Әдебиет
Түс көрген патша
Ескі заманда бір патша «түс көрдім, түсімде не көрдім?» деп, өзіне қарасты жұртын жинап, қинай береді. «Не көрдіңіз?» десе, айтпайды. «Көргенімді табасың» деп ашуланып, ақыры қырық күн мерзім қояды.
«Осы күнге дейін табасың, таппасаң бәріңнің басыңды аламын. Маған қарасты бірің аман қалмайсың, – деп уағда берген. Бұның жұрты күңіренеді, жылайды, теңселеді, тебіренеді. Құмырсқадай қара қалың ел біреуі де таба алмайды, сонда мерзімді күнде патша бәрін жиып, сұрап, таппаған соң, қыратын болып: «Маған қарасты жаннан есін білген, ақылын таныған, қартайып алжығаннан бөлек адам, ішкері-тыскері жолаушы жүрген, шажау-шайғы келмей қалған адам бар ма?» – деп сұратады.
Сонда біреу:
— Тақсыр, ауыл шетінде сізге қарасты жұрт пен бөлек ханның шекарасында пәлен жылғы пәлен тауда төрт ешкілі бір кедей бар, сол келген жоқ, онан бөлек бір адам да қалған жоқ, – деп айтқан соң, патша:
— Бір өзі қалғанда, жұртқа тұтқа болар дейсің бе? Таба алмаса, қырғынның ішінде о да бірге кетсін, айдап кел! – деп жасауыл жібереді. Бұ сөз мұнда тұрсын.
Ол кедейдің өзі жалқаулау еді, жалғыз ешкісі бар еді. Соның сүтін айран қып ішіп, үш мезгіл пісіріп, күн көріп жүруші еді. Бір күні пияла кеседе сүт тұр еді, даладан бір жылан келіп, кеседегі сүтті ішеді де бір теңге тастап, жылжып жүре береді. Сонда кедей «бұл тәуір болды-ау, жылан тағы келсеші» деп, қуанып қала берді. Сонымен ертеңіне абайланып, ойланып отырса, кешегідей жылан тағы келе жатыр. Алдын ала қамданып, жүгіріп тұрып, кесеге тағы сүт құйып қойды, жылан тағы да кеседегі сүтті ішіп, кешегідей бір теңге тастап, жылжып кете береді. Сол күйінше күніге келіп, сүт ішіп, теңге тастайтұғын болды. Сонымен кедей теңге көбейіп қуаттанып, үш ешкі сатып алып қосып, сүт жыланға да, өзіне де жеткілікті боп, артылған теңгесін жамбасына жиып жата береді. Мынау жылан сүт ішіп болған соң, бір төбенің басына шығып, інінің аузына жақын жерде арқасын күнге беріп, олай-былай аударылып жатады да қояды. Оның жайына кедей әбден сырдаң болды.
Сол күйлерінде жүргенде, осы кедейге патшадан жасауыл барды. Жұрттың күйзелгенін, қиналғанын, патшаның көрген түсін айта алмағанын, бәрінің жайын айтып: «Көптің бірі болып таба алмасаң, сен де өлесің, жүр», – дейді. Сонда кедей: «Барайын, артыңнан қалмайын», – деп, рұқсат сұрап, жасауылды қайтарып жіберіп, оңашалап жыланға келіп сәлемдесіп: «Ай, Мар ата, басың көтер», – деді. Сонда: «Не дейсің, жазған?» – деп еді.
Сонда кедей: «Ай, Мар ата, сізбен қанша уақыттан бері қарай тұздас, дәмдес болып едім, басыма осындай бір қиын мәселе пайда болды. Патша осындай бір түс көрдім, соны табасың, болмаса тегіс қырамын депті. Жұрт тербелді, ел күйзелді. Түсін таба алмасам, мен де өлемін. Осының жайын білесіз бе? Бір мен емес жұрт үшін айтсаңыз», – деп еді.
Сонда жылан: «Айтайын, тапқаныңа серік қыласың ба?» – деді.
Сонда кедей: «Бәрін алсаңыз да айтыңыз!» – деді.
Сонда жылан: — «Бірақ мен айтты деп айтпа, ханға жолықпай, басқаға сөйлеме. Патшаң түсінде түлкі көрді», – дейді.
Соған кедей қуанып, патшаға барған соң, патша «қалған адам осы ма?» деп еді, жұрт «осы» деді. Сонда хан: «Тапсаң, көп сый-сияпат аласың, таппасаң жұрттың қатарында сен де баратұғын жеріңе барасың», – деді. Сонда кедей: «Қайыр, тақсыр, тапсам айтайын, таппасам көптің бірімін де», – деді.
Сонда патша: «Түсімде не көрдім?», – деп, түксиіп адырайды. Сонда кедей: «Қайдам, тақсыр, жаңылып жазбасам, түлкі көрдіңіз», – деп еді, патша тұрып: «Бәрекелде, осы адам әулие», – деп, жұртқа азаттық беріп, әлгі кедейге бір көтерім сауқат деп алтын беріп жөнелтті. Сонда кедей келе жатып ойланып, «осы алған олжаны жылан білер ме екен, білмес пе екен?» деп, көп толғанып, «қой, не де болса, жоқшылықтың зарын тарттым ғой, мұны өзімнің үйімнен, жыланның інінен аулақ жерге белгілеп, жоғалмайтұғын қылып көмейін. Бір қарын ашқан уақытта керек болар» деп, жайлап жүре берді. Жылан не алып келдің, не қылдың деп сұрамады. Осы қалпынша неше жыл, неше айлар өте берді. Бұл жылан да баяғы әдетімен сүтін ішіп, бір теңгесін тастап жүре берді. Сонда да кедей дүниесі көбейсе де төрт ешкіден бөлек мал алмай, киім-кешектен артылған теңгесін жамбасына басып жата берді.
Ал енді бір күндерде, ай өтіп, жыл өтіп, баяғыдай патша жұртын жинап алып қинай бастады. «Түс көрдім, түсімде не көрдім?» – деп. Сонда жұрт күйзеліп, күңіреніп, тербеліп: «Ойбай, тақсыр-ау, баяғы әулиеңіз жалғыз ешкілі кедей бар емес пе еді; сый-сияпат алатұғын», – деп шулай бастады.
Сонда патшаның ілгергі түсін жорыған кедей есіне түсіп ойланып, «кедейді жылдам айдап кел» деп, жасауыл жіберді. Ілгергі әдетімен кедей «артыңнан барайын, жүре бер» деп, рұқсат сұрап жасауылды жөнелтіп, тағы да жыланға келіп сәлемдесіп, жөн сұрасып: «Ай, Мар ата, басыңды көтер!» – деді.
Сонда жылан: «Хош, кедейім, не жұмысқа келдің, сөйле!» – деді. Сонда кедей: «Ай, Мар ата, патшамыз шақыртыпты, тағы да «түс көрдім, түсімде не көрдім?» деп, жұртты қинап жатыр деп, жасауыл келді. Соған не дейін?» – деп еді.
Сонда жылан: «Тапқаныңа серік қыласың ба?» – деді тағы да. Сонда кедей: «Серік қылайын, бәрін алсаңыз да айтыңыз», – дейді. Сонда жылан: «Мақұл, айтайын, ханға өз аузыңмен айт, түсінде патшаң қасқыр көрді», – деді. Кедей байғұс қуанып, аттап-бұттап елеурей ханға барып еді, жұрт алдынан шығып көтермелеп орын беріп, «не сөйлер екен әулие» деп, тыңдап тұрды. Сонда жауаптасып болған соң, «менің түсімді жорисыз ба?» деп еді, кедей тұрып ілгергі әдетімен: «Қайдам, тақсыр, білсем айтайын, білмесем көптің бірімін де», – дейді. Сонда хан: «Білсеңіз айтшы, түсімде не көрдім?» – дейді. Кедей тұрып: «Өзіңізге аян, басқаға күмән, түсіңде қасқыр көрдің-ау деп ойлаймын», – деді. Патша шаттанып: «Осы азамат білімпаз әулие»», – деп тағы да сый-сияпатқа бір көтерім ділда алтын беріп, ізетпен жөнелтті. Ал енді кедей келе жатып ойланды, «осы алып жүрген алтын олжаларды жылан білер мен екен, білмес пе екен. Ай, оны да біледі-ау деп, көп толғанып, ойланып, «қой, білсе керек-ау» деп қиялданып, «түбінде жылан дүниені көбейтейін деп қиялданып жүрген шығар. Онан да бұл алтындарды ілгергіден бөлек жерге белгілеп көмейін де қолыма бір үлкен тас алып, қамданып барып, жыланды абайсызда ұрып өлтірейін» деп, ділданы көміп, жайлап ауыр тас алып жыланға барып, қақ басына таспенен беріп жібергенде, жыланның басы жарылып, жиреңдеп ініне кіріп кетті. Өлген-өлмегені белгісіз боп, қауіпте жүріп, кедей байғұс бірнеше күн ұйықтай алмай жүрді. Арада апта, он күн өткенде бір күні кедей жалтаңдап, қуыстанып отырса, жылан ішке иреңдеп келе жатыр. Кедей ырғып тұрып, бір кесеге сүт құйып даярлап, анадай жерде одағайлап байқап тұрып еді, жылан ілгергі әдетімен сүт ішіп, теңге тастап, жайына кете берді. Сүйте-сүйте жылан күніге келіп, сүт ішіп, теңге тастап, кедейдің еті үйреніп, қауіпі кетіп, ілгергі қалпындай шырын боп жүре берді. Тағы бірнеше заман, бірнеше жыл өткен күндерде бір күні патша түс көрдім деп жұртына жар шақыртып, үлкен-кішісін қоймай жинай бастап, түс жоруын сұрады. Жұрт даңғыл жолдай болып қалған танымалы кедейді ұмытсын ба! «Ойбай, тақсыр-ау, әуелгі сапар түсіңізді айтып, көп дүниеңізді алған әулие кедейіңіз бар ғой!» – деп, жалбарына шулаған соң, патша тағы жасауыл жіберді. Сонда кедей ілгергі қалпымен «артынан барамын, бара беріңдер» деп, рұқсат сұрап, төбедегі жыланға келіп: «Ай, Мар ата, басыңызды көтер. Бір іс боп қалды», – деген соң, жылан: «Қош, не сөзің бар, сөйле», – деді. Сонда кедей:
— Патша тағы түс көрдім деп шақыртыпты. Сіздің айту, жоруыңызбен патшаға да, елге де танымал боп қалдым ғой. Тағы да жоруын айтсаңыз, – деп еді, жылан:
— Олжаңа серік кыласың ба? – деді. Кедей:
— Серік болыңыз, патша не берсе, берейін, алыңыз, – дейді.
Сонда жылан: «Патшаң түсінде қой көрді», – дейді. Кедей байғұс елбеңдеп қатты жүріп, қарап тұрған қалың ел ханның ордасына қадам басты. Жұрт «әулие келе жатыр» деп, жарылып жол беріп, не сөйлер екен деп тек тыңдап тұрды.
Сонда патша: «Ай, білгіш, түс жорығыш, тағы сұрайтын мәуітім болды. Жорып, жауап бересіз бе?» – дейді. Кедей: «Сұрай беріңіз, жаңылсам, пендемін, тапсам әулие дерсіз. Еркіңіз», – деді. Сонда хан: «Түсімде не көрдім?» – деді. Сонда кедей: «Тақсыр-ау, шамамда, қой көрдіңіз-ау», – деп еді, патша шаттанып: «Осы айғақ, сіз әулие, кереметті адам, жұрт, мұның қадірін біл», – деп, жұртты тарқатып, тағы да бір көтерім ділда беріп жөнелтті.
Кедей байғұс талтаңдап, арқалап келе жатып қиялданып ойланды. «Осы мен жыланмен тұздас, дәмдес, жолдас боп жүріп, зиян көргенім жоқ. Өзінің бір теңгелеп берген ақшасы мұнша болды. Тағы ханнан алған ақшаларым да рулы ел тойғандай көбейді. Қой, мен де ынсап қылайын, анау көмген ақшалар жайында тұра берсін. Мынаны жыланға арқалап алып барайын. Қиса жарымын берер, қимаса бәрін де ала қояр» деп, көтеріп жыланға кеп: «Ай, Мар ата, басыңды көтер, мен олжалы боп келдім. Үш сапар түсін жорып, әуел-ақыры бергені - мынау. Қисаң, жарымын бер, қимасаң, бәрін де ал», – деп байқап тұрды.
Сонда жылан басын көтеріп: «Адамзат, опаң жоқ-ау! Сен, кедей, әдемілеп тыңда, мен саған түсіңді сөз етейін. Осылар патшаның түсінде емес, өңінде болған іс еді. Әуелі барғанда, түлкі көрдің дедің бе, сол күндерде заман түлкі боп, біреуді біреу алдап-арбап, жесем деген пиғылда еді. Патша халқының пиғылын, ниетін болжап айтқан еді. Сенің де пейіл, ниетің бұзылып, берген ақшасын жасырып, пәлен жерге көміп келдің. Пәлендей белгің бар. Рас па? Сөйтіп мені алдаймын дедің.
Екінші барғаныңда, түсіңде қасқыр көрдің дедің. Бұл күндерде жұрт бірін-бірі басып жеп, ұят, абыройды қойып, жемек пәйтінде еді. Сен де сомен қатар ділданы пәлен жылға, пәлен сайға көміп, жылан біледі-ау деп, ақырында ұятты қойып, мені таспен ұрып, жаралы қылдың. Мен де заманы қасқыр болған соң қылды-ау деп, айып көрмедім, бұл да рас па?
Үшінші барғаныңда, қой көрдің дедің ғой. Жұрттың бәрі қойдан қоңыр боп, алмақ-бермек мағмүршілдік болып еді. Сен де ынсапқа кеп, анау екі көмген дүнием аштан өлтірмес, жыланның берген ақшасы да аз емес, мынаны алып барайын, қиса, жарымын берер, қимаса, бәрін де алар дедің де алып кеп тұрсың, ғой. Хош, енді досым, неше тұздас, дәмдес болып ек, мынау ақшалардың бәрі де сенікі, көмгендерің де өзіңе бұйырсын. Ділдаларыңа мен зарлы емес. Бұл күннен кейін мен саған жоқ, сен маған жоқ, жолдастығыңа риза бол», – деп, жылан ғайып болды.