05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Ахметжан






Баяғыда Тоқсанбай деген атқан оғы жерге түспейтін бір мерген болыпты. Оның жасынан бергі кәсібі аңшылық екен. Жұрт оны мерген деп есептесе де, ол өзін шын мерген екендігіне сенбейді екен. Тоқсанбай жетпіс жастан асқанда аңшылықты шорт тоқтатыпты. Мылтығы жиырма жыл ілулі тұрыпты. Тоқсанбай тоқсанға келгенде өзінің мергендігін сынамақ болып, мылтығын сүртіп тазалап, атына мініп, аңға шығыпты. «Егер атқан оғым әлі тиетін болса, онда оғым жерге түспейтін болғаным, үйткені әзір қарауылды көретін көз де қалмады. Әдеттегі мерген болсам, бұл жолы оғым тимейді» деп ойлайды.

Иенде жалғыз келе жатқан Тоқсанбай жайылып тұрған бір маралдың үстінен түседі де, абың-күбің мылтығын серт ұстап, маралды атып қалады. Марал оқпен бірге түседі. Тоқсанбай жантаңдай жүгіре басып маралды бауыздап алады. Жас кезіндегі әдеті бойынша, маралдың ішін де жармастан төсінен іреп жіберіп, төстігін сыпырып алып, қақтайды.

Тоқсанбай төстіктің қанды сары суы әлі әбден тарап болмаған жерінен бір кесіп аузына сала бергенде, әлгі бір жапырақ ет жерге түсіп кетіпті. Тоқсанбай «бісімила» деп етті қайта ала бергенде, ет ыршып барып, кесіп алған орнына жабыса қалыпты. Онымен қоймай марал тұра салып, қаша жөнеліпті. Мұны көрген Тоқсанбай өз көзіне өзі сенбей, аң-таң болыпты.

«Болмағанда жөнін біліп қалайыншы» деп Тоқсанбай маралға:

— Ей, марал, жөніңді ұқтырып кет, аңбысың, әлде сайтанбысың» деп айқай салыпты. Қайрылып тұра қалған марал:

— Менің жөнімді Ахметжаннан сұра! — деп кете барыпты.

Тоқсанбай аң-таң болып үйіне қайтыпты. Маралдың жөнін білу үшін алыс-жақыннан Ахметжан атаулыға түгел сөйлесіпті. Бірақ, маралдың жөнін білетін бірде бір Ахметжан болмапты. Шал әбден дағдарыпты. Сүйтіп жүргенде, алыстан бір ауыл осы жерге көшіп келіп қоныстаныпты. Ауыл бастығы ақсақал шал — Ахметжан дегенді естіп, Тоқсанбай бір тай ерулік алып, Ахметжанның аулына амандаса барыпты. Ахметжан қонағын ізет құрметпен қарсы алады.

Ертесі Тоқсанбай аттанарда Ахметжан ол кісінің бұйымтайын сұрайды. Тоқсанбай бар бұйымтайы маралдың жөнін білу екенін айтады. Сонда Ахметжан ақ сақалын ұзақ-ұзақ сылап отырады, бір заманда басын көтеріп отырып:

— Бұл бір ашылмаған сыр еді. Тәңір менің сырымды адамзатқа ашқызу үшін бұл маралды сізге жолықтырыпты. Айтпасам болмас, мұның мән-жайын айтып берейін — депті де әңгіме бастайды. «Жас кезім еді. Әкем бір байдың қызына маған құда түсті. Кейін қайныма ұрын бардым. Қайынымның ауылы қалыңдығым екеумізге бөлек отау тігіп қойыпты. Қыздың жеңгелері мені отауға ертіп барды. Қалыңдығым да жанаса кетіп, мені қасына отырғызды. Жеңгелерім кеткен соң саусағынан бір алтын жүзік шығарып алды да оған «Сарала қамшы болып кет!» деді. Жүзік сарала қамшы болды. Сарала қамшыны салмақтап тұрып «Бүркіт болып кет!» деп мені тартып кетіп еді, мен келіскен қыран бүркітке айналдым да кеттім. Сонсоң ұшып барып отаудың шаңырағына қонып отырдым.

Қалыңдығымен жатқан жігітке кім көз сүзбейді, тұра салып солай қараған ел: «Шаңырақта бір бүркіт отыр», — деп таң атқан соң шулай жөнелді.

Басқалардың айтқан сөзін ұққанмен қайтарып айтатын тіл мен де жоқ, амалсыз қалықтап ұшып ұзаққа кете бардым. Сол бетіммен ұшып отырып, ас беріп жатқан бір ауылдың үстінен шықтым. Келіп бір байдың шаңырағына қондым.

«Мынау қыран бүркіт екен», — деді де бай мені қайырып, аңға салды. Көзіме көрінгеннің бәрін алдым. Бай барған сайын байый берді. Сонымен бай менің күтімімді онан әрі жақсартып, аяқ бауым мен томағамды түгелдей алтынмен құймалап тастады. «Қалыңдығым осы алтын томаға мен аяқ бауды көздеп бүркітке айландырған болмасын, қайта барсам, мені адамға айландыруы мүмкін» деген ойға келдім де, томағаны аяғыма қысып, аяқ баумен аспанға бірақ шықтым. Самғап отырып қалыңдығымның отауының шаңырағына келіп қондым. Қыз мені түсіріп алып:

— Иә, жануарым, келіп қалдың ба? — деп жонымнан сипап аяқ баумен томағаны алып алды. Мен үміттеніп қалып едім, үмітім селге кеткендей болды. Баяғы жүзігін алып шықты да сарала қамшыға айландырып, «Енді ит болып кет!», — деп бір тартып кетті. Сол-ақ екен, жуан көкала төбетке айландым да, есіктен шығып кете бердім. Тың-тыңдап ауыл маңынан кетпей жүре бердім. Бір күні қыз жігіттерге:

— Ауылда жүрген бұралқы иттерді түгелдей өлтіріп тастаңдар, — деп тапсырады. Мұны естіген мен дереу өлімтігімді көрсетпей тайып тұрдым.

Сол бетіммен барып бір топ қамысты мекендедім. Әр күні түнде шығып, сол маңдағы ауылдың қазанындағы сүтін ұрлап ішіп күн көрдім. Бір күні бір үйдің сүтін ұрлап ішуге барсам, үй әлі жатпаған екен, үйде бір неше адам сөйлесіп отыр. Әлгі үйдің әйелі:

— Жақыннан бері таза тамақ іше алмайтын болдық, бір ұры ит күнде үйге кіріп сүтімізді ішіп, ыдыс-аяғымызды арамдап кетеді», — деді. Мұны естігендер: «Осы жердегі бір топ қамысты жақыннан бері бір көкала төбет мекендеп жүр. Сірә, қазанға түсіп жүрген сол болар. Біз оны ертең шалмалап, буындырып өлтірейік», — деді. Бұл маң да маған қоныс болмады, басқа жаққа зытып бердім. Жүріп отырып түн ортасы ауғанда сегіз қосты қатар тігіп, неше мың қойды бірақ иіріп тастаған, қойшыларға кезіктім де, қораның ішіне жата кеттім. Бір уақытта қораға қасқыр шапты, жалғыз өзім бір топ қасқырмен араласып, бәрін де алқымдап өлтіріп, қораның айналасына жайратып тастадым. Күзеттегі қойшы ұйықтап қалып, таң атқанда бірақ оянды. Қораның шетіне келіп, өліп жатқан қасқырды көріп, ол аң-таң болды. Анадай жерде дөңде жатқан мені көріп «күшік, күшік» деп шақырды. Құйрығымды бұлаңдатып жетіп келдім қасына. Қойшы мені ертіп қойшыларға келді де көргенін баяндады. Қойшылардың бәрі:

— Көк төбет бізге қонған құт, — деп қуанысты да, итаяққа ас құйып берді. Мұны мен ішпей қойдым. Содан бір жасы егде тартқан қойшы тұрып:

«Біреудің өзімен бірге тамақтанатын ерекше иті болмасын. Қалған етті жылытып, сорпасымен қоса менің саптаяғыма құйып берші», — деді. Қойшылар оның айтқаны бойынша істеген соң, мен ішіп-жеп алдым. Әлгі қойшы:

— Айтқаным келді ме, бәлем, — деп едәуір мардамсып қалды. Содан бастап қойшылар күзетке шығуды қойды. Таңертең асықпай тұрып, мен өлтірген қасқырдың терісін сыдырып ала беретін болды. Арада бір талай күн өтті. Бір күні қойшылардың бірі жұдырықтай алтын тауып алыпты. Бұлар бөлісіп алуға да, біреуі алуға да келісе алмай көп таласты. Содан бір қойшы тұрып:

— Бұл алтынды бөлісіп алсаңдар да, бірің алсаңдар да бәрі бір, бай тартып алады. Оданда мұны көк төбеттің мойнына байлап қоялық. Ит жеті әулиенің бірі ғой. Бұл соның несібесі болу керек. Ол келгелі малымыз аман, жанымыз тыныш болды, — деді.

Мұны естіген мен құйрығымды бұлаңдатып қойшылардың алдына келдім. Әлгі қойшы менің қылығыма қарап «Тауып айтқан екенмін», — деп сөзін толықтай түсті. Ақыры қойшылар бұған мақұл болып, құрым киізден дорба жасап, менің мойныма байлап қойысты. Мен: «Қалыңдығым осы алтынды көздеген болу керек, осыны алып барсам, мені адамға айландыруы мүмкін» деп ойлап, сол күні түнде қалыңдығыма қайта тарттым. Қалыңдығым баяғысындай менің жонымнан біраз сипап отырып, алтынды алды. Онан соң тағы жүзікті сарала қамшыға айналдырып: «Енді мысық болып кет!» деп бір тартып кетті. Көкала төбет күйімнен лезде сарала мысық болып үйден шығып кете бердім. Әбден тарығып, қызға өшіктім. Қыз ұйықтағанда оның көзін шығарып, өшімді алайын деген ойға бекіндім де, ертесінде түнде ұрдалып кіріп, жүктің арасына жасырынып қалдым.

Бір кезде үйге күтуші кемпір келіп, қыздың шашын тарады. Онан соң төсегін салып берді де өзі жатып қады. «Сұмдықтың бәрін шығарып жүрген осы кемпір ғой» деп ойладым да алдымен кемпірдің көзін ағызып жібермек болдым. Бұлар ұйықтаған соң жүктен қарғып түсіп, кемпірдің кеудесіне секіріп шықтым. Кемпір оянып кетіп, көзін шығарғалы отырған маған:

— Ой, сен Ахметжан емессің бе? Менің көзімді шығарма. Сенің не халде жүргеніңді әбден білемін. Мына қыздың көңілдес жігіті бар, әр күні сол жігітпен бірге жатып көңіл ашады. Мұның ойы — сенің көзіңді жою. Сен енді сыртқа шығып, үйдің арт жағында көк жартасқа «Тышқан боламын» — деп бір сүйкенсең, тышқан боласың. Сонан соң ін қазып, оның бір аузын қыздың төсегінің бас жағынан шығарда, түнде аңдып отыр. Әлгі жігіті келген соң екеуі құшақтасып жатады. Мауықтары басылған соң әбден қалжырап ұйқыға кетеді. Сонда сен құйрығыңа сидағы, құйрығыңды қыздың аузына сүйке. Ол кезде жүрегі айнып, қыз құсып жібереді. Түнде аузына салып жататын киелі жүзік құсықпен бірге жерге түседі. Жүзікті дереу іліп ал да, ініңе кіріп кет. Онан соң баяғы көк жартасқа «Ахметжан боламын» деп сүйкенсең, қалпыңа келесің. Жүзік қолыңда болған соң, не істеймін десең, қолыңнан келеді, — деді.

Біраз ойланып тұрдым да «Тышқан болдың не, мысық болдың не, бәрі бір емеспе?! Ең жаманы тышқан болып түгермін. Осының айтқанын бір істеп көрейін», — деген ойға бекіндім де, кемпірдің айтқанын істедім. Істің бәрі кемпірдің айтқанындай болып шықты. Жүзікті қолға түсіріп алғаннан кейін қайын атама бардым. Үстіп жүріп арада екі жыл өткен екен.

— «Балам қайда жүрдің?», — деді қайын атам.

— «Жортуылшыларға еріп кетіп, қайта оралғанымша осы болды», — деп қайын атама өтірікті ысқырттым. Қайын атам да қызының көңілі жаман екенін біледі екен, дереу қызының тойын жасап, қырық түйеге жасау жабдық артып, апарып салуға қырық жігіт қызметші беріп, бізді аттандырды.

Жүрерде қайын атамнан «қолғанат қылайын» деп қыздың көңілдес жігітін сұрадым. Қайын атам мақұл болды. Он неше күн жол жүріп, жол ортаға келгенде, әлгі қырық жігітке:

— «Жетекке алған түйелеріңдегі алтын-күмісті қалдырып, қалған жүкпен түйені алып, қайтып кетіңдер» — дедім.

Қырық жігіт қуанысып түйелеріндегі алтын-күмісті тастап, өздері жетелеген түйені жүгіменен алып қайтысты. Алтын күмістің өзі тұп-тура екі түйенің жүгі болды. Баяғы жүзікті алып шықтым да, сарала қамшыға айналдырып, қыз бен қолғанат жігітті «Түйе болып кетіңдер!» деп тартып кетіп едім, бұлардың бірі бура, бірі інген бола қалды. Алтын-күмісті екеуіне артып, үйіме келдім. Келсем әке-шешем «баламыз жоғалып кетті» деп көздері бұлаудай болып отыр екен. Мені көріп олар той жасады.

«Қызды жақтырмай, қалың малға берген екі түйе алтын-күмісті қайтып алып келдім», — деп ел жұртыма өтірік айттым. Жүкті түсіріп алғаннан кейін жүзікті сарала қамшыға айналдырып жіберіп, әлгі екеуіне «Аң болып кетіңдер!» деп тартып-тартып жіберіп едім, бірі — марал, бірі — бұғы болып, орманға кіріп жоқ болды. Сонан қайтып бұларды кезіктірмеген едім. Және ешбір жанға бұл істің жайын айтпаған едім. Сірә, сіз кезіктірген марал қыз осы болу керек», — деп Ахметжан әңгімесін бітіреді.

Тоқсан бай маралдың жөнін біліп, көңілі орнығып, досына рахметін айта-айта үйіне қайтады.