04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Түлкі мен борсық неге інде тұрады?






Ертеде аңдардың құйрығы болмапты. Тек аң патшасы арыстанның ғана құйрығы бар екен.

Аңдарға құйрықсыз өмір сүру, әрине, оңай емес еді. Қыста бірдеңе қылып күндерін көргенімен, жазда сона мен масаға таланып, қатты қиналыпты. Арқаларына қонған қансорғыш жәндіктерді қағып жіберетін құйрықтары болмағандықтан, бейшара аңдар кірерге тесік таппай қалады екен.

Күндердің бір күні аңдардың зары арыстанға жетеді.

«Қой, мен бұларға көмектесейін» деп ойлайды арыстан. Сөйтіп, аңдарға құйрық жасатады. Құйрықтар дайын болғанда жан-жаққа хабар жібереді, аңдарды сарайға жинайды.

Бірінші болып арыстанның алдына түлкі келеді.

— Бәрекелді! Сен бәрінен бұрын келдің. Қалаған құйрығыңды ал, — дейді оған аң патшасы.

Түлкіге керегі де сол еді. Ол өзіне ең әдемі құйрықты таңдап алады. Одан кейін секеңдеп сарайға тиін де жетеді. Оған да әп-әдемі, үлпілдеп тұрған ұзын құйрық бұйырады. Жылқы келіп төгіліп тұрған жал-құйрықты таңдайды. Осылайша, барлық аң қалаған құйрыққа ие болып, арыстанға алғыс айтады.

Тек аю ғана сарайға келуге асықпаған екен. Ол «аңдар құйрық алып жатыр» деген хабарды естісе де, тәтті ұйқысын қимай, апанында жата беріпті.

Арада қанша уақыт өткенін кім білсін, бір күні аю арыстанның алдына барады.

— Мен құйрығымды алуға келдім! Аю деген атыма сай біреуін қалдырып қойған шығарсыз? — дейді арыстанға.

— Кеш қалдың! Құйрықтың бәрін аңдар талап әкетті, — дейді арыстан оған.

Аюдың бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Басын салбыратып, ілбіп басып орманда келе жатса, алдынан борсық шығады. Қараса, борсықтың әп-әдемі, ұп-ұзын құйрығы бар екен.

— Әй, андағы құйрық саған лайық емес қой! Қайтесің, мұндай ұзын құйрықты! Одан да маған сыйлай салсаңшы. Орнына бал берейін, — дейді аю.

— Бере алмаймын! Балға бола құйрықсыз қалатын жайым жоқ, — дейді борсық.

— Бер, қане! Әйтпесе, тартып аламын! — дейді аю. Сөйтеді де, борсықты бас салмақ болады. Борсық тұра қашады. Бірақ құйрығының ұшы аюдың тырнағына ілініп қалады. Аю оны құйрық етіп, артына жалғап алыпты.

Зәресі ұшқан борсық бір жерге келгенде демін алып, дереу жерді тырмалауға кіріседі. Мұны сол маңда жүрген түлкі байқап қалып:

— Борсық, саған не болған? Жерді сонша тырмалағаның не? — деп сұрайды.

— Аюдан қашып келемін. Ол құйрығымды тартып алмақ болды. Жерді қазып тығылмасам, басқа амал жоқ, — дейді борсық.

— Ойбай, онда мен де тығылайын! — деп түлкі де жерді қазуға кіріседі.

Борсық пен түлкі жерді әбден үңгіп қазып, ішіне жасырынып қалады. Арттарын қуып келген аю оларды таба алмай, ақыры апанына қайтады.

Содан бері түлкі мен борсық інде тұрады екен. Ал аю сол күйі құйрықсыз қалыпты.

Орыс тілінен аударған Бағдат Мәжитов