Әдебиет
Жамандық неден болады?
Ертеде орман арасында бір жалғыз кісі тұрыпты. Бұл кісіден аң мен құстар қорықпай, адамша сөйлесіп жүреді екен. Бір күні әлгі кісі талдың түбінде жатқанда, барлық құстар жиылып, сол жерге түнемек болыпты. Аң мен құстар өзара әңгімелесіп:
— Осы дүниеде жамандық не себептен болады? – деп бірінен-бірі сұрайды. Сонда қарға айтыпты:
— Дүниедегі жамандық аштықтан болады, жүрегің қарайған кезде, не болса соған ұрынасың, ешкімді тыңдамайсың. Осы ашаршылықтан біздің қанша жақын туысымыз өлді. Сондықтан аш болмаудың қамын ойлау керек.
Көгершін айтыпты:
—Менің ойлауымша, жаманшылық аштықтан емес. Сүйіспеншіліктен болады. Егерде біз жалғыз болсақ, біздің жұмысымыз аз болар еді. Біз екеу-екеуден тұрамыз. Өзіңнің жан жолдасыңды жақсы көрген соң, саған тыныштық жоқ. Оның тамағын тоқ, көйлегін көк етуді ойлайсың. Және де ол бір жаққа ұшып кетсе, аман-есен келгенше, тиыштығың кетіп, қайғы жеп боласың. Келмей қалса, іздеймін деп, өзің бір апатқа ұшырап өлесің. Сондықтан жаманшылықтың бәрі осы сүйіспеншіліктен.
Жылан айтыпты:
— Меніңше, жамандық ызақорлықтан болады. Егер де біз тату тұрсақ, ызаланбас едік. Сонда бізге бәрі де жақсы көрінер еді. Егер де бір нәрсе көңілдегідей болмаса, қатты ашуланасың. Ешкімді аямай, біреуді шақсам екен деп жорғалай бересің. Біреуді шаққан соң, өзіңді өлтіреді. Міне, жамандық ызақорлықтан болады.
Бұғы айтыпты:
— Меніңше, дүниедегі жамандық қорқақтықтан болады. Егер де біз еш нәрседен қорықпайтын болсақ, бәрі де жақсы болар еді. Мен жүйрікпін, күшім көп, кішкентай аңдарды мүйізіммен сүзіп құлатамын, үлкен аңнан қашып құтыламын. Бірақ ағаштың бұтағы сыбдырласа, жапырағы суылдаса, қорыққаныңнан есің кетіп, қаша бастайсың. Қашып келе жатып, жардан құлап өлесің, я итке жем боласың. Сондықтан қорықпау керек, батыр болу керек.
Сонда олардың баяғы әңгімесін тыңдап жатқан кісі:
— Сіздер бәріңіз де жамандықтың не себептен болатынын дұрыс айттыңыздар. Біз, адам баласы, оны жақсы білеміз, неге десеңіздер, біз жамандықты да, жақсылықты да көп істейміз. Аштық, сүйіспеншілік, ызақорлық, қорқақтық–бәрі де жан-тәнімізді сақтау үшін керек. Бірақ біз тәнімізбен тіршілік етпейміз, көбінесе жанымызбен тіршілік етеміз. Егер де біз бәрінен бұрын тәнімізге қызмет қылмай, жан күйіне қызмет етуді тілесек, онда біз аман болар едік, – депті.