Әдебиет
Айлакер түлкінің ажалы
Түлкі, қасқыр, жолбарыс, түйе төртеуі жолдас болыпты. Тапқандарын бірге жинап, ұдайы бірге жүріпті. Содан кейін қыс кетіп, жаз болады, жыртқыштардың бұрынғыдан да табыстары азайып, қарындары ашады, түйе болса жегені шөп, семіреді. Бір күні түйе жайылып кеткенде, түлкі қасқыр мен жолбарысқа:
— Мына түйені жейік, – дейді.
Жолбарыс:
— Аңғал емес пе, түйе көне ме? – дейді.
Қасқыр:
— Жолдас қой, – дейді.
Сонда түлкі:
— Әй, Жәке-ай, Қасеке-ай! Өзін риза қылып, мен көндірсем, бола ма? – дейді.
— Иә, өзі көнсе, болсын! – дейді жолбарыс.
Кешке түйе келеді. Күйреуік алабота жеп күйсеп жатады. Содан кейін түйеге түлкі келіп былай дейді:
— Ой, түйе, сен көп ойлап, көзіңді жұмып, күйсеп жатырсың? Сенімен біз бірталай уақыт жолдас болдық. Қыс кетіп, міне, жаз болды. Тоғайға су жайылып, малдың бәрі қырға кетеді. Мына Жөкең болса қырға шыға алмай, қарны ашып жатыр. Қасекең болса, күн ыстық майтабан болып жүгіре алмай, малға шаба алмай қалжырап жатыр. Тышқан ін сақтап, қаз-үйрек көл сақтап, қоян жатақ сақтап, маған да қиын болды. Ескі жұрттан сүйек-саяқ, қалған-құтқан алып келгенім ештеңе болмады. Енді қалай болды? Сен болсаң, шөп жеп тойып жатырсың, ет жемейсің. Сондықтан сені жей тұрайық деп мен, Қасекең, Жөкең болып ақылдасып отырмыз. Оған қалай қарайсың?
Сонда түйе:
— Ойбай, не дейсің, өліп қалмаймын ба? – дейді.
Сонда түлкі айтады:
— Әй, Түйе, бойың үлкен болғанмен, сенде ақыл жоқ екен! Мен айтайын, сен тыңда! Қыстыгүні қар жауады, шөп қурайды. Сонда біз сенің жейтін шөбіңді қамдап, жинап қоямыз және қиямет күні қайта жан кіреді. Ол қалай, ойлашы? Біз жесек, сенің сүйегіңді жемейміз, етіңді жейміз. Қысты күні біз көп мал табамыз. Сонан соң етіңді төлейміз.
Сонда аңғал түйе:
— Төлейтін болсаңдар, мейілдерің, жеймін десеңдер, жеңдер! – депті.
— Ондай болса, біз де ақылдасайық, басқа тамақ табылса, қарызданып қайтеміз, – деп, түлкі түйенің қасынан тұрып кетеді.
Түлкі Қасқыр мен Жолбарысқа келеді.
— Түйені көндіріп келдім, бірақ қалай жейміз? Менің ақыл-айлам болмаса, қайратым жоқ қой. “Қасқыр жолдасына қастық қылмайды” деген бұрынғының сөзі бар. Қасекеңнің де ыңғайы келмес, – дейді.
— Иә, Жөкең болмаса, мен жолдасыма алдап қастық қыла алмаймын, – дейді Қасқыр.
— Ал, Жөке, не істе дейсің? – дейді түлкі.
— Менде қара күш болмаса, қайбір ақыл бар, әлі де болса, қалай жеудің амалын өзің тап, – дейді Жолбарыс.
— Олай десең, атаңның аруағына сыйынып, сен соқ! – дейді Түлкі. Жығылған соң, союына сізді әурелемей, Қасекең екеуіміз жайғармыз.
Бір уақытта жолбарыс «сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ» деп барып, шегініп тұрып, «әуп» деп, түйені бір соғады.
Бейқам күйсеп тұрған түйе тәлтіректеп барып құлай кетеді. Сонда қасқыр бас салып, бауырын жарып жібереді. Түлкі тамағына жабысады. Жанына батқан алып атан тарпып жіберіп, ышқынып тұрып кетейін дегенде, Түлкі:
— Сабазым, сабырлы бол, көктемде өзіміз тұрғызып аламыз, – дейді.
Жолбарыс, Қасқыр, Түлкі – үшеуі бірінен-бірі жасырып жеп, түйенің етін де тауысады. Түлкі бірсыпыра етті үңгірге тығады.
Сөйтіп Жолбарыс пен Қасқыр тағы ашығады.
Бір күні Жолбарыс:
— Әй, Түлкі, қарын ашты ғой, енді қалай болады? – дейді.
Сонда түлкі тұрып:
— Олай болса, менің жолым жіңішке ғой, жан-жақты шолып қарайын, – дейді. Түнде барып қараған болып келіп айтады:
— Ал, Жөке, Қасеке! Мен бір тамақ тауып келдім, өзім алам, сіздер жей алмайсыздар.
— Олай болса, барайық, – деп, үшеуі келеді. Бағанағы ет тыққан жердің аузында бір дәу тас тұр. Тасты аударса, етке жол ашылғалы тұр. Жолбарыс келіп, олай-бұлай байқап үңгірдің аузынан өте алмайды, түлкінің жүрген жерінен жүре алмайды, аңырып шегініп тұрады.
Сонда Түлкі тұрып:
— Әй, Жөке-ай, шегінуің атаңа тартқан-ақ екен, бірақ соғуың тартпапты. Атаң марқұм анадай тасты соққанда, тас-талқанын шығарушы еді! – депті.
Сонда Түлкінің сөзіне шамданған Жолбарыс тасты шегініп келіп, пәрменімен бір соғады. Соққан жерде белі үзіліп, орнынан тұра алмай қалады. Түйенің еті ар жағында, Жолбарыс бер жағында жатады.
— Ал, Қасеке! Екеуімізге қар жауғанша, жеуге жарайтын тамақ табылды, – дейді Түлкі. Сөйтіп, екеуі Жолбарысты аттап өтіп барып, етті жеп жүреді. Жолбарыста бұрыларға шама жоқ.
Бір күні Жолбарыс Түлкіге:
— Түке! Көзімнің тірісінде қоштасайын, алдыма таман келші! – дейді. Сонда Түлкі: «Жәкең алдына барсам, ауызды салайын деп жатыр екен ғой» деп ойлайды да бармайды. Біраздан соң Қасқыр келеді.
— Әй, Қасеке! Мына Жәкең бізге үлкен бел еді. Халі мұндай болды. Сен жолдас қақысын жақсы білесің ғой. Жаңа мен барып амандасып, аузынан жалап, қош айтысып, мауқын бастым. Сен де барып амандасып, қош айтыспайсың ба? – дейді.
— О да дұрыс екен, барсам барайын, көңілін сұрап шығайын, – дейді Қасқыр.
Басына барып:
— Қош, Жәке! – деп, тұмсығын иіскей бергенде, Жәкең Қасқырды бас салып, мойын омыртқасын үзіп жібереді. Сол жерде Қасқыр да өледі. Түкең жолдастарының бәрін жайғап, етін жеп жүреді.
Бір күні қар жауады. Екі қыран тазысы бар бір жігіт аңға шығады. Түлкінің ізі кездесіп, екі тазы түлкінің ізімен кетеді. Артынан шауып жігіт те келеді. Келсе, Түлкі манағы үңгір тасқа кіріп тығылған екен. Жігіт үңгірдің аузына от жағып, ішін ыстап, аузын бекітіп кетеді. Ертеңіне келсе, түлкі түтінге тұншығып өліп қалыпты. Сөйтіп, жолдастарының бәрінен құтылған арамза Түлкі адамның ақылынан құтыла алмапты.