Әдебиет
Қайыршы Қасен
Бұрынғы өткен заманда бірнеше тайпа елге үкім жүргізген Хакім деген хан болыпты. Оның қарамағында алты шаһар бар екен. Қарауындағы алты қаланын ең салтанаттысы, сәндісі Әсем қала деген шаһар екен. Бұл қалаға мешіт медресе, ғылым оқуы деп, екі түрлі оқу орнын салдырыпты. Ғылым оқуын Сандал деген ғалымға бастатып, оның қол астына отыз ғалым беріп, сол тайпадағы бай, ақсүйек молда, қожалардың балаларынан шәкірт жиып беріпті.
Бұл оқудан кедей-кепсектердің баласы оқи алмайды. Оның мәнісі: оқуға келген шәкірт үш мың ділдәні Сандал ғалымға беруі керек екен. Ол ақшаны шәкірттердің киім, тамағына жұмсайды және оқытушы ғалымдардың еңбек ақысына береді. Үш мың ділдәні кедейге кім берсін, кедей балалары бұл мектептен оқуға шамалары жетпейді.
Хакім ханның Самат, Салауат деген екі баласы да осы мектептен оқитын еді. Хакім хан әуелде балаларын медреседе оқытпақ болса да балалары ғылым оқуын оқимыз деп тілеп болмаған соң қалаған оқуын оқытуға Әсем қаласына жіберіпті.
Әсем қалада, Бақты деген жесір кемпір өмір сүреді екен, оның Қасен деген ұлы болыпты. Қасен бір жасқа толар-толмасында әкесі қайтыс болады. Жетім бала, жесір әйелде, мынадай дерлік дәулеті болмағандықтан, Бақты кемпір баласын көтеріп жүріп, өлмешінің күнін көріп, он екі жыл өмір өткізіпті. «Сорлыға сойыл бұрын тиеді» Бақты кемпір, топ ауруға душар болыпты да, енді қайыршылық Қасен баланың мойнына түсіпті.
Күндерде бір күні, Қасен бала, қайыр сұрау үшін көшеден көшені аралап келе жатып, ғылым мектебінің сарайының жанына келгенде, кітап ұстап отырған балаларға көзі түседі. Терезеге жақындап келіп, іштегі балалардың әрекеті мен ғалымның үйретіп жатқан сабақтарын қызықтап, қайыр сұрауды ұмытып терезе алдында күн батырыпты.
Кешке үйіне бос, келіп, шешесі екеуі аш қалыпты. Ертеңінде Қасен тағы қайыр сұрауға шыққанымен, кешегі балалар оқып отырған үйдің терезесіне барғысы келіп қайыр сұрауды қойып ынтызары терезе болып, тағы келіп күн батқанша тұрады.
Қасен таңырқап ғана тұрмай, ғалымның балаларға үйретіп жатқан сабағы, балалардың ғалымға қайырған жауабынан терезенің сыртында болса да бірде-бір сөз қалдырмай құлағы шалғандарын жадына сақтауға ынта салыпты.
Қасеннің екі күнді тапжылмай, терезе алдында тұрып өткізгенін Самат пен Салауат таңырқап:
— Дәуде болса осы баланың бір сыры болуы керек. Болмаса бір елден келген жансыз шығар – депті Самат ағасына.
— Далаға шыққан соң, ұстап алып ғалымға апарып берейік, – депті Салауат.
Осы қарсаңда, балалардың тарайтын сағаты да болып кетіп, Самат пен Салауат жүгіріп терезе алдында тұрған Қасеннің жанына ентігіп тұра қалысып:
— Сен қайдан, не іздеп, терезе алдына жабысып қалдың? Кеше кешкісіне дейін, ал бүгін де. Бұйымтайың болмаса бұл жерде не хақың бар?! – деп екі жақтан тиісе сөйлепті ханзадалар.
— Тақсыр ханзадалар! Менің бұл арада еш жұмысым жоқ. Қайыр сұрап күнімді көріп жүрген бейшара едім. Терезенің алдына екі күн ұдайы тұрғаным: оқу деген не екенін білмек түгіл, естімеген едім. Алғаш келгенде сіздерді тамашаладым, сонан соң, сіздерді оқытып тұрған ғалымның үйретіп тұрған сабақ пәндерін тамашалап, соның қай бірін жадыма сақтап, жалғанның қызығы екен ғой, – деп ойға батып, осы арадан кетейін десем де, ынтам тартып кете алмай, керім кетіп тұрған жайым осы еді – депті Қасен мұңайып:
— Өтірік айтпа! Сен қайыр сұрап күн көріп жүрген болсаң, екі күн осында тұрар ма едің. Сонда тамақты қайдан тауып ішіп күн көрдің? – депті ханзадалар.
— Тамақтан да сабақтың нәрі күшті екенін білдім. Амалым қанша аштығыма қарамай, бір ауыз болса да білімді тыңдағым келді. Асырауымда өзі кемтар шешем бар, ол кісі де екі күннен бері аш, – деп таусыла сөйлепті Қасен.
— Бізді олай алдай алмайсың. Сен бір жерден келген жансыз болуың керек. Жансыздар айлалы, мүсәпір, сиқыр болып кететінін жақсы білеміз. Ал сен, кешеден бері ғалымның бізге үйреткен сабағын түгел ұғып тұрдым дедің, сол бізге берген пәндерді айтып берші, – депті ханзадалар.
Сонда Қасен өзі келіп терезе алдында тұрғаннан бергі өткен пәндерді заулатып айтып шығыпты. Тіпті ғалымның үйреткендерінің кейбірі естерінен шығып кеткен ханзадалар Қасен айтқанда естеріне түсіп, баланың зеректігіне таң болыпты.
Дегенмен Салауат, айтулары бойынша ғалымға алып жүрмек болып тұрғанда інісі Самат:
— Сен бүгін үйіңе қайт. Екі күндей тамақ та ішкен жоқ екенсің, мынаған тамақ алып іш! – деп он ділдә ақша беріпті де, Қасенді үйіне жіберіпті.
Былай шыққан соң Самат ағасына:
— Осы бала жансыз болса да оңай жансыз емес. Қайтсе де бір текті адам екен. Ертең қайта келгенде, тағы сынап көрейік. Ол туралы маған тағы бір ой келіп тұр, соны істелік! – депті.
Қасен асхана жеріне келіп:
— Бір ділдәға тамақ берші! – депті. Асхананың тамағы арзан ба, әлде ақшаның бұлдылығы ма, әйтеу шешесі екеуіне он күн боларлық азық алып лашықтарына келіп, анасы екеуі сол күні өмірінде бір тойған сияқтанып әлденіп ұйықтап қалыпты.
«Ауру кетсе да, әдет кетпейді», Қасен күндегі әдетімен тағы не ілінеді деген оймен көшеге шығыпты да, қызықты терезесіне ынтасы ауып болмаған соң, тағы келсе Самат пен Салауат күтіп алдында тұр екен.
Екі ханзаданың іздегені де сол болса керек, Қасенді оңаша жерге алып барып:
— Ғалым үйреткенімен біз ұға алмай жүрген бір сабағымыз бар еді, сол кітапты біз оқиық, сен тыңдап ал да бізге ұғындырып айтып берші! – депті Қасенді сынағылары келіп. Қасен:
— Мен сіздердей оқыған адам емес, мән мағынасына жете алмасам кешіріңіздер! Бірақ айтып көріңіздер, – депті. Самат кітапты заулатып оқи беріпті де, Қасен ретінде маңдайын алақанына сүйеп, көзін жұмып төмен қарап тыңдап отыра беріпті.
Бір заматта Самат:
—Осы да аз болмас, кәнеки, айтып жіберші! – депті.
— Тақсыр ханзада! Неге тоқтадыңыз! Айта беріңізші, ұғуға қиыры көп болғаныменен қисынды қылығы көп тамаша сабақ екен, – депті қайыршы бала Қасен.
— Жарайды ондай болса, құлағыңды тоса бер! – депті де Самат ары қарай заулатып оқи беріпті. Бір заматта Самат:
— Ал енді осыны бізге түгел ұғындырып берсең, біз сені қырық ділдәмен сыйлайық, – деп тоқтайды.
Қасен алдымен кітаптың сөзін сол қалпымен айтып берген екен, ханзадалар жақсы ұға алмапты. Сонан соң, кітаптың түйін-түйінінен бөліп түсіндіру үшін түрлі мысалдар келтіріп, түбін қаза сөйлеп берген екен, ханзадалардың көкейіне қона кетіпті. Басқадай өздеріне ұғылмай жүрген бірнеше сабақты оқып берген екен, ол былай деген сөз – деп ол сабақтарын да ханзалардың миына құйып беріпті. Сонан соң айтқандарынан қайтпай, қырық ділдәларын беріп:
— Ертең тағы кел! – деп үйіне жіберіп, былай шыққан соң Самат, ағасы Салауатқа:
— Мына бала менің ойымша тыңшы да, жансыз да емес! Тек жоқшылыққа байланып аяғына тұсау түскен пақыр екен. Шіркін бізбен бірге сабақ оқыса, Сандал ғалымның орнына кешікпей-ақ отырар еді. Амал не, құдай сүйіп жаратпаған соң, соры қайнап дүниеден өтеді-ау есіл, – депті. Онан соң аз үндемей отырыпты да:
— Осы баланы екеуіміз амалдап, оқуға кіргізсек қайтеді. қалай ойлайсың, аға? – депті Самат.
— Үш мың ділдәсіз оқуға алмайды, ал оны біз төлесек, қазынаны орынсыз шаштыңдар деп атам ұрса беретінін өзің білесің емес пе? – депті ағасы.
— Атам ұрсатыны шын. Бірақ осы бала оқып жетілсе, атама да, халыққа да пайдалы адам болар еді.
— Ал оның да болсын дейік! Бұл тексіз қайыршы емес пе. Сандал ғалым оқуға алмайды ғой. Оған не амал істейміз?
— Ол оңай! Әкеміздің бір жақынынан бауырына салып алған баласы еді, оқуға кіргіземіз, – деп ертіп барсақ, Хакімнің баласымын дегізіп ақшасын біз бере салмаймыз ба?
— Атамнан сыр жасырғанымыз күнәкершілік болмай ма?
— Онда қандай күнә тұр? Мұндағы ел біздің туысымыз деп ұғады, ал атам басқа тағы бір Хакімнің баласы екен деп ұғады да аман-есен сабағын тауысқан соң өзінің әкесінің баласы болады да шығады емес пе! – депті Самат.
— Ал жарайды, төлеген ақшамыз зая кетпесе болды, – депті ағасы да көніп.
— Асыл пышақ қында тегін жатпайды – деген ғой. Ақша зая кетеді екен деп алаң болмайық. Түбі қайырлы болса болды аға!
Самат пен Салауаттың кеңесінен кейін ертеңінде күн жадысы жұма-демалыс екен. Оны білген Қасен жоқ, күндегі дағдысымен баяғы терезенің алдына келген екен, екі досы алдынан тосып алыпты да үшеуі бірігіп тоғай ішіне саяхаттап күнібойы жүріпті. Бір бұлақтың жағасына беті-қолдарын жуып отырып Самат Қасенге:
— Сабақ оқығың келе ме? – депті.
— Әттең ханзада бауырым-ай, оны мендей қайыршыға бұйыртпаған ғой! Сабақ дегенде ынтам үзіліп-ақ тұрады, амалым қанша, «қысқа жіп күрмеуге келмейді, күрмеуге келсе де байлауға келмейді» деген сөзді бекер айтпаған ғой бұрынғы ата бабаларымыз – депті мұңайған Қасен.
— Достым, сені оқытуға ағам екеуіміз қолдан келген барымызды аямайтын болып ақылдасып келдік.
— Ра па, рас болса дүниеден адал досың болып өтер едім!
— Сенің оқу жолыңа түсуіне қолымыздан келген жәрдемімізді аямайтын болып ағайынды екеуіміз сөз байластық. Осы ойды шығарған Самат. Ол екеуің өмір-бақилық дос болыңдар. Ондай дос болу үшін, «ант-серт» болуы керек. Сол «ант-серт»-ті алдымсн орындаңдар! – депті үлкені Салауат.
— Орынды сөз, ал «ант-серт» жасау жолын достым сен тап! – дейді Самат.
— Олай болса «Қан жаласқан туыс, бал жаласқан тату, біріміз үшін біріміз, жан қияр дос» болуымыз керек! Сол үшін, – деп, ханзадалар алып жүрген балдан бір тостағанға құйып Самат екеуінің бармағын шетіп қан шығарып, екі бармақтың қанын, жерді шұңқырайтып соған тамызыпты да әлгі шұңқырды топырақпен жауып тастап, тостағандағы балды Самат пен Қасен бөліп ішіп, Қасен өз кеудесін және Саматтың кеудесін жалаңаштап екі жалаңаш кеудені, мәңгі достық үшін деп, үш рет соғыстырыпты.
Бұған таң болған Салауат:
— Осының не маңызы бар? – депті.
— Қанымызды біріктіріп бір шұңқырға тамызып көмгеніміз, өлсек бір шұңқырда боламыз дегеніміз. Бір тостағандағы балды бөліп ішкеніміз, бал жаласқан татумыз дегеніміз. Жалаңаш кеуде соғыстырғанымыз, мәңгі достық үшін жүрек біріктіргеніміз, – депті Қасен.
— Екеуіңнің достығыңа мен де мәңгі тілектеспін. Енді үшеуіміз Ғали саудагерге барып, Қасенді ханзадалардың киімімен киіндіруіміз керек, – депті Салауат.
— Бұл да ақыл екен, – десіп, саудагерге келіп Қасенді шыттай жаңа киіндіріп, Сандал ғалымға келіп, үшеуі ақылдасып алған сөздерін айтып, үш мың ділдәні санап беріп, Қасенді ғылым мектебінің шәкірттікке қабылдатады.
Көңілдері шат болған үш дос Бақты кемпірдің лашығына келіп, істеген іс әрекеттерін ол кісіге білдіріп мұнан былайғы өмір тіршілігі, үшеуінің бірдей міндетінде болатынын айтыпты достар.
— Қарақтарым, ұзақ жас жасап, мұраттарыңа жетіп, жолдарыңа тәңірім жар болғай! – деп батасын беріпті Бақты кемпір.
Бақтының қолынан, үш дос дәм татып шашу жасапты. Қарығы шығып, қапастан босағандай, қайырымды ханзадалардың қатарына ілесіп, тілегі орындалып, қайыршылықтан құтылған Қасен кітап алып ғалым алдына келіп ғылым жолына қадам басыпты.
Зер сала оқыған зерделі балаға келешектің кемеңгері боларсың-ау! – десіп, таң болыпты ғалымдар.
Бастап бір жұма оқығанда, қара танып, кітаптарды өз бетімен оқи беретін болыпты. Барған сайын ақылы кеңейе беріпті.
Қажымас қайрат бітіп, оқыған кітаптарының мән-мағынасын өзі ғана ұғып, тоқып қоймай кейбір терең түсіне алмайтын, ғалымдардың өздеріне түсінік беретін дәрежеге жетіпті.
Қасен осылай бір жыл оқығанда, енді бұған сабақ беретін ғалым саны да азайыпты. Бірақ тоқыраған Қасен жоқ, онан әрі ізденіп, түрлі кітаптар тауып оқып, өз төтесінен сол оқыған кітаптарына байланысты түсініктер жазып өзге балаларға көмек көрсете бастапты.
Ғалымдар өзара кеңесіп балалардың ішінен нашарлау оқитын қырық баланы бөліп, Қасенді оқытушы болдырыпты.
Осылайша Қасеннің бар ісі оңына айнала бастағанда, шегетін жапан әлі болған жоқ дегендей анасы қайтыс болыпты. «Анаң өлді дегенше ағар бұлағың суалды» деген емес пе, қайғыға душар болған Қасеннің еңсесі түседі. Дегенмен ажалға ара тұрар амал бар ма? Салауат, Самат, Қасен үшеуі бірігіп таза арулап кебіндеп, ақырғы сапарына анасын шығарып салыпты.
Зарланды, қапаланды, қайғырды, не тапты? Ақыры ойланып келіп, алдағы өмірінің өрісіне бет алып, өкінішті тастап, өнегелі өнер талабынан өріс жайып ғылым қиялына құлаш ұрыпты Қасен.
Зерделі жаралған адамның зейнеті теріс кете ме, өз міндетіне алған қырық шәкірті аз күннің ішінде бар баланың алдына түсіпті.
Самат пен Салауаттың үлгерімі кейіндеп болмаған соң өз қарауына алуы арқылы ол екеуі де сабақтарын тәмамдап Салауат әкесі тұратын қалаға әскер басы қызметке орналасып, інісі Самат сол ғылым мектебінің тағы бір оқытушысы болыпты.
Енді Қасен мен Самат бір үйде өмір сүретін болады. Күндерде бір күні, ел жатып көз ұйқыға бара беретін уақытта Сандал ғалым, «жашиық» намазына ұйып отырып қаза болды, – деп хабар келіпті.
Суық хабарды естіген Самат екеуі де барып, Сандалдың туыс жарандарының, қапалы қайғысын жұбатыпты.
Заманында ол Хакім хан мен көңілдес еді, Хакім ханға да хабар берілді. Ғалымның аруағын сыйлап ол да келіп, жаназаға кірісіп, енді үйіне қайтарында ғалымдар тобына:
— Өздерің кімді ұнатсаңдар, соны бас ғалым етіп алатын қалауларыңды маған хабарлаңдар! – деп кетіпті хан.
Ғалымдар мәжіліс құрып, білімі мол, келешегі кемел және Хан тұқымы десіп, Қасенді бас ғалым болғызуға ғалымдар атынан Хакім ханға мынандай хат жолдапты:
«Тақсыр Хан! Марқұм Сандалдың орнына қоятын адамды біздің ортамыздан шықсын деп өзіңіз ризалық берген соң біз барлығымызға ақыл парасаты, өнер-білімі ерекше артық және туысы да аталы тек, ойы қыры бірдей, олқылығы жоқ деп көріп Қасен деген жас ғалымды Сандал марқұмның орнына отыруға лайықты адам деп көрдік. Біздің осы пікірімізді дұрыс деп көрсеңіз, мөріңізді басып келтіріп беруінізді, құзырыңыздан тілейміз!» Осы хатты Сандалдың шабарманы Сәуелмен жіберіпті.
Хан көп ойланып жатпай-ақ кім болсада бұрыңғы Сандалдай қайдан болсын. Кімді таңдап жатамын деген ойға келіпті де хатқа мөрін басып беріп Сәуелді қоя беріпті.
Міне Қасен қайыршы осылайша ғылым-оқу орнының бас ғалымы болып, бұрынғы олқы жайларды жолға салып, бұл мектеп елден ерек білім ордасына айнплыпты.
Кедей балаларына ақша төлемей оқитын жол табылып, білімге бас-аяқ бірдей талпынады.
Әсем қаланың «Сауық сарайы» деп аталатын сарайы болған. Өнерге сегіз қырлы, көздін құрты, көңілдің ынтығы болған, қиылған қас, қарақат көз, қынама бел шебер жасаған мүсіндей сұлу сымбатты Жамал қыз осы сауық сарайында тұрады екен.
Күндерде бір күні Самат Қасенге:
— Аға, бүгін кешке сауық сарайына барайық, – депті.
Екеуі келісіп сарайға келген, сауықтың сапырылып жатқан үстінен шығыпты.
Сол сұлуды көрген Қасен сауық сарайына күнде баратын болыпты. Қасенді көрген сайын сұлудың да жүрегіне ғашық оты түсіпті. Іштей екеуі біріне-бірі ғашық болғанымен сабыр сақтап сөз салу жолы қиынға соғыпты. Ақыры Қасен мынандай бір ауыз өлен жазып би тақтасының үстіне лақтырып жіберіпті.
« Сен бір шоқ гүл,
Мен бір көбелек.
Күйіп жанған жүректі біл,
Жалыныңа күйіп өледі! Ғарыбың Қасен»
Жамал қағазды алыпты да:
— Мен күнбағыс,
Сен күн едің.
Қосылуға жол алыс,
Гүлім солып жүдедім, – деп әлгі қағаздың сыртына жазып Қасенге қайтарыпты.
Хат мағынасын жорамалмен шешкенде:
«Қосылуға арамыз алыс, амалын өзің таппасаң, менде лаж жоқ» дегені, – бұл біреудің айттырып қойған адамы екен.
Сондықтан арамыз алыс деп отыр. Осыған жол тапсаң, мен дайын деп айтқан сөзі екен!. Біреудің некелі адамын қалай аламын.
Жанын қыспау үшін оған көрініп қинамайын деген ойға келіп, қайтып сауық сарайының есігін ашпайтын болыпты.
Дегенмен жатса,тұрса Жамал жанын жеп жалыны шарпып, ақыр түбі созылмалы ауруға соғыпты. Ол ауыра бастағаннан-ақ Самат қарауына алып, емші-домшы шақырып көрсетпегені болмапты.
Бірақ Қасеннің қалі барған сайын нашарлай беріпті. Бұл дерті өзіне аян. Басқаларға айтпады. Оның нендей дертке ұшырағанын өзі ойлап табу үшін талпынып ойға батыпты Самат. Осы ағам мектептің «мөрін» жоғалтып алып, табуға амал таппай ойжады ауру болған шығар! деген ойға келіпті де, бір күні Қасенді жайлап жатқызып тастап, әлгі мөрін сақтайтын камзолының төс қалтасын қарағанда мөр бәз баяғы орнында екен, қолына алып көрмек болғанда, мөрді ораған жібек орамалға ілесіп, бір жапырақ қағаз қоса шығыпты. Қағазды жазып жіберіп оқып көрсе бір бетінде ағасының Жамалға жазғаны, екінші бетінде Жамалдың ағасына қайтарған жауабын оқып көріпті де, Қасеннің дертінің сырын біліпті Самат.
Бірақ не көп, дүниеде Жамалдар көп, Қасым саудагерде Жамал деген қыз бар. Шарапхананың шалында да Жамал атты қыз бар. Тілекбергеннің қызының аты да Жамал. Сейттің Секержамалы бар, ұры Ұнардың қызы тағы Жамал, Күміс кемпірде де бір Жамал бар. Жалақор Жамал дейтін өсекші қатын тағы бар. Оны жқрт «Тажал» дейді. Міне осы қалың Жамалдың қай Жамалына ғашық екенін табу қиын болғанмен, табу керек. Табылған күнде, дүние малын төгіп алып берер еді. Сонымен Самат сауық сарайына барып келіп Қасенге көргендерін айтып отырып: Жамал туралы кеңесін ерекше сипаттап айтқанда, хал үстіндегі жатқан Қасен басын көтеріп жадырап салғаны Саматқа байқалыпты.
— Сауық сарайына барып келсем қайтер еді, – деп ағасынан рұқсат сұрапты Самат. Сонда Қасен:
— Сауық дегенде адамның сарылған дертіне шипа ма деп ойлап қалдым. Бүгін жақсы сергіп отырмын, – депті.
Дәу де болса сенің ғашығың осы Күміс кемпірдің Жамалы болды деген оймен Самат сауық сарайына келіп Жамалдың ғашықтық әнін тыңдайды.
Қасенге ол қыз туралы көрген білгенін айта келіп, бір ретте салған әнінің қайырмасын ұғып алғанын былай деп қайталапты:
Ғашықтар құлыбы жасырын,
Кілтін адам таппас та!
Жазықсыз жанып асылым,
Буылып дертке жатпас па?!
Жамалдын басқа ән, күйінен осы бір өлеңінің мағынасы терең екен – дегенде Қасен:
— Уһ! – деп қатты күрсініп барып талып кетіпті. Оның кім үшін ауырғаны Саматқа осылай мәлім болыпты.
Қасен есін жиып басын көтерген соң Самат:
—Не сырыңыз болса да менен жасырмаңыз! Не іс болсада екеулесек, ақыл қоссақ бір жөні табылар, – деп жалыныпты.
Сонда Қасен:
— Е, бауырым, «базар бірге, бақ бөлек» қой! Сенен несін жасырайын, бұл дерт дәл сол Жамалдың күйігінен жабысты. Әй бұған дауа табылмас – деп мұңын шағып, зарын айтыпты.
— Оныңыз қалай? Дүние, малын аламын деседе, ағайынды үшеуімізде бір қызды қалыңмен алатын дәрмен жоқ болғаны ма? – дегенде Қасен күрсініп, Саматтың бетіне телміріп қарап отырып:
— Мәселе қалың малда болып тұрған жоқ қой! Мен бір кезде, осы Жамалға мына бір өлеңді жазып, ғашықтығымды білдіріп едім, – деп баяғыдағы өзінде сақтаулы бір жапырақ қағазын шығарып, өзі жазған өлеңін оқып беріп, менің осы жазған өлеңіме, Жамал мынандай өлеңмен жауап берді:
Мен күнбағыс,
Сен күн едің!
Қосылуға жол алыс,
Менде өзіңдей жүдедім! – деп жазғанына қарасаң, ол маған жоқ кісі болып тұр ғой. Күнбағар деген гүл күнді қандай жақсы сүйеді, күн шыға гүлінің шоғы күн шығысқа қарап, күн батыстағы ұясына барғанша күннің көзіне қарап айланып өседі. Бірақ табиғаттың жаратылуы солай ғой! Күн аспанда, «Күнбағар» жерде, бұл екі дүниеде бір жақындасу болмайды. Қыздың бұл сөзінен ұққаным: Оның қалың беріп айттырып қойған адамы бар.
Сөйтіп Жамал қолыма түспейтін аспандағы жұлдызбен тең. Онымен бет сөйлессем, оныда отқа саламын, – деп маңына баспай, өз дертіммен өзім жатқан жайым осы. Өгдесем ол екеуіміз қосыламыз ғой. Өйткені біз «Хан тұқымы». Бірақ оның айттырған күйеуі менен де ары күйге түсіп дауасыз дертпен өледі де, обалы менде қалады, – деген түйінге келіп жатырмын Самат бауырым! – депті Қасен Саматқа.
Бұл кеңесті естіп, Самат та Қасенге пәлен деп жауап қайырмай өз ойы өзінде ғана болып отыра береді.
Осы қалада Өтен тапқыр деген адамнан асқан шешен сөзге келсе кенеуі мен шенеуін келістіретін, сайтанның өзін азғырып жолдан шығаратын – бір адам болушы еді. Жамалмен ағамды бір қосса, сол Өтен ақылын тауып қосар деген оймен Самат Өтен қуға келіпті де, болған жағдайды айтып:
— Осыған пайдаңызды тигізер деп дәмелі келдім. Кәсібіңіз түзден жаралған адамсыз ғой, әзірше мынаны ала тұрыңыз, – деп үш жүз ділдә беріпті.
Өтен осындай тарыққан адамдардың арасында жүріп, жем іздейтін түлкі сияқты сұмның өзі емес пе. Мынандай таусыла сөйлеген сөзді естіп, үш жүз ділдәні көргенде, атылатын «оқ жыландай» жиырылып, онда-мұнда бытыраған ойларын жиыстырып, аз кем көзін сығырайтып, ойлана қалды да:
— Істін тізгінін менің қолыма бер де, қоябер ханзадам. Күміс кемпірге күле сөйлеп, бір жақындасам ба... Бұл жағына алаң болма, хабар өзімнен болсын, – деп Саматты үйіне қоя беріп, Өтен қу Күміс кемпірдің үйіне келіпті.
Өтен бекерге қу атанбас еді ғой. Күміс кемпірдің жұбайы өлгелі бес жыл болса да бұрын бата оқып, орнына келе алмағанын сылтау етіп, «Аруақтың орнына «ақтық» – деп сегіз кез ақ мата, Күміске көйлек, жаулық, Жамалға деп орамал, тағы неше түрлі шекер бал, жемістерді қоржынға салып, бата оқырға келген кісі болып, құранды заулата қоя беріпті.
Сонымен өзі де сый құрметке бөленіп қона түстене әңгімелеседі.
Осындай сарқыраған ағыл-тегіл кеңестің бір кезеңінде,Жамал төңірегнінде де сөзге келеді.
Кеңестің келіп қалған бір кезеңінде, Өтен жеңгесіне:
— Есен ағам марқұм, өте момын кісі еді. Осы жалғыз баланы, орынды жерге атастырып кете алды ма? Алдын болжай алды ма жарықтық! – депті.
— Е, ол кісінің момын екенін, өзін де білесің. Әйтеу өзім өлсем, иық сүйеп жан сақтарсыңдар! – деп осындағы Сайыр саудагер дегеннің үлкен баласына атастырып еді, олда орынды жер бола алмады. Жамалдың атасынан кейін, Сайыр да қайтыс болды. Баласы Сәмен де тартымды азамат бола алмады ғой біздің қайнаған сорымызға. Бір аяқ, бір қолынан жан кеткен, жарымжан адам болды. Өзінде табары жоқ. Әкесінен қалған дүние мүкәмалды жатып ішіп тауысуға да тақады. Қалың деп атаған малдан бізге көк тиын бере алмады. Амалым қанша, шалдың тірісінде құдай, құран десіп, өлі-тірі сойып, қолдарын қызыл қанға бояп, ант берісіп, ата жолы мирасын құрған жері, Жамалымның бағына құдай жазған соң қалың берсе де бермесе де босағасын аттатам ғой деп отырмын.
Жамалым қанша, өнер өрені болса да құдай бағын өлшемді қылып жаратқан соң амал қанша! Бермеймін деуге бетім қайсы. Бесігінен құда болып, белгі тағып алыс пен жуыққа әйгілі болған соң қанатым қысқарып, қарайласып ақыл берер ағайын туыс бізде жоқ тарығып отырған жайым ғой қайным!–деп мұңын шағыпты Күміс.
— Оған несіне тарығып шаршап ойлай бересің жеңеше, бір жөні табылар. Алтынды ағашқа жапсырғанмен – алтын қалып ағашы қурап, сәні кетеді. Қола болдыруға лайық бала емес қой Жамал. Құдай деніме саулық берсе, бір жөнін тауып алтын қадірімен өз теңіне қосуды өзім-ақ мойныма аламын. Дегенмен осының жолын тауып, Сәменнен айрылысып жатса, ойлап жүрген жеріңіз бар ма? – Ондайыңыз болса айтып қойыңыз жеңеше, – дейді қамқорсып.
— Е қайным-ай, Жамалдың қара басы босап шығатын күн болса, өздері анталап келгелі-ақ тұр ғой! Бірақ тегіндегі айтқан серт, алысқан қол өлі мен тіріге арнап, сойған малдың қанынан қорқа беремін. Ал Жамалым болса, құдай кем бағалы адамға жолықтырды-ау дегенде кеудесі қақ айырылады. Босағасына барғанда, қандай күн көрерін қайдан білейін. Аз күн болды, өлең жаттап отырмын деп, қайдағы бір сарыла күтіскен ғашықтардың өлеңін айтып, ағыл-тегіл жылайтын болып алды. Өзінің біреуге көңілі ауғаннан сау емес – деп сырын шертіпті.
— Ондай болса бір жөнін өзім ойлап табармын, – деді Өтен қу қамқорсып. Ол Сәменді де өз жаласын өзінен болдырып ақылын тауып, айырып жіберу менің қолымнан келеді.
-Қалай дегенмен де балаңды өмірін өксітпей адам болатын құтты жеріне қондыр жеңеше! – деп жеңгесін өз сөзіне көндіріп істі кешіктірмес үшін Сәменнің үйіне де келіп жетіпті Өтен.
Кеңесті тағы Өтен өзі бастапты:
— Бауырым, сен де жас болып отырған жоқсың! Әкең Сайыр марқұм екеуіміз көңілдес дос-жар едік. Оны айтып отырғаным: – Саған жанашыр екендігімді білдіріп, білген ақылымды айтайын деп келдім. Өзің болсаң денің де сау емес. Кір-қоңыңды жудырып, ас-суыңды дайындап беретін бір адам неге алмайсың. Бүйтіп сарылып, дүниені бос өткізуге бола ма? Нені ойлап, нені күтіп отырсың? Жетпеген кем бағалы ақылың бар ма? Сырыңды айт бауырым, – деп Сәмен үшін жанын отқа сала сөйлепті Өтен қу.
— Айтып отырғаныңыздың бәрі орынды, Өтен аға! – депті сырын ашқысы келіп Сәмен: – Жанашырлық сөзіңізді неге түсінбейін. Түсінем ғой, бірақ амал қанша, жөнелтпеген бақтың жолында, жора мен жосыннан бастап, жоқ нәрсе шырмауықтай оралғы бола беретін көрінеді ғой!
Әкем марқұм тірі күнінде осындағы Есен дегеннің қызына бесікқұда болып, өлі-тірі сойып қолдарын қызыл қанға батырып, құдай құран десіп анттасып құдаласқан екен.Ол кезде менің денім сау, дүние мүкәмал қайда деп, тарығып көргеміз жоқ.Есеннің қызы ержетсін деп жүргенде, Есен өзі, онан соң менің әкем де өлді. Онан кейін құдайдың қырсығы өз басыма тиіп мынандай жарымжан болдым. Әрекет істеп, кәсіп іздеуден қалдым. Әкеден қалған аз дәулетті орнына ұстайтын қай келісіп тұрған туысым тұр!
Қайдағы бақсы-бәлгер жиып емделуге көріне берді. Жанымнан немді аяйын, алтынды аяқтап алдарына төктім дәру болған түгіл, дымымды құртты. Қолдағымды осымен құрттым. Бір жағынан ұры-қары тиді, бір жағынан өрт алды, осымен не керек дән-дәулеттен айрылдым. Әкем марқұм тірісінде Есенмен құдаласқаны болмаса, қалың малы деп көк тиын төлемепті. Қалың малға елу мың ділдә деп келіскен екен, бергені жоқ.
Осымен қалыңы төленбеген қалыңдығымды сұрауға аузым бармады. Ал қайын енем болса, сені ауру демеймін, алдымен сол елу мың ділдәні төле–дейді. Мына кейпіммен қайдан таппақпын!
Оның үстіне Есеннің қызы бекер адам емес, бет біткеннің сұлуы, өнердің қайнар бұлағы. Бақсам мені менсініп келер де емес, келген күнде ерді-байлы адам болып, сол өзіңіз айтқандай кір-қоңымды жуып, ас-суымды оңап беріп отыратын қатын болар түрі жоқ. Алмаймын деуге «Аят хадис»-тің қасиетінен қорқамын! Әйтпесе соны алсам екен деп ынтық болып отырғам жоқ. Өнерлі сұлу қатын алатын менде қай келіскен кеп тұр дейсіз Өтен аға. Жайым осындай, — деп бар ойын түгел айтып беріпті Сәмен. Сонда Өтен:
— Бата деп аят-хадис, малдың қаны, айтысқан ант дегендерді сол құдайым дені сау, түлігі түгел адамдар үшін жазған ғой! Ал сен болсаң құдайдың өзі берген дертімен мүгедек м болдың. Мүсәпірлік қалге душар болған пәндемнің өтей алмаған парызын, қарызын берімсек: қақысын кешемін деген ғой, – сол құдай тағаламның өзі! Сен мұның бәрін ойлап басыңды қанғыртпа. — Есеннің қызы саған қатын болмайды, оны өзің біліп отырсын! – Қызыңды енді алмаймын, азат! – деп хабарлап, басыңды ашып ал. Өзіңе сай адамға қосуды мен мойныма алайын. Бүйтіп өміріңді өксітпе, – депті.
— Ойбай, Өтен аға, құдай дескен аруақтарды қайтемін. Олардың батасын қайтемін?– депті Сәмен, үрейлі пішінмен.
— Аруақ та біледі сенің мүшкіл қаліңді, «аруақтар кеше көр» – деп бір тоқтыңды құран оқытып сойып, батасына ана Есеннің кемпірін шақырып, алдағы ет желініп болған соң жиылған жұрттың көзінше: — Мен болсам кем болдым. Енді Жамалдың өмірін өксітпейін деп рұқсат сөзіңді айт. Онан соң қандай адамды алам десең де маған айт. Осылай істе, ақылыңнан адаспа? –деп ақылын айтып, жолай Күміс кемпірдің үйіне келіп өзінің ақылын айтады.
Күміс кемпір:
— Ақылыңнан садаға кетейін қайным. Ырымы ғой, мынаны ала кет! – деп маңлық ішік кигізіп, екі жүз ділдә қосып беріп қайтарыпты Өтенді.
Өтен қу үйіне келіп, тың тыңдап жата беріпті. Арада екі күн өткен соң келіп еді, Күміс сорлының екі езуі екі кұлағында, қайнысын атынан түсіріп ағынан жарылыпты.
— Оу, жеңеше неменеге мұнша қуаныштысың? Иә айта бер жайыңды, – депті Өтен Күміске.
— Садағаң кетейін қайным. Жамалым туғанда осындай бір қуанышқа кенелген шығармын. Онан кейіңгі қуанышым кешеден бергі ғана. Айтқаныңның бәрі орындалды. Алжасқан Сәмен малын сойып отырып, батаны өзі бұзып, Жамалымның басын өзі ашты. Несін айтасың! Осыны Жамалыма айтып келіп едім, кешеден бері өлген әкесі тіріліп келгендей бұрынғы нұры-нұр ма тәйірі! Мүлде гүлдің шоғындай жайнап кетті емес пе! Алғысын cаған жаудырғанда бар ғой, жер-көктегі бар жақсылықты арнап бағыштап-ақ жатыр- дей келіп ішкі омырау қалтасын ақтара отырып, жібекке түйілген бір кесек асыл тасты қолына алды да:
— Өзім беруге ұяламын ғой, мына бір асылды, сол кісінің бәйбішесіне деп берші, бұл өзі бір мың ділдәнікі дейді, аманатын табыс қылып қояйын, – деп бір кесек гауһар тасты ұсына беріпті.
— Алда қарағым-ай, баяғыдан бері білгенде мұндай ұзақ сары уайымға салынбаған болатын еді. «Игіліктің ерте кеші жоқ» деген ғой, құдайым енді дегеніне жеткізгей-ақ... Қатты қуанып кеткен екен ғой. Мына гауһарын несіне берді. Өзіне керек дүниесі ғой, осыны мен алмасам қайтеді жеңеше, – деп мүләйімсіпті Өтен қу.
— Құдай-ау, ол не дегенің, өзі беріп отырған соң енді алмасаң, көңілі қалады, алып бар әлгі келінге, қайын сіңілің берді де, – о несі сынықсыған құрмағыр, – деп әзілін де қосыпты, Күміс кемпір.
— Енді әзілді қой жеңеше. Осы бала үшін мен бір адамды ойыма алып отырмын, сол орынды-ақ болар. Оқу медресінің бас ғалымы Қасен деген жігіт бар. Оның дүниеде білмейтіні жоқ. Тегі хан тұқымы. Ханның ағасының баласы ма қалай? Жамалды осыған орналастырсақ, бағы теріс болмас еді. Оны өзің қалай ойлайсың ойланып маған жауап бер.
— Қайным, енді екі тізгін бір шылбыр сенің қолында, жалғыз баланы өзің орынды деген жеріңе орналастыра берсеңші. Жамал жан сенің дегеніңнен теріс кетпейді. Басы қор болмайтын жерге барса болғаны ғой, – деп разылығын білдіріпті қайнысына Күміс.
— Олай десең менің осы ойымды Жамал жанға өзің айт. Дұрыс деп көрсе, өзім жөнін табамын ғой, – деп тастап Өтен енді аяңдап ауырып жатқан Қасенге келіпті. Кеңесті алдымен өзі бастап:
— Ғалым бала денсаулығың қандай болып жүр? Сырттан құдайға шүкір деп естіп, қуанышты болып жүрмін. Дегенмен өзім бір бет көріп, амандасайын деп келіп отырмын. Құдайға шүкір екенсін тәубә бұған. Ал енді келген соң несіне бөгеліп отырамын. Бұйымтайымды айта отырайын. Баласыңдар ғой. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» деген емес пе. Сенің інің Самат маған бір іс тапсырған еді, соның бетін бері қаратып қалып едім, сол іс шын пиғылымен айтылған іс пе? Жоқ әлде өзінің жастық балалығымен тапсырған ісі ме, соны өзіңнен ауызекі сұрап білейін, шын болса мен де шындап кірісейін деп өзіңе келдім қарағым, –депті. Сонда Қасен:
— «Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» -деген ғой бұрынғы ата-бабаларымыз. Өзіңіз бастап берген соң, несіне жасырайын, – деп алып Өтенге ағынан жарылып, барлық жайды, Жамалдың өзіне арнап ғашықтығын білдіре халық ортасына салған әнінің қайырмасын да айтып беріпті.
— ЕндіАлаң болмай отыра бер, көлденеңнен аман болсақ, кешікпей-ақ қосылып қаларсыңдар. Сендердің осы жайыттарыңды біліп мен де Жамал мен Сәмен екеуін ықтияр айырдым. Олардың ешкімге де обалдары қалған жоқ. Майдан қылшық суырғандай» таза жолмен айырдым. Сәмен өзі де кемтар екенін мін көріп, алғанмен адамшылық құра алмаспыз деп өзі де ойлап, тарығуда екен, ақылымды айтып едім, ақылым бойынша араларын ашыпты. Сәменнің әкесі тірі кезінде дәулетті адам болған. Сол кезінде дәулетмастық жасаған ба, беретін қалың малды да көп айтып жіберіпті. Бірақ ол сөйлескен қалың малдан бері сөйлесермін, – деп қамқорсыпты Өтен.
— Алысып арсыздыққа салына берсем, «алшы мен тәйкенің» бірі боламын ғой. Адамның адамгершілігі деген бар ғой, менің мұндай қалге ұшырауыма Жамалдың айттырған күйеуі Сәменнің басын қорлай алмай және олда мен сияқты Жамалға ғашық болса, обалына қалмайын деген оймең, өз дертімді өзім жүктеп жатқан жайым еді. Тек олардың обал ақысы менде қалмаса, Жамал үшін барлық өмірімді соның қалың малына арнауға да дайынмын, қамқорлық қақыңызды да ұмытпаспын. Ендігі істі де ақылмен оңарсыз – деп көкірегін кернеген көмілмелі қайғының күдіс жерін жазып, денесіне жабысқан дертті делегсй айландырып шешкен шекпендей сыпырыпты да әзірше келген жолыңызға деп қалтасына бір мың ділдә салып Өтенді қайтарыпты.
Хакім хан дәуірлеп тұрған заманында қол астындағы халқының сән-салтанатының орталығы болдырсам деген пікірмен жоғарыда айтылған алты қаланың өнегелі қаласы болдырамын деп атын Әсем қала атандырып, бұл қалаға сол заманға сай сәулет, көркем деген не жақсының барлығын осы қалаға орналастырған екен.
Мысырдың атақты саудагері Манат байғада жазған хатында:
„Өз үстемдігім жүріп тұрған заманымда, Әсем қала деген қала салдырып жатырмын. Бұл қалама дүниедегі адам баласына не жағымды жақсы делінетін дүние мүліктен бастап атақты адамдарды да мекендетуге айналдырмақ едім. Естіп отырсам байлығыңыз баршадан асқан адам екенсіз. Келешегіңізге келісімді болар деп көрсеңіз, көшіп келіп менің Әсем қалама әсеріңізді тигізіп, алыс жуыққа атағыңызды жеткізіп, байлықтың бақшасын орнатуыңызды қалаймын – деп хатын жолдапты Хакім хан.
Балықтың іздегені-топан су емес пе. Хакім ханның хатын алысымен көшіп Әсем қалаға келуді ұнатпай, өзінің үлкен баласы Әзімді бес жүз түйеге пұл мата арттырып, қырық түйеге алтын, гауһар, лағыл, жаһұт тиеп қызметк