Әдебиет
Түлкіден де қу бір қаз
Түлкі бір күні оттап жүрген бір қазды ұстап алып, алдыңғы екі аяғымен басып тұрып, мазақ қылып, қазды біраз азаптайын деп мұртынан күліп айтыпты:
— Ә, қаз, сенің қолыңа мен түссем, сен не қылар едің? — депті.
Қаз сәл ойланып тұрып:
— Не қылар едім? Белгілі емес пе, сені тісіммен тістеп тұрып, екі аяғыңды кеудеме қойып, көзімді жұмып:
— Ә, құдай, бергеніңе мың шүкір! — дер едім де,
— Сені жеп қояр едім, — депті.
Түлкі:
— Мынауың дұрыс екен. Мен де сені өзің айтқандай қылып жейін депті де, қазды тістеп, өзі шоңқиып отырып, алдыңғы екі аяғын кеудесіне алып, молдадай көзін жұмып:
— Ә, құдай... — дей бергенде, қаз қанатын қағып қалып, қаңқылдап ұшып кете беріпті.
Түлкі:
— Ә, құдай... — деген күйінде аузы аңқиып, шоңқиып қала беріпті.