Әдебиет
Қасқырдың жасаған қамқорлығы
Ерте заманда шағын шаруалы бір адам өмір сүріпті. Оның үш баласы, әйелі, өзі, одан басқа ешкімі болмапты. Балаларының есімі бір-біріне ұқсас болыпты. Ең үлкен баласының есімі Қапты, ортаншы баласының есімі Бапты, кіші баласының есімі Сақты болыпты. Осы адамның өзінің бағы болған, алмалары өте ірі болған. Сонан Қапты, Бапты, Сақты үшеуі күн сайын алма бақ ағашын күзетіп жүріпті. Күн сайын ағаштан біртіндеп алма жоғала береді. Сонан бір күні алма ағашын күзетуге Қапты, Бапты, Сақты үшеуі келсе, бір құс алманы шоқып жеп отыр екен. Үшеуі шап беріп құсты ұстап алады. Құс зорға талпынып, бір қанатын жұлдырып ұшып кетеді. Сонан үшеуі үйіне келіп, әкесіне көрген уақиғаларын баян етеді. Сонан алманы жеп жүрген мына құс деп, құстың жалғыз қанатын әкесіне әкеп береді. Ол Қанат жай қанат емес, алтын қанат болады. Сонан әкесі отырып мынаны айтады.
— Егер менің балам болатын болсаңдар, мен сендерге осы құсты әкелуді тапсырамын. Қайдан тапсаңдар да, табыңдар. Егер таба алмасаңдар, үйге қайтып келмеңдер, — депті.
Үш баласы әкесінің айтқанын екі етпей, ас-суларын алып, әке-шешесімен қоштасып, құсты іздеп табуға жолға шығады. Сонан үш ағайынды жігіт бір жолмен жүріп отырады. Бір қырдың саласына келіп кеңес қылады. Қапты тұрып үлкендігін көрсетіп, мынаны айтады:
— Біз үшеуміз бір жүрсек, еш нәрсе де таба алмаймыз, одан да үшеуміз үш бағытқа кетейік. Біріміз батысқа, екіншіміз шығысқа, үшіншіміз құбылаға кетелік, сонда ғана біз ол құсты іздеп табамыз, — дейді. Ағаның сөзін ақыл деп, қалған екеуі қостап, үшеуі үш жаққа айрылып кетеді. Сонан үлкені батысқа, ортаншысы құбылаға, кішісі шығысқа бағыт алып жүріп кетеді. Бірнеше күндер өтеді. Қапты мен Бапты жолығысады. Сонан екеуі қалған күн жолдас болып, бір жүріп іздеуге ұйғарады. Сүйтіп, екеуі бірігіп бір бағытқа кетеді.
Сақты күн жүріп, түн жүріп сәске түстің шағында бір үш айрық жолға кездеседі. Жолға көзін салып қараса, мына жазулар жазылған екен: «Оң қолдағы жолға түссе, өзі өлер; сол қолдағы жолға түссе, аты өлер; турасына түссе, барса келмес», — депті. Сонан Сақты ойланып, өзіне-өзі кеңес береді. «Егер өзі өлерге түссем, өзім өліп, атым артымда қалады, онда не болады. Егер барса келмеске түссе, барсам келмеймін, елімді, ата-анамды көрмеймін, онда не болады. Ал, егер аты өлерге түссем көп болса, атым өліп жаяу қалармын!». Сол ақылмен аты өлерге түсіп, жүріп кетеді. Біраз жүргеннен кейін бір сайға келеді. Осы сайға келгенде бір қасқыр шығады. Қасқыр өзін аударып тастап, астындағы атын жарып өлтіріп, тойғанынша етінен жеп, өзі жайына кетеді. Сақты жаяу қалған соң жылап алға қарай жүре береді. Біраз жер жаяу жүрген соң одан әрі қайда барарын білмей тұрып қалады. Сөйтіп, тұрғанда манағы қасқыр Сақтыға қайтып келіп, адамша сөйлеп жөн сұрайды. Сақты алыс сапарға бара жатқанын айтып, «Енді қайда барарымды білмеймін, жаяу қалдым» — дейді. Сонда қасқыр тұрып:
— Мен саған обал еттім. Алыс сапарға бара жатқаныңды білмедім. Кел арқама мін, адастырмай керегіңді тауып берейін, — дейді.
Сақты иланбай тұрып қалады. Қасқыр: «Шын айтамын, саған зиян келтірмеймін арқама мін», — дейді Қасқыр. Сонан Сақты қасқырдың арқасына ат қылып мініп алады. Күн жүріп, түн жүріп, бір ауылдың жанындағы терең сайға келеді. Қасқыр Сақтыға түс дейді. Сақты қасқырдың арқасынан түседі. Қасқыр тұрып мынаны айтады: «Анау тұрған биік ақ үйге бар, есігінен кір. Торы сондай безенген әдемі болар, сен қызығып сипап жүрме. Оң жағыңа қарасаң, бұрышта қонып отырған құсты көресің. Соны ал да, кейін мұнда кел. Ал, егер торды сипасаң сені күзетшілер ұстап алады», – деп қасқыр Сақтыны құсқа жіберді. – Мен сені осы сайда күтіп тұрамын, — дейді. Содан Сақты ақ үйге кіріп барады. Кірсе, оң жақ бұрышта құс қонып отыр екен. Құсты алайын деп бара жатып қызығып кетіп, торды сипап қояды. Сонан қоңырау даусы саңқ ете түседі де жан-жақтан күзетшілер келіп Сақтыны ұстап алады. Күзетшілер: «Сен бұнда не үшін келдің?» — дейді.
— Мені осы алтын құсты әкелуге іздетіп, әкем жіберді, — дейді Сақты.
— Сен біздің айтқанымызды орындасаң, саған бұл құсты берейік, — дейді күзетшілер.
— Орындайын, не іс тапсырасыңдар, — дейді Сақты.
Күзетшілер тұрып:
— Қарақан деген терең сайдың жағасында күмбездеп соққан бір сарай бар. Сол сарайдың ішінде жалы күміс, құйрығы алтын байлаулы тұрған бір айғыр бар. Сол айғырды бізге әкеліп берсең, біз саған құсты береміз, — дейді. Сонымен Сақты жүгіріп Қасқырға келеді, келіп, болған оқиғаны көрген-баққанын түгел айтады.
Қасқыр Сақтыны үстіне мінгізіп алып, «айғыры бар үй қайдасың» деп, жортып жүріп кетеді. Сонан күн-түн жүріп, бұлар адаспай Қарақан сайына жетеді. Келіп отырып дем алады. Қасқыр тағы да ақылын айтып, Сақтыны айғырды әкелуге жұмсайды:
— Осыдан барасың, барып күмбезді сарайға кіресің, кіріп барғанда қарсы алдыңда байлаулы тұрған айғырды көресің, жан-жағыңа бұрылма, жарға, жанға ұрынба, айғырды шешіп ал да, кірген ізіңмен кейін шық, — депті.
Сонан Сақты айғырды әкелуге сарайға бет алып, жүріп кетеді. Күмбезді сарайға жетіп, есігін ашып, ішіне кіріп келеді. Келсе, алдында байлаулы тұрған күміс жалды, алтын құйрықты айғырды көреді. Жанына қарап күмсандап сырлаған жарды көріп қызығып, сипап қояды. Сонан қоңырау шылдыр ете түсіп, күзетшілер келіп Сақтыны ұстап алады. «Сен не ғып жүрген жансың», — деп, жан-жағынан сұрау қойып қыспақтай бастайды. Сақты:
— Мені мұнда сақшылар жұмсады, осы атты әкелсең алтын құсты береміз деп айтты, сондықтан мына атты алуға келдім, — деп жауап береді. Күзетшілер: «Біз саған бұл атты береміз. Егер сен бізге Көк дария жағасында, Көкше таудың арасында таумен таласқан үлкен бір үй бар, сыртын алтын, күміспен жалатқан. Сол үйдің төбесінің үстінде биікте бір сұлу қыз бар, сол қызды әкеліп берсең, айғырды саған береміз», — депті. Сақты күзетшілердің айтқан сөзін ұғынып, күтіп тұрған жолдасы Қасқырға келеді. Келіп бар көргенін айтып түсіндіреді. Қасқыр ашуланып, «айтқан тілді алмайсың» деп, «кел арқама отыр, тағы жүрелік» деп, қызды іздеп жүріп кетеді.
Күн-түн жүріп Көк дария жағасына, Көкше таудың арасына келіп жетеді. Қасқыр Сақтыға: «Сен осы дария қасындағы тау етегінде күтіп тұр, мен өзім барам, сені екі рет жұмсадым, ештеңе ұқсатпадың», — деп қызды әкелуге Қасқырдың өзі барады. Барса, айтқан үй алдында тұр екен. Келсе үй биік, үй басына сатымен шығады. Содан Қасқыр үйдің басына шықса, қыз ұйықтап жатыр екен. Еш нәрсе сездіртпестен қызды сандығымен көтеріп жерге түсіп, Сақтыға келеді. Келіп: «Жүр кетеміз, арқама отыр», — дейді. Сонан қызды бар затымен, Сақтыны қосып, арқалап манағы ат беретін сайға келеді. Қасқыр Сақтыға: «Сен мені қыз етіп ертіп алып бар, мен қазір қыз болайын», — дейді. Сақты мақұл деп, ертіп алып, ат берер жерге келеді. Қасқыр жолда келе жатып Сақтыға мынаны айтады: «Сен атты ал да, мені тастап жүре бер, мен сені қуып жетемін. Егер тойға отыр десе, отырма», — деп ақыл айтыпты. Сонымен манағы күзетшілерге келіп, «қызды» беріп, атты алып, өзінің жолдас қызының қасына келеді. Келіп амандасып, жөн сұрасып, танысып, қызға ғашық болады. Сонан екеуі ілгеріге бет алып, біраз жол жүрген соң Қасқырды күтіп жатады.
Бірнеше уақыт өткеннен кейін, Қасқыр той басталып, күзетшілер қызған шамада тұра қашады. Артынан қуғанды алып ұрып, бұрынғы Қасқыр бейнесіне келіп, белестен асады. Сөйтіп, салып отырып Сақтыға жетіп келеді. Келіп: «Жүр, ілгері», — деп атқа сандықты артып, қызды мінгізеді. Сақтыны өз арқасына отырғызып, атты жетектеп ілгері асып, белді басып, адаспай құс алатын сайға келеді. Сонан Қасқыр тағы да: «Мен айғыр болайын, мініп бар да мені тапсырып, құсты ал да кейін қайт, бірақ мені күт», — депті. Сонан Сақты ат болған Қасқырды апарып тапсырып, өзі құсты алып ғашығының жанына келеді. Келіп ойнап-күліп, сөйлесіп, Қасқырды күтіп отырады. Содан біраздан кейін Қасқыр жүгенін сыпырып, сездірместен сытылып, сарайдан шығып, қыз бен Сақтыға келеді. Келіп біраз жер ұзатып, мына сөзді айтады:
— Мен енді қаламын, сен менің айтқан сөзімді тыңдасаң, қалған жолыңда үйіңе аман барасың, — депті.
Сақты «тыңдаймын» деп, Қасқырдың сөзін мақұл алады. Қасқыр сөзін бастап, мынаны айтады.
— Саған жолда екі қатер бар, содан өтсең аман барасың, — дейді. Оның біреуі мынау: күн сондай ыссы болады, шөлден келе жатқан кезіңде алдыңнан бір өзен су тап болады. Сонда су ішкің келер, бірақ төзіп бақ, су ішпе, — дейді. Одан өтіп бірнеше күн жол жүрген соң, шөлің басылып енді ұйықтағың келеді, сөйтіп, келе жатқанда алдыңнан бір үлкен бәйтерек кездеседі. Түбі көк шөп, салқын, бірақ сол теректің түбіне ұйықтама, ұйықтасаң аман болмайсың, міне, осы екі қатерден кетсең менің айтқанымдай үйіңе аман барасың, — деп, Қасқыр сөзін аяқтапты. Сөйтіп, қош айтысып, жолға салып жөнелтіп, Қасқыр өз жайына кетеді.
Сақты ғашығы мен затын атқа өңгеріп, жүріп кетеді. Күн жүреді, түн жүреді. Күн сондай ыссы болады, өтте қатты шөлдейді. Сөйтіп, суды қайдан табамын деп келе жатқанда, алдынан өзен суы тап болады. Сақты атты суарып, енді өзі де ішкісі келеді. Бірақ, қыз Сақтыға бұл судан ішкізбейді. Сонан өзеннен өтіп жүріп кетеді.
Енді шөлдері басылып, шаршап ұйықтағылары келеді. Сөйтіп, болдырып келе жатқанда алдарынан бір үлкен бәйтерек ұшырайды. Сақты осы теректің түбіне демалып жатқысы келеді. Жолдас қызы бұған да ерік бермейді. Бірақ қыз сөзіне құлақ қоймай, теректің түбіне келіп, демалып атын тұсап, ұйқыға кетеді. Сонан біраз уақыт өтті дегенде Сақтының екі көзі шым ете қалады да құлағы дың ете қалады. Шошып оянса, екі көзі жоқ, үңірейген орны тұр, айналасын сипаса, қасындағы қызы жоқ, сөйтіп, Сақты бар затынан, атынан айрылып, су қараңғы соқыр болып қалады. Сонан барар жер, басар тау таба алмайды.
Біраздан кейін баяғы Қасқыры келіп: «Менің айтқан тілімді ешқашан да алмадың, көзіңнен айрылдың», — деп алдына алып, бір уыс топырақпен көзінің орнын уқалап, жарқыратып екі көз салып жібереді.
Сонан Сақты болған оқиғаны Қасқырға түгел айтып түсіндіреді. Қасқыр: «Ғашығыңды, құсыңды, атыңды, затыңды қазір табамыз, кел арқама мін», — деп, мінгізіп алып, жалмауыз кемпірді іздеп, жортып жүріп кетеді. Қырқадан, белден, асудан, таулы орман, сулардан асып, талай жерді басып, бір қосқа кіріп келеді. Келсе, Сақтының көзін ойған жалмауыз кемпір алдарында, іс істеп отыр екен. Сонан Қасқыр тап беріп:
— Қазір өлтіріп, жеймін, жаныңның барында айт: ат, қыз, зат қайда, тап! — деп, кемпірдің жағасынан ала түседі. Сонан жалмауыз қорқып, зәресі ұшып, буыны қалтырап, бойын билей алмай жаны мұрнының ұшына келеді. Кемпір тұрып: «Айтайын, тек жанымды қалдыр», — деп, сөзін бастайды. «Заттарың түгел менің баламның қолында — құс та, ат та, қыз да, зат та. Оны Заңғар судың жағасынан, қалың қамыс арасынан табасың», — деп жауап береді.
Сонан жөнін біліп алып, кемпірді екі бүктеп отқа салып өртеп, жалмауыздың баласы қайдасың деп жүріп кетеді.
Бірнеше күн жүріп Заңғар суының жағасына келіп жетеді. Алдарында аспанмен таласқан тамаша бір үй тұрады. Сол бетімен бұлар үйге кіріп келсе, қыз үйде отыр екен. Қасқыр мен Сақтыны көрген ол жүрегі аттай тулап көзі жайнап алдарынан қарсы шығып, құрмет көрсетеді. Сонан «жалмауыздың баласы қайда?» деп сұрайды.
Қыз мынаны айтады: «Шешесін өлтіргендеріңді естіп, жұмыртқа болып алтын құстың астына, қамыс арасындағы ұясына кіріп сендерден қорқып жатып қалды», — деді. Қасқыр мен Сақты келіп, қамыс арасынан ұяны тауып алып, алтын құстың астын ақтарып қараса, бір үлкен жұмыртқаны көреді. Сақты оны қолына алып, әрлі-берлі жайлап қыса бастайды. Бала: «Өлтіре көрме жаншып, құлың болайын», — деп жалынады. Қасқыр: «Босқа жалынба, жалмауыз тұқымына қайырым жоқ», — деп, қатты қысып жарып, жалмауыздың баласының жанын алып, жай таптырады. Сонан соң қызды, құсты, атты, затты түгелдеп алып, Қасқыр Сақтыны адаспастай етіп бастап, жолға салып, енді осы жолмен тіке жүріп еліңе барасың, ата-анаңды табасың деп, қош айтысып, кетпек болады. Сақты Қасқырға мынаны айтады:
— Сен маған қайырым жасадың, адасқанда жолға салдың, еліме аман-есен жетуіме үлкен көмек көрсеттің, жүр менімен, қонақ боласың, үйден не қаласаң соны аласың, — деп, Қасқырды жібермепті. Бірақ Қасқыр: «Қонақ болмаймын, саған да көп рақмет, сен маған ренжіме, әуел баста атыңнан аударып атыңды алып жаяу қалдырдым. Сондықтан бір істеген қателігімді, міне, бірнеше рет жақсылықпен жойып отырмын, — деп сөзін аяқтады. — Басыңа қиындық іс түссе, қажетті болар, — деп, жүнінен жұлып қолына ұстатты. — Керек уақытында осының бір қылын тұтатсаң, мен даяр боламын», — деп, уәдесін берді. Сонымен қош айтысып, Сақты еліне жүреді. Қасқыр да өз жайына кетеді.
Ата-анасы баласының келгеніне қуанып, әкелген қызына үйлендіріп, тойын жасап, жұртын жинап, ас беріп, ақсақалға бас беріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасапты. Күндерде бір күні Сақты аңға шығады. Аң аулап, құс атып, далада жүріп, кештің болғанын да білмей қалады. Қараңғыда адасып, жол таба алмай жүрген шағында бір жалмауыз кемпір тап бола кетіп: «Іздегенім сен едің, сіңлімді баласымен өлтіріп, маған қылған қорлығың аз емес, мен де қазір саған көрсетермін қорлықты», — деп, тісін қайрап, шақылдатып, Сақтыға тұра ұмтылады. Атына қамшы басып, зырқырап, Сақты да тұра шабады. Сақты артына қараса, жетіп қалыпты. Не істерін білмей сасып, етек жеңін басып, ақылынан адасып, қайтадан есін жинады. Төс қалтасынан Қасқырдың қылын алып тұтатты. Түтінін бұрқыратып, қолына ұстап, алға қарай әрі асты, бірер қырды басты. Астындағы ат болдырып, не істерін білмей тұрғанда қасына таныс Қасқыры жетіп келеді. Сақты Қасқырға иіліп сәлемін береді. Қасқыр мен Сақты амандасып болған шамада тісін шақыр-шұқыр қайрап жалмауыз да келіп қалыпты. Сақты: «Жанымды жағама келтіріп, мені қысқан осы жалмауыз, қарасын өшір, достым», — деп, Қасқырға баян етіпті. Қасқыр жалмауызға тап беріп жалмап, етін жұлып қармап, жалмауызды өлтіріп, істің сәтін келтіріп, Сақтыны таянған ажалдан аман алып қалыпты. Сонан Сақты Қасқырға көп алғыс айтып, үйіне қонаққа шақырыпты. Қасқыр қонаққа бармай қош айтысып, «басыңа қиындық іс түскенде әр уақытта әзірмін» деп, өз жайына кетеді. Сақты ажалдан құтылып, аман-сау еліне келіпті. Үйіне келсе, әйелі ұл тауыпты, Сақтының ұлына көңілі толып, бағыма тап болған бақытым деп, есімін Бақытты қойыпты. Сүйгенімен өмірінің қалған күнін ойын-сауық күлкімен өткізіп, ұлы қасында, бақ-дәулеті басында, сөйтіп, мұратына жетіпті. Күндер, жылдар өтіп, өлер кезі жетіп, Сақты сақтылығымен жауынан өлмей жай, тап келген аурумен дүниеден өтіпті. Ал екі ағасынан ешбір хабар болмапты.