Әдебиет
Хан мен жігіт
Бір байдың жалғыз баласы бар екен. Ол қалыңдық іздеп, ел аралап келе жатып, сандық теңдеген екі кісіге кез болады. Жігіт:
— Ой, туыстар, андағы сандығыңызды саптайсыздар ма? — дейді.
— Алам десең ал. Бізге астыңдағы қара жорғаңды бер де осыны ал, — дейді. Жігіт екі жолаушыға астындағы атын түсіп береді. Екі жолаушы жігітке ескертіп:
— Егер біз далдаға түспей ашатын болсаң, алдағы сандық саған баянды болмайды. Ондай болса бізге өкпелеме! — деп тапсырады да екеуі жортып жүріп кетеді. Екі жолаушы далдаға түскеннен кейін сандықты ашса, ішінен бір айдаһар шығады. Жігіт сасқанынан сандықты лақтыра сап қашады. Айдаһар жігітті қуып жетіп: «Сен менен қашушы болма, он жыл бойы мен осы шорыннан (түрмеден) шыға алмап едім. Маған жарық дүние көрсеткен саған мың мәртебе рахмет! Ал сен менімен ілесіп біздің елге барасың, мен сені әке-шешеммен таныстырам. Мен біреудің жалғыз ұлы едім», — деп жігітті ертіп еліне келеді.
Айдаһардың елі ханының баласын тауып әкеп бергеніне қатты қуанып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп аттандырмақшы болады. Дәл осы кезде айдаһардың ханы қатты науқастанады. Ашуланба деген бақсы көріп:
— Сіз өз байынан басқа бірде-бір ер адаммен ойнап күлмеген әйелдің қалжасына сойылған көкқасқа тұсақтың оң жақ бүйрегін жеңіз, жазыласыз, — деп айтады.
Енді бұны кім табады дегенде, «бұны айуанаттар дүниесі емес, адам баласы табады» деген соң жаңағы жігітті соған іздетуге жұмсайды. Жігіттің астына ақ тұлпар мінгізіп, қолына ақ айна береді. Осы айнаны әйелдерге салғанда, маңдайының нұры бар әйел болса, дәл өзі деп түсіндіреді. Әлгі жігіт көп іздеп ештеңе таппай, енді ертең қайтам деп ойлаған күні бір қараша үйдің әйеліне айнаны салса, маңдайының нұры бар екен. Әлгі әйел дәл сол күні үйде босанып, оның қалжасына көкқасқа тоқты сойылады. Сөйтіп, тоқтының оң жақ бүйрегін алып кеп, айдаһардың ханын өлім аузынан алып қалады.
Жігіт қайтарында айдаһардың ханы қатты риза боп: «Өзімді бір, баламды бір рет өлім аузынан алып қалдың. Енді тілегеніңді ал», — дейді. Жігіт ақ тұлпар мен айна алған соң оған қосып көк домалақ тасты тағы қосып береді.
Жігіт ел жерді аралай жүріп отырып, қалыңдығын айна салып іздеп жүріп тауып алып, еліне келеді. Еліне келсе шешесі әбден қартайған, малы құрыған, үйінде жан дегенде бір ит, бір мысық қана қалыпты. Айдаһар елінен келген жігіт Құдайдың құдіретімен күн сайын байып, қорасына қой салып, үйірімен жылқы айдап, желісімен сиыр сауа бастайды. Оның алған әйелі де күн десе көзі, ай десе аузы бар асқан сұлу адам болады. Бұл жалғыз жігіттің келе сап мұншалықты байығанына ол елдің ханы, қатты таңқалады да, мұнда қандай бір сыйқырлық бар деп ойлайды. Ол өзінің уәзір көмекшілерін неше рет жібергенімен жігітте не сиқырлық бар екенін таппайды. Ақыры бір мыстан кемпірді жіберіп:
— Сол жігітте не сыйқырлық бар, соны біліп кел! — дейді. Кемпір жігіт аңға кеткен кезде әйелімен келіп әңгімелесіп, өзінің бар өмірін айтып, зар илеп іші-бауырына кіріп кетеді. Ол сүйтіп күйеуінің «еш адамға көрсетпе» деген көк тасын алып көрсетеді. Міне, осы тасты жаңағы мыстан ұрдап ап, ханға әкеп береді. Сол күннен бастап жігіттің малы кеміп, өле бастайды да хан онан әрмен байи бастайды. Әбден құныққан қорқау хан жігіттің әйеліне ләпсісі түсіп, жігітті құртып жіберіп, әйелін өзі алмақшы болады да жігітті «Шәмшәріп деген бір перінің жалғыз қызы бар, соның айнасы мен тарағын ұрдап әкел», — деп жұмсайды. Жігіт әйелі Күлмесханға кеп, болған оқиғаны білдіреді. Күлмесхан ханның қандай қулықпен жұмсап отырғанын білді де, Шәмшәріпке қағаз жазып жібереді. Күлмесханмен Шәмшәріп екеуі асқан дос екен де, екеуі де бір кісіге әйел болуды жастайынан армандайды екен. Жігіт Күлмесханның қағазын Шәмшәріпке әкеп береді. Шәмшәріп хатты алып, жігітті көріп ғашық болады. Жігіт пері қызды тарағы мен айнасымен қосып үйге алып кеп, ертеңіне ханға барып, тарақ пен айнаны береді. Хан енді жігіттің екі сұлу әйеліне бірдей көңілі кетіп, жігітті тағы бір жаққа жұмсайды.
— Ойбай, мен ауырып қалдым, бақсы-балгерлерге көрсетсем, жеті жылғы ту маралдың сүті керек дейді, соны әкеп бер, — деп тағы жұмсайды. Бұл оқиғаны жігіт әйелдеріне кеп білдіреді.
Шәмшәріп перінің патшасына қағаз жазып беріп:
— Осыдан жүріп отырып, жүріп отырып Қап тауына бар. Қап тауының оңтүстік батысында Қазантолмас дейтін үлкен сайдың басында қалың орманның ортасы тазығыр (ағаш шықпаған) жерге барсаң, дәл ортасында бір қазық көрінеді. Дәл сол қазықты суырып алсаң, перінің патшасы шығар. Сол саған жеті жылғы ту маралдың сүтін тауып береді, — деп ұқтырады.
Жігіт Шәмшәріптің айтқаны бойынша барып қағазын тапсырып, жеті жылғы ту маралдың сүтін әкеп ханға береді. Әбден қапаланған хан жүз түйе сексеуіл әкеп өртеткізеді де: «Мынаның ішіне әкемнің жүзігі түсіп кетті, соны алып шық» — деп жігітті отқа салып жібереді. Дәл осы кезде пері тұқымы Шәмшәріп жігітті оттан лезде қағып алады да, үйіне апарып жатқызып қояды. Түн ішінде күл суып болды-ау деген кезде жігіттің қолына бір жүзік, бір қап алтын беріп, күлге апарып көміп тастайды. Таңертең ел қайта жиналып келген кезде от әбден сөніп біткеннен кейін жігіт ұшып түрегеледі де:
— О, тақсыр, о дүниеден сіздің әкеңіздің жүзігін таба алмадым, өз әкемнің жүзігін ғана таптым. Барсаңыз әкеңізді де, жүзігін де табасыз, аруақтардан неше қап алтын-күміс те аласыз. Сіз кеп «дүние алып кетсін» деп әкеңіз дұғай сәлем жолдап, шақыртып жіберді, — дейді.
Дүниеге құныққан хан жүз түйе сексеуіл арттырып алып кеп өртеттіріп, өзі отқа түседі. Өстіп ханекең о дүниеге кетеді де, жас жігіт мұратына жетіп, жақсы өмір сүріпті.