22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Торғай неліктен жүре алмайды?






Бір кептер үш жұмыртқа тауып, онан үш балапан шайқап шығарыпты. балапандары бара-бара ақ үрпектеніп, сүйкімді болып өсіпті. Балапандарын жанындай жақсы көретін кептер күнде таңертең шыбын-шіркей ұстауға кетіп, балаларына түстік азығы етеді екен.

Күндердің бірінде кептер күн ұясынан шыға, ұшып шығып шыбын-шіркей ұстауға кетіпті. Балапандары аналарының тезірек оралуын телміре күтіп отырыпты.

Бұл арада бекершіліктен қолы босамайтын, бекер сенделіп күнді кеш қылатын оңбаған торғай тұрады екен. Ол кептердің сүйкімді балапандарына сұғын қадап, «Үшеуінің сүйегі жас шеміршек қой, бұлардың еті қандай дәмді екен!» деп ойлап жүріпті, кептердің әр күні жем іздеп сыртқа кететінін де біліп алыпты.

Сол күні әлгі торғай кептердің алыс сапарға кеткен орайынан пайдаланып, оның тұратын жеріне келіп, ұясына кіріп, үш бірдей балапанын жепті. Ұясын бұзып, ағаш бұтақтарын сындырып, сол маңның әптер-тәптерін шығарыпты.

Кептер бірталай шыбын-шіркей ұстаған соң ұясына қарай ұшыпты, ол «Бүгін кешігіп қалдым, тезірек ұшайын, шапшаң барайын, балапандарымның қарыны ашып қалған шығар...» деп ойлап қанатын жылдам қағып ұшып отырыпты. Жолда шашылып жатқан ағаш бұтақтарын көргенде «Рас кеш қалыппын-ау, отыншылар келіп кетіпті» деп ойлапты. Есігінің алдына келіп қан дақтарын көргенде «Балаларымды қатты сарылтқан екенмін, ет асым уақыт өтіп кетіпті ғой, балапандарымның үні неге шықпайды, әлде олар менің келгенімді байқамады ма? », — деп ойлапты. Осы оймен ауласына кіріп қараса, ұясы тас-талқан болып жатыр екен. Балапандары да көрінбейді.

Кептер қатты қайғырып: «Балапандарымды өлтіріп, ұямды талқандаған кім екен деші? Әлде торғай шығар! Сол-ақ сұмпайы еді», — деп күңіреніпті. Сонан ол ұшып отырып құс патшасы көкекке келіп, торғайдың үстінен мұңын шағып, еңіреп қоя беріпті. Онан өшін алып беруді өтініпті.

Мән-жайды ұққаннан кейін құс патшасы көкек қатты ашуланып қасындағы қарғаға:

— Дереу торғайды ұстап алып кел, — деп әмір беріпті.

Патшаның әмірі бойынша қарға торғайды барлық жерден іздепті. Бір үйдің дөдегесінде күнге қақталып отырған торғай ұшып келе жатқан қарғаны анадайдан көріпті де, қулық сайлап үлгеріпті, ол қарғаның сырын әбден біледі екен, қарға жалбырлап келіп, торғайдың қасына келіп қарлыққан үнмен:

— Мені әбден сенделттің! Кептер сенің үстіңнен шағым айтты, көкек мені сені ұстауға жіберді, жүр шапшаң, — депті.

— Торғай ерте қомданып отыр екен, ол күлмің қағып аппақ қаданы қарғаның мойнына тағып шықылықтап:

— Қареке, біз ежелгі доспыз ғой, сіз қайтып барып, көкекке мені таба алмадым деңіз, — депті.

Қарға қадасын алған соң оған бет келе алмай, құр өзі қайтып барып көкекке:

— Төңіректің төрт бұрышынан түгел тінтіп болдым, сонда да әлгі сұмды таба алмадым, — деп мәлімдепті.

Ол осы өтірігімен кетсе бір сәрі, бірақ мойнындағы қада сол бойы жабысып алынбай қойыпты. Ала қарғалардың тамағының астындағы ақ содан қалыпты.

— Арамтамақ! — деп ақырыпты құс патшасы көкек. Сонан соң қасындағы сауысқанға:

— Сауысқан, әккі торғайдың қол-аяғын байлап алдыма әкел, тез бол! — деп әмір беріпті.

Сауысқан орманнан ұшып шыққан бойы әлгі үйдің дөдегесіне келіпті.

Ұшып келген сауысқанды көрген торғай: «Сауысқан қарғаға қарағанда қуырақ, оны бір қадамен алдап түсіруге болмайды, көбірек шығындар болуға тура келер», — деп ішкі есебін жасап тұрыпты.

Соның арасында сауысқан келіп қоныпты.Торғай оны жалбырақтай қарсы алдынан шығып қарсы алыпты, әрі ақ түбіттен тоқылған тізе киімді оған тарту етіпті:

— Сәке, жапа тартып келіпсіз, мына қақаған суықта тым жалаң борбай жүргеніңіз не, осы су жаңа тізе киімді сіз киіңіз, — депті.

Тізе киімге қызыққан сауысқан оны қолына алған соң торғайды ұстау жұмысы жөнінде ауыз ашудан ыңғайсызданып қайтып кетіпті. Ол барған соң көкекке:

— Торғай шынында тым қу екен, қай жерге кіріп алғаны белгісіз. барлық жерді шарлап таба алмай келдім, — депті.

Оның киген тізе киімі де етіне ет болып жабысыпты. Сауысқанның денесіндегі ала сол екен, ол ұрпағынан-ұрпағына қалып келеді. Торғайды ұстай алмай қарға мен сауысқанның құр келгеніне көкек қатты ызаланып, қырғиды шақырып, оған:

— Сен төтенше зерделі ыспар едің, торғайды не қылсаң да алдыма әкел, — деп тапсырыпты. Көкектің сөзі біте қырғи самғай ұшып, бұлт арасына сүңгіп, лезде ғайып болыпты. Ол зеңгір көкте қалықтап, шартарапты шарлап, дөдегенің үстінде күнге қақталып отырған торғайды көріпті. Сонан ол қанатын қомдай сорғалап, торғайдың төбесінен түйіліпті. Кім екенін айырып болғанша торғайды іліп үлгеріп, құс патшасы көкектің тұрған жеріне қарай алып ұшыпты.

Сәлден соң есін жиған торғай, өзін ұстап әкетіп бара жатқан қырғи екенін біліп, «Мақтауға жаны құмар, бұл ақымақтың табанына әсем сөзден баспалдақ қойғанда ғана шеңгелінен құтылуға болар» деп ойлап:

— Кім екен десем, батыр қырғи екенсіз ғой, мені алып ұшам деп қиналдыңыз білем, әнтек тыныстап алсаңызшы, — депті.

Торғайды жарым күн қанат жимай алып ұшқан қырғи недәуір шаршаса керек:

— Жарайды, — деп көне кетіпті.

— Қырғидың өз сөзін бұза алмағанын көрген торғай іле-шала:

— Батыр қырғи, сіз құс патшасы көкектің әйгілі батырысыз, ал мен ілікке алғысыз қылмыстымын, сізбен ақыр жерде қатар отырып демалғаныммен келіспес, сіз мәнсап иесісіз, сондықтан биіктеу отыру сізге лайық, үйдің үстіне отырып дем алыңыз, мен қылмыскермін, сондықтан, сіздің аяқ жағыңызда, төменде отырып дем алайын, — депті.

Торғайдың сөзі жанына жаққан қырғи көп-көрім желпініп қалыпты, бірақ торғай қашып кетіп жүре ме деп қауіптеніп дағдарып, бірдеме демепті. Мұны сезген торғай:

— Көзіңіз менен гөрі өткір, оның үстіне ұшу жағынан да менен тезсіз, несіне алаңдайсыз? — депті.

«Тауып айтты, бәрібір менен құтыла алмайды» деп ойлаған қырғи торғайды қоя беріп, өзі дөдегенің үстіне кәміл сеніммен жан-жағына құшырлана көз тастап отырыпты.

Қырғидың тегеуірінінен босаған торғай, жан-жағынан бой тасалайтын жер іздепті. Сонан соң сиырдың мүйізін көзі шалып, қырғи сылана берген әредікте лып етіп, мүйіздің ішіне кіріп алыпты.

Қырғи жерде отырған торғайдың жоқтығын байқап, абыржып жалма-жан аспанға көтеріліп, торғайды іздепті. Бірақ оның көлеңкесін де көре алмапты. Жерде жатқан мүйізді ғана көріп «дәуде болса осы мүйіздің ішіндесің ғой, қанша әккі болсаң да, менен құтыла алмайсың» деп ойлап сорғалап келіп, мүйізді жерден іліп алып, құс патшасы тұрған орманға қарай ұшыпты. Мүйіз зілдей ауыр екен, оның ішінде бір торғай бар, сондықтан қырғи бір ауық ұшқаннан кейін әбден болдырып, алдыға қарай ұшуы мұң болыпты, сонда торғай қашып кетер деп шеңгелін жазбай тісін-тісіне басып ұша беріпті.

Ұша-ұша әлі құрып, көзі қарауытыпты, аспаннан жерге құлап түсіпті. Жерге қатты түскендіктен есеңгіреп бірнеше домалап та кетіпті. Сиырдың мүйізі де тасқа түсіп, быт-шыт болыпты. Бірақ оның ішіндегі торғай ештеңе болмапты. Ол бірер сілкініп, бір үйдің дөдегесіне шығып алып, қыбы қанғандай мәз болып:

— Қырғи да масқара болды! Жерде домалап жатқан түрін-ау, шоқ, шоқ бәлем! — деп шиқылдай беріпті.

Жерде бір қанша рет домалаған соң, есін жиған қырғи ұшып барып, дөдегеде отырған торғайды ұстап алып, көкекке апарып беріпті.

Көкек торғайды сұраққа тартыпты. Торғай сайқалдықпен құтыла алмайтын болған соң, шынын айтыпты. Кептердің үш балапанын жеп, ұясын бұзғандығын мойындапты.

Құс патшасы көкек қырғиға: «Ол мұнан былай адымдап емес, екі аяғымен секіріп секектейтін болсын, аяғына кісен сал», — деп бұйырыпты. Сондықтан торғайдың бүгінге дейін адымын ашып жүре алмайтыны осыдан екен.