып алып отырмын, — деді сараң шал оған бұрылып. Солай деп айтып алып ішінен: «Құл тақырыпқа арнайы өлең шығара алмайтыны айдан анық. Қырғауылдың етінің бәрін өзім жейтін болдым», — деп қуанды сараң. Ол кезде оның құлы өлең жазуды біртіндеп ойлап отырды. Етке қарап түрі бұзылып отыр еді, бір кезде жүзі бал — бұл жанып қуанып кетті. Сараң шалдың құлы қырғауылдың бір жағын бөліп алып аузына салды. Сосын былай деді: «Бәрі пісті ме екен, дәмді ме екен, ал жеп көрсек пе екен?» — деп ол еттің біразын аузына салып опырып жей бастады. Шал оған қарап: «Ей, ақымақ, сен өлең жазбай жатып еттің бәрін жеп жатырсың ғой», — деп кіжінді. Құлы оған қарсы уәж айтты.
— Мырза, мен өлеңнің бәрін шығарып қойдым, — деп етін жей бастады. Оған сараң шал ашуланып: «Қашан өлең жаздың?» — деп жазғырды. Құлы өлеңді түгел жазып шыққанын айтты. Сараң шалға сол өлеңдерін қайтып рет-ретімен, жол-жолымен оқып берді.
«Бәрі пісті ме екен?
Дәмді ме екен?
Жеп көрсек пе екен?» — деген өлеңін оқып берді. Өлеңнің ішінде «екен» деген жалғаудың ұйқасып жазылып тұрғанын айтып, «несі қате?» деп сұрады ол сараң шалдан. Міне осылайша құл еттің бәрін өзі жеп тауысқан екен. Ал сараң шал болса оған қарап, әбден қарны ашығыпты.
Корей тілінен аударған Дастан Ақаш