05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Ағашшы мен темірші






Бұрынғы өткен заманда Жәркент деген қалада өнері елден асқан бір ағашшы мен бір темірші ұста өмір сүріп тұрады екен. Ұста мен ағашшы бірінен-бірі асып түсіп шеберлік сайысында жүреді екен. Күндердің бір күнінде ұста мен ағашшы елінің ханына кеп жүгініседі. Сонда хан:

— Мен сен екеуіңнің мынауың артық, — деп айта алмаймын. Сондықтан екеуің бір-бір нәрсе істеп алып кеп өнер сайысына түсіңдер, — дейді. Темірші үйіне барып төрт жүз көзді алтын жүзік соғады. Ал ағаш шебері ағаштан ат жасап алып келеді.

Хан екеуін бірдей көріп, өнерлеріне таң қалады да: «Ал, мына, атыңның өнері не?» — дейді. Ол аттың оң құлағын бұраса ұшады да, сол құлағын бұраса, жерге түседі екен. Ханның он төрт жастағы баласы жылап жүріп ағаш атты әкесінен сұратып алады. Осылайша бір жыл өткен соң бала аттың өнерін бір көрейін деп ойлайды да, атты мініп ап, оң құлағын бұрағанда ұшып жүріп береді. Ұшып отырып, ұшып отырып ес кетіп, жан шықты дегенде бір қаланың шетіне келіп сол құлағын бұрап қалғанда әлгі қалаға кеп түседі. Бұл қала Рум деген қала екен. Ол сол қаладағы бір кемпірге кеп «мен сізге бала болайын» деп үйіне кіреді. Елі алыс қалғанын бала да біліп отыр. Түнде жатса, әлгі үйдің іші сүттен жарық болып тұр екен. Бала ұшып тұрып далаға шықса ай да, күн де жоқ. Бірақ қаласы жап-жарық екен. Ол үйге қайта кіріп кемпірден сұраса:

— Е, балам, бұл жарыққа таңқаларлық еш нәрсе жоқ. Біздің патшамыздың қызының нұры. Ол сондай әсем сұлу қыз. Соның нұры бүкіл қаланы жарық қып тұрады. Қала халқы түн баласында шырақ жақпайды, — деп түсіндіреді. Бала қыздың қайда тұратынын сұрағанда:

— Ол қыздың орны көктеде емес, жерде де емес. Дәл осы қаланың үстінде атпен жүрсе үш айшылық жерде деп ел айтады ғой. Қыз патшамыздың бас уәзірінің қарамағында, оған сол кісіден басқа еш адам бара алмайды, — дейді.

Бала атына мінеді де оң құлағын бұрап көкке ұшып, көзді ашып жұмғанша жетіп барады. Қыз баланы көреді де, бірден ғашық болады. Ол екеуі бал махаббат ләззатын алысады. Сөйтіп, бала түнде барып, таң қылаң бере түсіп кеп кемпірдің үйінде жатып тұрады. Үш ай болғаннан кейін қаланың бір жағына жарық түсіп, бір жағына жарық түспей қояды. Қала халқы ханға шағым айтып, қызың бізге нұрын төкпей қойды, — дейді. Хан қызды әкеп сөйлессе, қызы екі қабат боп қалған екен. Хан аң-таң болып «Бұған кім барып жүр. Қандай адам?» — деп таңырқайды. Олар кім барып жүргенін таба алмаған соң қыздың тұратын үйін бас уәзірі қызыл жосамен бояп қояды. Түнде кіріп барған жігіт жосаға боялып қалғанын әдбен таңертең жерге түсіп келе жатып байқайды. Ол киімін шешіп лақтырып жіберіп, үйіне ішкі киімдерімен барады. Мұны таңертең ерте мешіттің үстіне шығып отырған медресеннің бір молдасы көріп асыл киім ханзаданың киімі болған соң алып өзі киіп алады. Таңертең ханның уәзірлері елді тексергенде қызыл жоса болған молданы ұстап өлтірмекші болып, қалың елді жинап дарға аспақшы болады. Бала мұны көреді де ханға өзі барып:

— Алдағы молданы не үшін өлтірмекші болдыңыздар? Қызға бұл барған жоқ, мен барып жүрмін, өлтірсеңіздер мені өлтіріңіздер! — деп ханның алдына өзі барады. Хан молданы қоя беріп «баланы ұстап дарға асыңдар» деп бұйрық береді. Сол кезде бала:

— Тақсыр, мен өлімнен қашпаймын, сіз маған бөлек шатыр тіктіріп, үш сағат күтіңіз де өлтіріңіз, — деп жалғыз сөз өтінеді. Хан баланың тілегі бойынша үлкен шатыр тігіп беріп, бір тойғызып ап, дарға асайын деп отырғанда бала ағаш атын қалтасынан шығарып құрады да, оң құлағын бұрап жіберіп ұша жөнеледі. Ол ұшқан бойымен қызға кеп, қызды ертіп өз еліне қарай бет алады. Жолда келе жатқанда қыз кенет қайғырып, санын бірақ ұрады.

— Не, болды саған? — дейді бала.

— Қайда кетсең, онда кет! Кетеріңде мына бір дорба алтынды ала кет, менің саған берген аналық жасауым осы болсын, — деп шешем айтып еді. Сол бір дорба алтынды ұмытып кетіппін, — дейді. Қайта барма дегеніне көнбей баланың ағаш атын сұрап кейін қайтады. Бала шексіз-шексіз құмда қалады.

Бала қашып кеткеннен кейін хан қызына бас уәзірін жіберсе, қыз жоқ боп шығады. Бұған қайғырып қапаланған хан қолына қызы түссе бұрынғы айттырған Жемен дейтін ханның ұлына тез беріп қоя бермеген екенмін деп өкінеді. Қыз қайтадан үйіне барып түскен кезде хан қызын ұстап алып, Жемен ханға хабар береді. Жемен ханның ұлы қалың қол ертіп шеру тартып шықпаққа әзірленеді. Жемен ханның ұлы дайындық үстінде бола берсін. Біз баланың жағдайымен танысайық.

Айтқан уақытында қыз келмеген соң бала иен даланы қаңғып жаяу жүріп кетеді. Әдбен шөлдеп-шаршап талықсып ұйықтап кеткен екен, түсінде ақ бурыл шал асамен түртіп оятып аян береді:

— Ей, бала, ер жігіт бұлайша жатпайтын, тұр орныңнан. Осыдан шығысқа қарай он шақырым жер жүрсең алдыңнан алма бағы жайқалып өсіп, бұлбұл құсы сайрап тұрған баққа кез боласың, соған барып жан шақыр, — дейді. Бала ұйқысынан оянып алады да түсіндегі көрген шалдың айтуымен жүріп келе жатып, мәуе баққа кез болады. Суын ішіп, шырынын жеп отырып, ұйықтап қалады. Қайта оянса басына екі мүйіз шығып қалған екен. Бала сасқалақтап жылап отырғанда бір шал келіп баладан жөн сұрап, әбден танысады. Шал балаға жаны ашып:

— Қарағым, ер адам көз жасын көрсетпес болар. Көз жасыңды тый. Менде өзің сияқты жетім шал болдым. Мынау дәудің бақшасы. Мен сол бақшаның күзетшісімін. Осы дәу мені алып кеп бақшасын бақтырып отыр. Егер дәу келіп қалса, сені жеп қоюуы мүмкін, сондықтан тез кет. Мына шырынның жерге түскен қабығын жесең, басыңдағы мүйіз түсіп қалады, — деп бір уыс шырынның қабығын береді. Балаға бір дорба шырын салып беріп, оған қоса бір уыс шырынның қабығын беріп, шал аттандырып қоя береді. Бір жерге келіп дем алып отырғанда солтүстік батыс жағынан қап-қара қою шаң қығады. Бала бұл шаңға таң болып тосып отырғанда әлгі қою шаң мешітке келеді. Бұл жаңағы Жәмен ханның баласының қолы екен. Бала жөн сұрап сәлем бергенде олар мұны мазақтап тәлкек қылады. Баланың дорбасындағы шырынды көріп ханның ұлы сат деп жабысады.

— Егер ұйықтап қалатын болсаң, жеуші болма. Онда пәлеңнен аулақ! — деп басын ала қашады. «Бір уыс шырын жеп, бір күн ұйықтайтын боқ мұрын біреу ғой, — деп отырмысың, — сен, кәне, әкел», — деп тартып жейді. Ханның ұлы шырынды ішеді де балбырап ұйықтап кеткенде мүйіз шығып қалады. Күйеуді ертіп келе жатқан бас уәзір бұған қатты қысылады. «Әйел алмақшы боп келе жатқан күйеуі мынандай күйге түскенде әлгі қыз қайтып бұны менсінсін» деп іштей күйзеледі. Ол қалың нөкерлерімен сөз келісіп: «Бұны осы қалпымен күйеу қып апарамыз десек, ел бетіне қарағысыз қылады. Осы еріп келе жатқан көптің бірін ханзадалыққа таңдайық та, соны күйеулерің деп көрсетіп қойып, әбден елге барғаннан кейін өз әйелін өзіне алып берейік», — деп келіседі.

Қалың қолдың ішінен жігіт таңдаса, ханзада кейіпті бірде-бір адам шықпайды. Қайта әлгі жолдағы ілескен бала ханзадалыққа әбден жарап тұрған бала екен. Ақыры баланы жалдап алуға келіседі. Бала бірден көне кетеді. Жұрт отырып құданың шаһарына келгенде құда-құдағилары алдынан шығып күтіп алады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, қызын аттандырмақшы болады. Жігіттен айырылған қыз әбден жүдеп, сүзектен тұрған адамдай бетінде ешқандай қан сөлсіз қалған екен. Жеңгелері қызды күйеуге көрсетеміз деп алып кіргенде, қыз ханзаданың орынында отырған алдыңғы өз ғашығын көреді де сұлық тұрып қалады. Дәл осы кезде бетіне өртше лаулап қан жүгіреді. Қыз бен жігіт мауқын басып уағда жасайды. Әкесі құрап алған атты заң түрде алмасаң біздің бағымыз ашылмайды дегенді жігіт қызға түсіндіреді. «Атты алған соң, мына, біздің бас уәзірімізге өз бетіңмен келіп шарт қой. Шарт қойғанда: еліңе барған соң сарайдың сыртқы қақпасынан кіргенде бір елеген алтын, бір елеген күміс шашсын. Екінші қақпасынан кіргенде екі елеген алтын, екі елеген күміс шашсын. Үшінші қақпасынан кіргенде үш елеген алтын, үш елеген күміс шашсын. Ал халық осыған айланысқан кезде алғашқы шашу кезінде ағаш атты маған бер. Екінші шашуында атты мен құрып үлгеремін. Үшінші шашуында екеуміз ұшып үлгеретін боламыз», — дейді бала.

Ақыры Жәмен ханның адамдары еліне келіндерін алып келеді. Айтқандағыдай жаңағы үш қақпадан өткенде жігіт қызды алып қашып, аспанға ұшып тайып тұрады. Бала еліне келе салысымен әкесінен ағаш шеберін сұрайды. Хан оны түрмеге жауып тастаған екен, оны түрмеден шығартып, алтын-күміспен сыйлап, үйіне салтанатпен қайтарады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, барша мұратына жетіпті.