Әдебиет
Қоянның құйрығы қалайша шолақ?
Сонау ерте заманда қоянның құйрығы ұзын болған екен. Ендеше, қоянның құйрығы қазір қалайша шолақ болып қалған? Бұл жөнінде ел аузында таралып жүрген мынадай ертек бар.
Ертеде екі қоян бір өзен бойында асыр салып ойнап жүріп, қарсы жағадағы жайқалып тұрған көкбеңбек шөпті көріп қалады. Олар: «Өзеннен өтіп әттең құмардан шыққанша жесек», — деп ойлайды. Бірақ екі қоян суда жүзе білмейтіндіктен өзеннен өтудің ешқандай шарасын таба алмайды.
Олар сөйтіп тұрғанда, су баяу толқып, бір үлкен тасбақа шұр-шұр етіп су бетіне шыға келеді. Тасбақаны көрген қояндар бір-біріне қарап, көздерін алақтатып, судан өтудің бір айласын ойлап табады:
— Тасбақа әжей, осы өзенді сіздің әулетіңіз сұрайды деседі ғой, рас па? — дейді. Мұны естіген тасбақа әжей қатты қуанып:
— Ол рас, бұл өзенде менің әулетім сан жеткісіз. Егер олар өзеннің бетіне қаз-қатар қалқып тұра қалса, екі қатар көпір болады, — дейді.
Әулетіңіздің соншалық көптігіне көзім жетпейді, қалайда біздің әулеттен көп болмас, — дейді қоян.
— Сендердің әулеттерің соншама көп болса, мен қалайша көрмеймін?-дейді тасбақа.
— Егер біздің балаларымыз түгел осында келсе, өзеннің жағасына сыймай қалуы мүмкін, — дейді енді бір қоян.
— Мақтанып тұрған шығарсыңдар, — дейді тасбақа.
— Сенбесеңіз, өзара салыстырып көрейік, кімнің әулетінің көп екенін сонда бірақ білесіз, — дейді қояндардың біреуі.
— Бұл не дегеніңіз, оларды қайтып салыстыруға болсын? — дейді тасбақа.
— Алдымен сіз әулетіңізді шақырып келіңіз, су бетін қалқып, өзеннің мына шетінен ана шетіне дейін санап шығамыз. Санап болған соң, біз де әулеттерімізді жинап келіп, өзеннің жағасына қатар тұрғызамыз, сонан сіз санап шығарсыз, — дейді бір қоян.
— Болады, — деп тасбақа өзенге шөгіп кетіп, әулеттерін түгел шақырып келіп, бетіне екі қатар етіп, тізе қояды. Олар айтып-айтбай өзенге салынған екі қатар көпір бола қалады.
Екі қоян қатар салынған «Тасбақа көпірге» шығып, әрбіреуі бір қатарын санаған болып, қарсы жағаға ілінеді. «Қулығымызды асырдық», — деп ойлаған екі қоян жағаға шыға беріп:
— Бізде қайдан оншалық көп әулет болсын, мақсатқа жеттік әйтеу, — дейді. Бірақ бұл кезде екі қоян секіріп жағаға шыққанымен, олардың шұбатылған ұзын құйрықтары судан әлі шығып болмаған еді. Қояндардың әлгі сөзін естіп қалған тасбақалар екі қоянның құйрығынан ала түседі. Сасқалақтаған екі қоян жұлқи тартқанда құйрықтары түбінен үзіліп, шолақ болып қалады.
Кейін бұл екі қоян көп әулетті болады. Бірақ көжектері мен немере-шөберелерінің барлығы шолақ құйрық болып туылады.