Әдебиет
Бақа мен кірпі
Көлшік маңындағы көгалда бақа мен кірпі бір-бірінің түрін көріп, қайран қалысыпты. Көзі бадырайып, жүрегі лүпілдеген бақа:
— Тұла бойың түгел тікенек, не деген тұрпайысың! – депті кірпіге, бақаға батпай бұйығып тұрған кірпі:
— Өзгелердің көзінше тұла бойын тыртитып сенің түрің де келісіп тұр екен! Түріңді көргенде, денемнің түршіккенін-ші! – деп, тікенектерін тікірейтіп, тұмсығын тыжырайтып, күліп жіберіпті.
Екі аяғымен жер тіреп, еңсесін көтеріп, көлбақа іштей сескенсе де есесін жібергісі келмей:
— Осы көкмайсаға бір аунамай, өмір бойы тікенек арқалаған тіршілігің құрысын! – депті көмейі бүлкілдеп.
— Бұт-борбайыңды шөпке жырғызып, жалаңаш жүрген сенің тіршілігің құрысын! – депті, кірпі тікенек арқасын шегірге үйкеп-үйкеп қойып.
Бақа сол тікенек өзіне қадалғандай қаймығып, былай деп бақылдай жөнеліпті:
Жан сая деп білгенім,
Жалғыз ғана көл менің.
Жап-жалаңаш жүргенім,
Жай-мәнісі сол менің.
Жалынайын мен кімге,
Жан қысылса әрдайым.
Суға дереу сүңгуге
Жалаңашпын дап-дайын...
Бақа жайын түсінген кірпі де қыртысы жазылып, тіл қатыпты:
Бар шыныңды бүкпеген,
Біреу көрсе бүктелем,
Өлі-тірім сезілмей.
Домаланған тікенге
Көзі барлар жолай ма!
Көне қоймас икемге
Мен бір жатқан шоңайна!
Жыланды да жабысып,
Жылжытпаудың ебі - осы.
Қамшыласа алысып,
Қан болады денесі!
Кірпі соны айтып, жылан ұстағандай жиырыла қойыпты, бақа шоп етіп суға сүңгіп кетіпті.