Әдебиет
Қызыл желпуіш пен көк желпуіш
Баяғы заманда бір ауылда бір кеңпейілді шал мен ниеті тар шал тұрыпты. Кеңпейілді шал өзінің тамағын, қолындағы бар затын көршілерімен бөлісіп өмір сүріпті. Ал ниеті жаман шал әрдайым жоқ деумен, сараңдықпен өмір сүріпті. Керісінше одан кең пейілді шал күріш сұрап келсе, берген күрішінің жартысына құм қосып беріп, мазақ қылады екен.
Бір күні қайырымды шалдың үйіне бір жолаушы келіп қоныпты. Ол оның үйіне түнеп шығып, кетерінде бір қызыл желпуіш және көк желпуішін ұмытып, қалдырып кетіпті. Қайтып келіп оны алмапты. Оны кең пейілді шал алып, күннің астында біраз тұрып, қызыл желпуішпен желпіп көріп еді. О, тоба, мұрыны ұзара түсті. Ол шошып кетті. Сөйтіп екінші көк желпуішті алып онымен де желпіп көрсе, ол ұзарған мұрынды қысқартып, әуелгі қалпына апарады екен. Бұған таң қалған кеңпейілді шал тағы бірнеше рет қызықтап, мұрнын ұзартып, қайта қыстартып көреді. Оны естіген көршісі ниеті тар шал әлгінің екі желпуішін де ұрлап алып, онымен ақша табуды ойлайды. Сөйтіп үйіне алып келіп, ауласында шалқайып жатып, екі желпуішті сынап көрді. Басында бір кішкене ұзартып, қайта қысқартты. Өзінің ісіне балаша мәз болды. Сәлден соң оған мынадай жаман ой келді. Еріккен ниеті тар шал мұрны қай жерге дейін ұзарады екен деп, аяғын көкке көтеріп қойып, қызыл желпуішпен желпи берді, желпи берді. Оның мұрны желпіген сайын ұзарып, сонау аспанның төріне бір-ақ шыққанын қайтерсің! Ол оған мәз-мейрам. Оның ұзарған мұрны аспандағы бір періштенің үйінің еденін тесіп шығыпты. Ақымақ шалдың қылығына ашуланған аспандағы періште оның мұрнын, үйіндегі діңгектің біріне байлап тастапты. Оны ақымақ шал байқамады. Ойында дәнеңе жоқ, ұзарған мұрнын қысқартпақ болып, көк желпуішпен желпіген екен. Сөйтсе әлгі желпіген сайын мұрны шалдың өзін көкке көтеріп әкетіпті. Тура аспандағы әлгі періштенің үйінің діңгегіне тақаған сәтте ол мұрнын шешіп қоя бере салыпты. Шешкен бетте гүрс етіп жерге құлапты. Жерге құлаған әлгі бейшара шалдан не қалды дейсің?! Сөйтіп оның байлығы мен үйіне қайырымды, кеңпейілді шал иелік етіпті. Бірақ ол оның дүниесінің бәрін ауыл адамдарына таратып беріп, олармен бірге бөлісіп өмір сүрген екен.
Корей тілінен аударған Дастан Ақаш