04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Түлкіден де өткен қу қаз






Түлкі бір күні оттап жүрген бір қазды ұстап алып, алдыңғы екі аяғымен басып тұрып, мазақ қылып, біраз азаптайын деп, мұртынан күліп:

— Ә, қаз, сенің қолыңа мен түссем, сен не қылар едің? Қаз сәл ойланып тұрып:

— Не қылар едім? Белгілі емес пе, сені тісіммен тістеп тұрып, екі аяғымды кеудеңе қойып, көзімді жұмып: «Ә, Құдай, бергеніңе мың шүкір!» дер едім де сені жеп қояр едім, – депті.

Түлкі:

— Мынауың дұрыс екен. Мен де сені өзің айтқандай қылып жейін, – депті де қазды тістеп, өзі шоңқиып отырып, алдыңғы екі аяғын кеудесіне қойып, көзін жұмып: «Ә, Құдай...» – дей бергенде, қаз қанатын қағып қалып, қаңқылдап ұшып кете беріпті,

Түлкі:

— Ә, Құдай... – деген күйінде аузын аңқита ашып, шоңқиып қала беріпті.