05 Желтоқсан, Бейсенбі

Әдебиет

Құйыршық






Баяғы өткен заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Балалары болмапты. Мал дегенде, бес ешкі, бір қартайған қара нары ғана бар екен.

Бес ешкінің біреуі қашаған болыпты. Бір күні шал оны сауғызайын деп, қуаласа, оңайлықпен ұстатпайды. Діңкесі құрып, ыза болған шал:

— Әй, шешек келгір! – деп, құйрығынан шап беріп ұстай алыпты. Қаттырақ жұлқып қалса керек, құйрық үзіліп, қолында қалып қойыпты.

Ешкіден өшін алып, айызы қанған шал құйыршықты өзінің қара лашығының жабығына тыға салыпты.

Ешкілерді сауып болғаннан кейін, кемпір от жағып, сүт пісіреді. Піскен сүттен айран ұйытады да қазанның қаспағын қырып отырып:

— Көзі соқыр Құдай, тым құрыса осы қаспақты жейтін бір бала да бермедің-ау, – деп налиды.

Сол кезде жабықтан:

— Шешеке-ау, мен ше? Мен бар емеспін бе? – деген жіңішке дауыс естіледі.

— Сен болсаң, жей ғой, – дейді, кемпір сенер-сенбесін білмей. Құйыршық жабықтан шығып, секіріп жерге түседі де табаққа салған қаспақты алдына алып, жей бастайды.

Осылайша Құйыршық шал мен кемпірге бала болады. Ол кезде тұрғын ел ас-тұзын қиырдан түйеге артып әкеледі екен. Бір күні ауыл адамдары тұзға баруға әзірленеді. Сонда шал отырып:

— Басқалар сияқты тұзға жұмсайтын балам да жоқ, – деп уайымдайды. Шалдың мұңын естіп:

— Ата, мен ше? Мен бар емеспін бе? Мені жұмсаңыз, – дейді Құйыршық.

— Қарағым-ау, сен қайтіп әкелесің? Қара нардың басына қалай ие боласың?

— Құлағының екі ортасына отырып аламын, – дейді.

— Ендеше бара ғой, – деп жұмсайды шал.

Құйыршық елмен бірге тұзға кетеді. Тұздарын алып, қайтып келе жатқанда, жолда нөсерлетіп күн жауады. Жолаушылар шапандарын, шекпендерін, сулықтарын бүркеніп, қос тігіп паналайды. Ал Құйыршық болса, бір түп түйеқарынның астына кіріп кетеді де қисайып жатып, ұйқтап қалады.

Қара нар оттап тұрып, Құйыршықты түйеқарынмен қоса асап қояды. Тұзшылар іздеп-іздеп таба алмай, қара нарды жетелеп ауылға келеді. Шал мен кемпір қуанып, жүгіріп алдынан шықса, қара нар өзі келіп тұр. Құйыршық жоқ.

— Құдай-ау, тым құрыса, бізге енді бармақтай Құйыршықты да қимадың ба? – деп, кемпір жылап жібереді.

Мұны естіп Құйыршық:

— Апа, жылама, мен мұндамын! Қара нардың ішіндемін! – деп, айқайлайды.

Шал жығып салып, қара нарды сояды. Қан-жынын жардың астына апарып төгіп тастайды. Талықсып, шала-жансар Құйыршық соның ішінде кете барады.

Сөйтіп, Құйыршық есін жиып, шал мен кемпірді қайтадан іздеп тапқанша, бір аш қасқыр келіп, қан мен жынды асап-асап жеп қояды. Құйыршық әлгі қан-жынмен араласып, қасқырдың қарнына барып түседі.

Бұдан кейін тағы да дала кезіп, көзі қарауытқан аш қасқыр бір күні жайылып жүрген қалың қойды көреді. Ақырын бұқпантайлап барып, енді шабайын дегенде, қасқырдың қарнында жатқан Құйыршық:

— Аттан, аттан! Қойға қасқыр шапты, қойға қасқыр шапты! – деп ышқына айқай салады. Мұны естіген қойшы қасқырды тұра кеп қуады. Айдалаға айдап тастайды.

Осыдан кейін қасқыр қойға шаба алмай, аштықтан қарны шұрылдап, аштан өлуге таяйды.

Бір күні титықтап келе жатқан қасқыр сумаңдаған түлкіге кездеседі.

— Түке, тоқтай тұршы, – деп, тоқтатып алады да осылай да осылай деп сырын айтады. — Ішіме кіріп алған бір пәленің кесірінен аштан өлетін болдым. Одан қалай құтыламын? Ақылыңды айтшы, – деп, зар жылайды.

Сонда түлкі ойланып тұрып:

— Мұның емі мынау: әбден пора-пора терлегеніңше, ойдан қырға жүгіре бер. Содан кейін тақыр мұздың үстіне бауырыңды төсеп жата қал, – дейді білгірсініп. — Сонда ішіңдегі пәледен құлан таза айығып шыға келесің.

Басқа айласы жоқ қасқыр әлгі түлкінің айтқанын істейді. Ой-қырды шапқылап, терлеп келіп, тақыр мұзға бауырын төсеп жата қалады. Сақылдаған сары аяз екен. Сол заматта-ақ қасқырдың бауыр жүні жабысып, қатады да қалады. Мұз үстінде тарбиып жатқан қасқырды сол маңнан өтіп бара жатқан бір жолаушы көріп, соғып алады.

Жолаушы қасқырдың терісін сыдырып жатқанда, Құйыршық лып етіп, оның кісесіне кіріп кетеді. Кеш бата жолаушы бір ауылға келіп қонуға рұқсат сұрайды. Шеткі бір қараша үйдің тұсына тоқтап:

— Кім бар, ей, құдайы қонақпын! – деп дауыстайды.

— Нешеусіңдер? – деп сұрайды үй иесі.

— Жалғызбын, – дейді жолаушы.

Сол кезде:

— Жоқ, бұл өтірік айтады, біз екеуміз, – деп, қосарлана дауыстайды Құйыршық.

Жолаушы аң-таң болып, жан-жағына қараса, ешкім көрінбейді. Сол аралықта үй иесі тысқа шығады. Оны көре салып Құйыршық:

— Ата! Ататайым! – деп, секіріп барып, шалдың мойнына асыла кетеді.

Құйыршықтың даусын естіп, үйден кемпір де жүгіріп шығады.

— Кішкентайым менің! Бармысың? – деп, Құйыршықты аймалап бауырына басады.

Сөйтіп, Құйыршық өзінің сүйікті ата-анасымен осылайша қайтадан табысқан екен.