Әдебиет
Сарыала қаздың бауыры қалайша сары?
Ертеде, бір бақа мен қоян көкорай текшеде ойнап жүріпті. Олар ойнап жүріп әдемі, кіп-кішкене алтын күбі тауып алыпты. Сонда бақа тұрып:
— Мұны мен таптым, алдымен мен көрдім, мен аламын, - депті.
Сөйтіп, олар қызыл кеңірдек болып таласыпты. Сәлден соң сөзін тоқтатып, бақаға нәсихат айтыпты.
— Біз таласуды қояйық, етектен тау басына қарай жарысайық, қайсымыз күбіге бұрын жетіп ішіне секіріп түссек, күбіні сонымыз алайық, жарысатын күніміз ертең болсын депті, — қоян.
Өзінің жүйріктігін, бақаның шабандығын әбден білетін қоян, өзін сөзсіз ұтып аламын ғой деп күпіршілік ойлайды. Бақа да, жарысса, өзінің ұтылатындығын әбден біледі де, қулық ойлайды. Ол түр-түсі өзімен біп-бірдей екі досын шақырып келеді, біреуін тау басындағы күбінің ішіне түсіріп, біреуін орта жолға тұрғызып, өзі етекке түседі.
Ертеңінде таң сәріде қоян келеді. Олар жарысқа түседі. Бақа бір-екі шоршығанша, қоян көп ұзап шығады. Қоян жол ортаға келгенде, ойламаған жерден бақаның өзінің алдында кетіп бара жатқанын көріп іш тартып қалады. Ол «Мен бәрібір басып озамын деп ойлап ұшырта жөнеледі. Сол бойында тау басына жеткенде әлдеқашан күбінің ішінде отырған бақаны көреді. Сөйтіп бұл жарыста қоян ұтылып алтын күбіден құр қалады.
Бақа алтын күбіні ұтып алғанымен, оны етекке алып түсіре алмайды.
Сөйтіп, әңкі-тәңкі болып отырғанда ұшып келе жатқан бір сарыалақаз онан «неге дағдарып отырсың» деп сұрайды. Бақа күбіні етекке жеткізе алмай отырғанын айтып, етекке жеткізіп бере аласың ба деп сұрайды. Қаз: «Бұны жеткізіп беруіме болады. Бірақ алтын күбінің тең жарымын маған бересің», — дейді. Басқа табар айласы болмаған соң, бақа бұған көнеді. Қаз алтын күбіні етекке алып түсіп, екіге бөледі. Ол әдемі алтын күбінің өзіне тиген сынығын талқандап, омырауына сеуіп алады.
Сарыала қаздың бауырының алтындай сары болуы осыдан екен.