Әдебиет
Қасқыр мен жігіт
Бір байдың сансыз көп малы болған екен. Малының көбі жылқы екен. Бір жылы қыста қар қалың түсіп жұт болып, бай жылқысын алыс отарға шығарады. Қыс өтіп, жаз жақындаса да, жылқысы келмейді, жылқышылардан хабар-ошар болмайды. Бай жалғыз баласын жолдас-жорасымен жылқысын іздетіп жолға аттандырады.
Күндерден күн өтіп, арып-ашып, жылқыны таба алмай жүргенде, іздеушілер бір ескі қосқа келеді. Қостың ішінде шіріген ет, ыдыс-аяқ, тағы басқа заттар жатыр екен. Мұны көрген соң, іздеушілер өз жылқышыларының бұрын қонып аттанған жері екенін топшылайды. Сол жобамен маңайдағы шаттардан, сай-саладан іздеп жүріп, айғыр үйір шолақ жылқыға кездеседі. Сол кезде бір жақтан ағып келіп, бір көк шолақ қасқыр бір қара ту биені иығына салып ала жөнеледі. Мұны көріп іздеушілер тұра қуады. Бәрінен байдың баласы қасқырға бұрын жетіп, ұрмақшы болып төніп келе жатқанда, қасқыр артына қайрылып:
— Тарт қолыңды! — дейді.
Бала есі шығып қалады. Артында қалған қуғыншылар жетіп келіп, балаға:
— Неге ұрмадың! — деп сұрайды.
Сонда бала:
— Қасқыр, «Ұрма!» — деді, — дейді.
— Ойбай, қуайық, ұрмасы несі? Қасқыр сөйлей ме екен? Егерде ұра алмасаң, атты бізге бер! — деп аналар кеу-кеулеп еді, балаға жел бітіп серіктерінің сөзіне еріп, қасқырға тағы бұрын келіп жетеді. Ұрайын деп ұмтылып еді, қасқыр тағы да:
— Ұрма, мен саған жалғыз қарындасымды беремін, — дейді.
Бала тағы да сілейіп тұрып қалады. Артынан қуғыншылар келіп:
— Неге ұрмадың? — деп сұрасады.
— Маған қарындасын бермек болды, — деп жауап қайырады бала.
— Мынау не айтып тұр өзі?! Қасқырдың қарындасы бола ма екен? Түс, астыңдағы атты бізге бер! — деп, жолдастары тұс-тұстан баланы ортаға алады.
Бала:
— Жарайды, енді ұрайын, — деп уәдесін беріп, тағы қуып жөнеледі.
Қасқырға жетіп келіп ұра бергенде, қасқыр тағы да:
— Тарт қолыңды! Жігіт болсаң, маған еріп, үйге жүр, жалғыз қарындасымды алып қайт, — дейді.
Бала тағы тайсалып қалады. Артынан келген жолдастарына:
— Сендер енді қайтындар! Мен осы қасқырдың үйіне барып, қарындасын алып қайтам, — дейді.
— Қой, барма, қарағым, — деп жабысқандарына қарамайды.
— Енді қасыңа жолдас ертіп ал, — десті жолдастары. Бала оған да көнбеді.
— Өй, қарағым-ау, сенің денің сау емес шығар. Қасқырдың қызын алғанды қай атаңда көріп едің? — деп еді, бала бұған да тоқтамады.
— Менде жұмыстарың болмасын, байға сәлем айтарсыңдар, мен сол қасқырдың қарындасын алып қайтам, — деп жүріп кетті.
— Жарайды. Бұған шара болмас! — деп, жолдастары кейін қайтты.
Бала қасқырдың соңынан еріп кетеді. Қасқыр бір иіннен келіп түсіп, биені көтерген бойынша бір үңгірге келіп кіреді. Үйден бір қаншық қасқыр шығып, баланың шылбырына жабысып, атын байлайды. Атын байлап үңгірге алып кіреді. Іннің аузында жатқан өңкей бөлтіріктер ыңырсып, анталап тұра жүгіріп еді, баланың қасындағы қаншық қасқыр «қыңқ» ете түскенде, бөлтіріктер тегіс жатып қалды. Онан екінші бөлмеге кірді. Онда кірсе, бір көкжал қасқыр мен кәрі өлекшін ырылдап, тұра ұмтылды. Өзін ертіп келген қасқыр төргі үйден шыға келіп:
— Қойыңыздар! Жалғыз балаларыңның күйеуі осы болады. Қыстайғы жеген жылқы еті осы жігіттің жылқысы болатын, — дейді.
Екі үлкен қасқыр шегініп барып жатты. Қасындағы қаншық қасқыр баланы ертіп алып келіп, арсалақтап бір оңаша бөлмеге әкеп кіргізді. Түрлі тамақ дайын болды. Жігітті сырттан ертіп келген қаншық қасқыр бәрін жайлап беріп, тамақ ішкенде жігіттің жанына келіп отырды.
Кеш болды. Күн батысымен әлгі қаншық қасқыр төсек салып, жігітке шымылдық құрып, оңаша тастайды. Өзі алдыңғы бөлмеге шығып кетіп, бір бұраң қаққан ақ қаншық қасқырды алып келеді. Екеуін таныстырады.
— Мынау қалыңдығың... Мынау күйеу, — дейді.
Сонан соң бұрынғы қаншық қасқыр шығып кетті. Күйеуі төсекке жатысымен-ақ, ақ қаншық қасқыр кебін шешіп тастап, бір сұлу қыз болды да, күйеуінің қасына келіп жатты. Не болдыға жолығып отырған күйеу мұны көріп, қуанып кетеді.
Сонымен бірнеше күндей қызыққа батты, күндіз тілеген тамағы дайын тұрады, түнде қалыңдықпен қауышады. Қараңғы түсе ат бағуға жас өлекшіндердің біреуі шығады. Жігіт мәз-мейрам боп тынығып бірнеше күн жатты. Қалыңдық түнде қыз болып келіп, қасына жатады. Күндіз қасқыр киімін киіп, қасқырдың ішіне кетіп қалады. Бала таң-тамаша: «Бұл не нәрсе? Осы түсім емес пе?» — деп, өзіне өзі сұрақ қойып жүреді.
Күндерден күн өтіп, бір күні қыз бөрі мен күйеуді аттандырмақ болады. Үлкен кәрі қаншық күйеудің алдына келіп, шоқиып отырып:
— Я, балам, сен келгелі бір ай болды. Сенің де ел-жұртың бар шығар. Енді осындай ауырмай, сырқамай тұрғанда еліңе қайт! — дейді.
Мұны бала да мақұл көреді.
Енесі баланың қолына бір қайрақ береді.
— Қысылған күнде керек болар, қарағым! Жаныңа қысым келсе, жерге салып қойып, бір теп. Не бол десең де айтқаның болады, — дейді.
Бала қайрақты қойнына салып алады. Атына мініп, қайын жұртымен қоштасып, бұлаңдаған ақ қасқырды шылбырына байлайды.
Енесі:
— Қарағым, қырық күнге толмай қалыңдығыңның қасқыр кебін алушы болма, — деп тапсырады.
Ақ қаншық қасқырды жетелеп, бала жүріп кетті.
Жолда қай жерге қонса, сол жерде отау тігіледі. Түрлі тамақтар дайын болады. Тамақты ішіп алып, таң атқан соң жүріп кетеді. Сөйте-сөйте, бірнеше күннен соң жігіт өзінің ауылына келеді. Ауылға жақындап келіп, қасқыр қалындығын бұтаға байлап қойып, өзі ауылға келеді.
— Мен әйел әкелдім, — дейді.
— Әйелің қайда? — деп сұрайды ауылдағылар.
— Сонау бұтаның түбінде отыр, — дейді жігіт.
Ауылдың қыз-келіншегі жас келіншектің алдынан шығуға жөнеледі. Шашу шашуға шешесі дайындалып жүр. Айтқан жеріне келсе, бір ақ қасқыр байлаулы тұр.
— Ой, қасқыры несі, — десіп, келгендер келіншекті алыстан қарасып жүр.
Біреуі тұрып:
— Осы қасқырдың қызын аламын деп еріп кетті деп еді. Мұның келіншегі осы қасқыр болып жүрмесін? — десіп таңырқасып, шуласып тұрғанда, күйеудің өзі жетіп келіп:
— Алдынан шыққандарың қалай, ауылға апармай тұрғандарың қалай? — деп ұрсып, ақ қаншық қасқырды алып барып, бөлек отау тіккізіп, сол отауда қасқыр келіншегімен жата береді.
Күндіз — қасқыр, түнде — қасқыр киімін шешіп тастап, қараңғы үйді жарық қылатын сұлу келіншек болып қойнына жатады. Сонымен бай баласы жата береді. Құрбы-құрдастары, ауыл аймағы: «Бұл жынданып қасқырдан қатын алып жатыр, байдың баласы аң болуға айналды», — деседі. Құрбы-құрдастары анда санда күліп: «Қасқырдың байы», — деп шақырады. Сондықтан байдың баласы үйінен шықпайтын болады.
Бұған қайтсе де қырық күн өткізу керек. Қырық күнді өткізгенше, шыдап келеді. Бірақ байдың баласы сарғайып, әбден жүдеп кетеді. Өзінен өзі қапаланып жүрген ол қырық күнге жеткізбей, отыз жеті күнде әйелінің қасқыр көйлегін түнде шешініп жатқан жерде алып, жыртып-жыртып, отқа тастап жібереді. Әйелі ренжиді:
— Саған жақсы болмайды, сен енеңнің айтқан шартын орындамадың, — дейді.
Жігіт:
— Несіне болса да шыдадым, өйткені, әбден қапа болып, өлуге айналдым. Сондықтан мұнан да сол көретін кеселдің өзін көріп алғаным жақсы! — дейді.
Таң атты. Күндегі мазақтап жүретін байдың баласына елдің бәрі таңырқап, әйелін көргендер талып жығылып жатыр.
Бай жұртты жиып, той қыла бастайды. Жұрттың барлығы таң-тамаша. Сөйтіп, бірнеше күннен соң той өтеді.
«Осында пәленше байдың баласы әйел алыпты, әйелі жаннан асқан сұлу екен!» — десіп, елдің бәрі шулайды. Кейбіреулері: «Қараға лайық емес, ханға лайық кісі екен!» — деп желпіндіреді. Бұл хабарды осы елдің ханы естиді. Хан көрмек болып, қолына қаршыға алып, сол байдың ауылына қарай қаршыға салған болып шығады. Ауылға жақындағанда каршығасын қоя береді. Қаршыға байдың баласының отауының төбесіне келіп қонады. Хан үйдің сыртында тұрып айғай салады.
— Ау, үйде кім бар? Мына құсымды әперіп жібер, — дейді. Сол дауысты естіп, байдың келіні үйден шыға келгенде, хан аттан құлап, талып түседі.
Байдың келіні ханды қолтығынан алып, аттандырып:
— Хан басыңызбен қарадан шошығаныңыз не? — деп, құсты қолына алып беріп, қоя береді.
Хан әлгі әйелге ғашық болады. «Әттең, сол әйелге қалай қосылам?! Осының жөнін тауып, маған сол әйелді алып беретін кісі бар ма?» — деп еліне жар салады.
Сонда бір мыстан кемпір:
— Мұның жөнін тауып, мен алып берем, — дейді.
Хан бұл кемпірдің қалағанын бермек болады. Кемпір айтады:
— Сіз байдың баласын шақырыңыз да, оған мынадай әмір беріңіз: «Баяғыда пәлендей жердегі көлге әкемнің ат басындай алтыны жоғалған, соны тауып әкеп бер. Егер таба алмасаң, қайтып келме!» — деңіз. Соны іздеп таба алмай, өзі де жоғалады, — дейді.
Хан байдың баласын шақырып алып, әмір етеді. Бай баласы жылап-еңіреп әйеліне келеді. Әйелі:
— Мұның жарасы жеңіл, үш-төрт күнге рұқсат сұрап алып кел, — дейді.
Бай баласы ханнан үш күн сұрайды. Хан үш күн рұқсат береді. Қайтып әйеліне келеді.
Әйелі:
— Жарайды. Әзірше деміңді алып жата бер, — дейді. Жігіт жата береді. Әйел күндіз-түні ұйықтамай, әшекейлеп, алтындап, жібектен неше түрлі гүл жасайды. Гүл қараңғы үйді жарық қылатын өте тамаша болады. Бір күні түнде әйел күйеуін оятып:
— Осыны алып бар да, сол ханның айтқан көліне қармаққа байлап сал да отыр. Оны сол көлдегі балықтың патшасынан басқа балық тістемейді. Балықтың патшасы келіп тістей қалса, сол бойында суырып, судың шетіне шығарып алып, хан айтқан алтынды тауып беруге аузынан уәде ал, оның уәдесіне де сенбе, қанатын жұлып алып қал, — дейді.
Айтқандай суға барып, жібек алтын гүлін салып отырып еді, бірнеше балық келсе де тістемеді, әлдене уақытта жарқылдап келіп, үлкен ақ балық қармақпен қосып, гүлді бір-ақ асады. Суырып шетке шығарып алды. Әлгі балық: «Қоя бер!» — деп қатты жалынды. Жігіт жібермеді. Алтынды тауып беруге аузынан уәде алып, қанатын жұлып алып қалды. Зар илеп, балықтың патшасы кетті.
Балықтың патшасы барысыменен өзіне қараған барлық балықты жинап алып:
— Осында ханның әкесінің ат басындай алтыны жоғалыпты. Сол алтынды қайсың білесіңдер? — деп сұрайды балық ханы.
Сонда жиналып келген көп балық:
— Бәлен жерде бір жүз қырық жасқа келген бір кәрі балық бар, сол білмесе, біз білмейміз. Ол «бара алмаймын» деп жатып алды! — дейді.
Хан өзінің жендеттеріне:
— Бар да алып кел. Тез келсін! — деп әмір берді.
Жендеттер келіп:
— Сізді хан шақырады! — деп еді, әлгі кәрі балық тұрмады.
— Хан мені не қылады? Тұруға халім жоқ, — деп жата берді.
Жендеттер болмай, кәрі балықты орнынан сүйреп тұрғызса, ат басындай алтын сол кәрі балықтың астында жатыр екен. Балықты тастап, жендеттер патшаға алтынды алып келеді. Балықтың патшасы алтынды судан лақтырып, жігіттен өзінің қанатын алады. Сөйтіп, кәрі балық жүз қырық жасағанда, сол алтынның буымен жасаған екен. Алтынды алып кеткен соң, кәрі балық өліп қалады.
Жігіт алтынды ханға әкеліп береді. Хан дереу кемпірді шақырып алып
— Ал, сенің келмейді дегенің қайда? Мынау алтынды алып келіп қалды. Мен сенің басыңды алам, — дейді.
Кемпір:
— Дат, тақсыр! Ер кезегі үшке дейін. Мұны тағы бір жерге жіберіңіз, өмірінде келмейді, — дейді.
— Ал, тез айта ғой! — дейді хан.
— Айтсам, сіздің әкеңіздің бір қысырағының үйірі жоғалған. Сол қысырақтың үйірі осы күнде тағы болып кетті, соны тауып, айдап келсін, — деді кемпір.
Хан мұны мақұл көрді. Шақырып алып жігітке тағы айтты. Жігіт жылап әйеліне келді. Әйелі:
— Алты күнге рұқсат алып кел, — дейді.
Жігіт ханнан алты күнге рұқсат сұрайды. Хан алты күнге алты күн қосып, он екі күнге рұқсат береді. Әйелі жігіттің қолына жазуы бар бір таяқ береді.
— Осы таяқты ал да көзіңді жұм, бетіңді осы солтүстікке қарат, — дейді.
Сонан соң мына таяқтағы дұғаны оқы, — деп үйретеді. — Осы дұғаны оқып отырсаң, таяғың тура сол қысырақтың айғырына апарады. Айғырдың үстіне қарғып мініп ал. Басқа, көзге төпеп, үстінен түспе. Әрі-беріден кейін айғырды қалай айдасаң, жылқының бәрі жиылып, соның артынан ереді. Сонымен тура ханның ауылына бар, — дейді.
Таяқты алып, дұғаны оқып, жігіт айтқандай көк айғырға сарт ете түсіп, мініп алады. Айғыр мөңкиді, әрі-беріден соң жөнге жүреді. Жігіт ханның алдына келіп:
— Мына жылқыларыңды ұстап алыңдар, — деп айқай салады.
Өңкей тағы жылқы ауылды ойран-топыр қылып қырып кете жаздайды.
Хан:
— Ойбай, керегі жоқ, елді қырады, тарт аулақ, — деп азар да безер болады.
— Керегі жоқ болса, жарайды, — деп, жігіт жылқыны қоя беріп қайтып келеді.
Хан кемпірді шақырып алып, оның басын тағы алмақ болады.
Кемпір:
— Ойбай, тақсыр, дат!
Хан:
— Ал, датыңды айт, — дейді.
— Датымды айтсам, тағы жұмсаңыз. Осыны таба алмай өледі. Егер осыдан қайтып келсе, менің басымды алыңыз! — дейді кемпір,
— Ал, айт! — дейді хан.
— Айтсам, баяғыда сіздің әкеңіздің қырқына берген көк айғыр бар, сол айғырды тауып алып келсін, — дейді.
Хан жігітті шақырып алып:
— Дереу көк айғырды тауып алып кел! — деп әмір етеді.
Жігіт әйеліне келеді.
Әйелі:
— Мұның жайын білмеймін, енді енеңе бар, сол бір ақыл табар, — дейді.
Жігіт уайымдайды.
Әйелі айтады:
— Бұған үш ай сұра, үш айдан кемде таба алмайсың, — дейді.
Жігіт барып ханнан үш ай сұрайды. Үш айдың үстіне үш ай қосып, хан алты ай береді. Жігіт үйге келеді.
Әйелі айтады:
— Сен келгенше хан мені қоймайды. Сен қырық күнге шыдасаң мұндай болмас еді, — дейді.
Жігіт қысылады. Айла азайды. Сонда тағы да әйелі айтады:
— Қой, саспа! Сен енең берген қайрақты жерге қойып, бір тепсең, ол не бол десең, сол болады. Үш қабат үй сал деп теп тағы, мені сол үйдің астыңғы қабатына салып кет, — дейді.
Жігіт қайрақты жерге қойып: «Үш қабат үй бол!» — деп теуіп еді, үш қабат үй болады. Соның ең астыңғы қабатына әйелін салып, жігіт қасқыр қайнына жөнеледі. Сонымен бірнеше күнде қайнына келіп жетеді. Келген жұмысының бетін айтады.
— Ай, балам-ай, бәрі өзіңнен! Қырық күнге шыдасаң ғой, онда мұндай пәлеге душар болмас едің. Жарайды, қайыр. Енді ақыл табылар, — деп қасқыр енесі күтіп жатқызады.
Ертеңіне енесі мынадай ақыл береді:
— Сен жатпа, балам. Осыдан барасың, барсаң пәлен жерде ханның әкесінің моласы бар. Сол молаға барып, ханның әкесінің қабырын қазып, сүйегін жиып алып, бесікке салып тербет. Сонан соң ол ойбай салады: «Тынышыңды алғыр, қайсыңның менде ақың бар?» — дейді. Сонда сен: «Мен емес, менің тынышымды сенің балаң алды, сенің тынышыңды мен алып отырмын!» — де. Сонда әкесі: «Баламның менде несі бар?» — дейді. Сен: «Балаң қырқыңа бір айғыр сойған екен, соны тауып бер деп жатыр», — де. Сонда ол айғырды тауып береді, — дейді.
Айтқанындай жігіт қабырға келіп, сүйекті бесікке салып алып тербете бастайды. Әрі-беріден соң ол ойбайлап:
— Тынышымды алма! — дейді.
— Мен емес, менің тынышымды сенің балаң алды, мен сенің тынышыңды алып жатырмын! — дейді жігіт.
— Баламның менде несі бар?
— Балаң сенің қырқыңа айғыр сойған екен, соны менен даулап жатыр, мен сенен сұрап отырмын. Сен сол айғырды тауып бер.
— Ой, арамнан туған! Маған берген бір айғыры көп пе еді? Сұрайтын болса, бердім. Арамнан туған! — деп айғырды көрден алып, лақтырып жібереді.
Жігіт қараса, айғырдың артқы аяғы жоқ.
— Ойбай, артқы бір аяғы қайда?
— Оны маған берген жоқ. Арамнан туғанға айт, бар! Бір санын әйелімен екеуі жеген.
Жігіт айғырды жетелеп, екі айда елге келіп, ханға айғырды тапсырып, әкесінің сәлемін айтады. Сол кезде хан қарамағындағы барлық ұстаны жиып, үш қабат үйді бұздырып, екі қабатын бұзып, үшінші қабатына кірісіп жатыр екен.
Барлық тапсырманы орындағаннан кейін, хан ойланып, қатесін мойындап, кемпірдің басын алып, жігітке өзінің қызын қосып, орнынан түсіп, тағын береді.
Жігіттің әуелгі алғаны қасқырдың қызы емес, перінің қыз екен. Сөйтіп, ол мұратына жетіпті.