04 Желтоқсан, Сәрсенбі

Әдебиет

Жылан қабықты жігіт






Баяғыда бір кедей шал мен кемпір болыпты. Қолында мал дегеннен жалғыз есегі бар екен. Қалаға отын сатып күн көреді екен. Шал мен кемпірдің жасы алпысқа келгенше бір перзентке зар болып, күні-түні жылап жүргенде, шалдың кемпірі айдаһардың етіне жерік болыпты. Шал айдаһарды іздеп келе жатса, бір шаң көрінеді. Жақындаса, қара айдаһар мен сары айдаһар арбасып-алысып жатыр екен. Қара айдаһар сары айдаһарды өлтіреді. Шал өлген айдаһардың сан етінен кесіп алып үйіне келсе, кемпірі жерігі асып, ауырып жатыр екен. Шал келіп: «Ау, кемпір, сүйінші бер! Жерік асың табылды!» – депті. Аңсап жатқан кемпір орнынан ұшып тұрып, шалдың әкелген етін шикілей жей беріпті. Жерігі қанған кемпір тоғыз ай, тоғыз күнде аман-есен босанған екен. Бірақ бала жыланға ұқсаған екен дейді. Кемпір-шал не де болса, ішінен шыққан соң асырай беріпті. «Іштен шыққан шұбар жылан» деген нақыл содан қалыпты. Жылан баланың сөзінде ағаттық жоқ екен. Бір күні баласы әкесін қасына шақырып алып: «Әке, менің үйленетін уақытым болды. Маған осы елдің ханы Бабаханның жұрттан асқан сұлу қызы бар, соны әпер», – дейді. Әкесі айтады: «Ей, балам, мал дегенде жалғыз қолдағы отын сатып, күн көріп отырған көк есектен басқа ешнәрсе жоқ. Өзі халықтың ханы, саған малсыз бере ме?» – дейді. Баласы айтып қоймағансын, көп болса хан мені өлтірер, не де болса барайын деп келе жатса, шалдың алдынан ханның бір жендеті шығыпты. Жендет шалға: «Нағып жүрсің?» – депті.

Сонда шал айтыпты: «Менің жалғыз балам бар еді. Сол маған “Бабахан ханның қызын алып бермесең болмайды, басқа адамның қызын пері болса да алмаймын” деп мазамды алған соң, тәуекел деп, Бабаханға келе жатырмын», – депті. Оған жендет айтады: «Сенің балаң жоқ еді, күні кеше есекпен отын сатып жүр едің. Ол бала саған қайдан пайда болды?» – депті де, тағы да: «Егер балаң бар болса, балаңның аты кім?» – дейді.

Шал айтады: «Баламның аты Шаһимардан», – деп жауап береді. Сонда жендет: «Бабаханға беретін малың жоқ. Ханға қызыңды бер десең, ол саған ашуланып басыңды алады ғой. Онан да басың аманында осы жерден тіке үйіңе қайт», – деп ақыл береді. Шал не болса да көрейін деп, Бабаханның үйіне келеді. Шал ханменен амандасып болған соң, шалға хан: «Не жұмыспен жүрген адамсың?» – депті. Сонда шал айтады:

— Тақсыр, менің Шаһимардан деген жалғыз ұлым бар еді. Ол бала маған Бабахан ханның қызын алып бер деп мазамды алып, үйімде отырғызбады. Соған бола, тақсыр, сіздің алдыңызға келіп отырмын, – деді. Бұған ханның ашуы келіп, жендеттерді шақыртып: «Шалды өлтіріп, тең ортасынан екі бөліп, есегіне теңдеп үйіне қарай айдап жіберіңдер», – деп әмір етті. Қасапшының итіндей жалаңдаған жендеттер шалды ортаға алып, буындырып өлтіріп, ортасынан екі бөліп, қапқа салып, есегіне теңдеп жіберіпті. Жем жеп үйренген есек басқа жаққа бұрылмастан, өз үйіне оралады. Есек келсе, үстінде шал жоқ. Теңдеулі тұрған екі қапты көріпті. Сонда кемпір: «Құдай маған кәрі шалды да көпсіндің бе?» – деп жылай беріпті.

Кемпірдің баласы: «Шеше, сен жылама, маған әкемнің өлігін әкеп бер», – дейді. Өлікті алдырған бала үш рет дем салып, тірілтеді. Таң атқан соң: «Әке, сен Бабаханға қайта бар, ол саған білгенін істер, сен қорқушы болма», – дейді. Шал ханға қайта барып, қызын екінші рет сұраған екен, «Мына тамағын асырай алмай жүрген шалдың ызасын-ай!» – деп, жендеттерін тағы шақырып, шалды мүше-мүшеге бөліп, есегіне теңдеп жіберіпті. Баласы әкесін қайта құрастырып алыпты. Үшінші рет тағы жібереді.

Хан ашуланып: «Бұл шалға, сірә, өлім жоқ шығар және бір көрейін», – деп шалды айналып тұрған жел диірменге салып майдалатады да есегіне теңдеп үйіне жібереді. Баласы күндегі әдеті бойынша әкесін тағы тірілтіп, төртінші рет ханға жіберіпті. Енді хан қорқып: «Бұл шалдың баласы менің түбіме жететін бәле шығар, қызымды бермеймін демейін, шалдан көп мал сұрайын», – деген ақылға келіпті.

— Қызымды шын сұратсаң, менің қаламның үстінен көп жылқы айдап өтесің, сонда жылқының көптігінен қала халқы таңданатын болсын. Егер оны таба алмасаң, енді қайтып менің алдыма келме! – депті хан. Шал үйіне келіп, баласына ақылдасады. Онда баласы айтады: «Азанда менің ізіме еріп жүріп отыр. Екеуіміз бір жерге барамыз», – депті. Бір жерге келгенсін баласы әкесіне өткір алмас қылыш беріпті. «Қазір біз бір іннің аузына барамыз, сол іннен ұзын қара жылан шығады, соны өзінен бұрын көріп, басын қағып алмасаң, онда ол сені өлтіреді, одан соң қайта келмейсің», – дейді. Осыны айтып болып, бала інге кіріп кетеді. Көптен кейін ұзын қара жылан іннен шығады. Аңдып тұрған шал жыланның басын шауып түсіреді. Содан кейін іннен қаптаған қалың жылқы шұбырып шығып, ханның қаласының үстін басады. Ханның әмірі бойынша көптігінен қала көрінбей қалады. Бұл істі көзі көрген хан қатты қорқып: «Бұл бала емес, пәле шығар, не болса да бұған қызымды беріп құтылмай болмас», – деп, хан еріксіз қызын шалдың баласына беретін болады. Он бес күннен кейін қызын беретін болады. Уәделі күн біткесін шал кемпірін алып, баласын ертіп, ханның ауылына құда түсе келіпті. «Күйеу келді» деп, қыз-келіншектер алдынан шықса, аттың мойнына оралған сары жыланды көріп: «Ау, кемпір-шалдың баласы қайда?» – депті.

Шал-кемпір: «Баламыз міне» – деп аттың мойнына оралған адам басты сары жыланды көрсетіпті. Бұл сөзді естіген хан да, оның әйелі де, қызы да қатты қорқады. Ханның жалғыз қызының күйеуі келеді деп, оңаша жерге ақ отау тіктіріп қойған екен. Не де болса, соған апарып күйеуді кіргізеді. Күйеу төсектің үстінде үйіндегі жатысындай домаланып жатпай, ұзынынан жатады. Кеш болғанда халықтың әдеті бойынша қызды күйеуге күйеулетіп қасына апарады да өздері бұл жылан не қылар екен деп, сыртта жасырынып тұрады. Қыз үйге келсе де баланың қасына баруға қорқып, қасына жақын бармайды.

Сонда жігіт айтады: «Сен менен қорықпа, қасыма келіп басымнан аяғыма дейін сипа», – дейді. Қорқып тұрған қыз амалсыз жыланды басынан аяғына дейін сипайды. Сол уақытта жігіттің сыртындағы жылан қабығы сыпырылып түсіп, дүниеде жоқ, бір сұлу жігіт болып отырады.

Қыз жігіттің сұлулығына қызығып кетіп, есі ауады, сонда жігіт қызға айтады: «Мынау жылан қабық – менің екінші жаным. Соны адамға сездірме және адамға көрсетпе, өзің де жоғалта көрме! Егер бұл киімнен айырылсақ, мен саған жоқпын!» – дейді. Қыз жігіттің жылан қабығын орамалына орап, көйлегінің ішіне қолтығының астына тігіп қояды. Бірақ бұл сырды не істер екен деп, сырттан аңдып тұрған адамдар «ол не деп» қыздан сұраса, қыз не екенін айтпайды. Сонсын аңдып тұрған адамдар қыздан тартып алуға айналғанда, жігіт қыздың қолтығының астындағы өзінің жылан қабығын қағып алып, қарлығаш болып ұшып, шаңыраққа қонып отырып, қызға айтады: «Енді саған мен жоқпын. Мені іздей қойсаң, басыңдағы қалпағың оймақтай, қолға ұстаған темір таяғың тебендей болғанда табасың», – деп, қызға «көргенше, қош бол» деп, қарлығаш ұшып кетеді. Қыздың жігітке есі ауғаны сонша, үш күнге дейін ас-су ішпестен, шаңыраққа қарауменен отырады.

Мұны естіген Бабахан құдасы мен құдағиы шал-кемпірді шақыртып алып былай дейді: «Менің жалғыз қызым да, сенің жалғыз балаң да енді бізге жоқ екен. Менің басымнан хандық таятын болды. Сенің көзің өлгенше жылаумен өтетін болды. Бұл халық маған дұшпан екен. Енді қашан басымызға іс түскенше, сендер де елдеріңе қайтыңдар», – дейді.

Шал үйіне қайтып кеткенсін, ханның қызы Нұрсұлу әкесіне келіп: «Әке, енді мені басқа бір адамға беремін деген үміттен күдер үзіңіз. Енді менің қалған өмірім сол жылан қабықты жігіттің жолына құрбан болады. Сондықтан соны өлгенімше іздеуге рұқсат етіңіз», – депті.

Сонда хан: «Не де болса, үлкен істі өзің баста, бар, балам», – деп күйеуді іздеуіне рұқсат береді. Кетерінде Нұрсұлу туған елге, ата-анаға, жасынан көрген қызық дәуреніне қош айтып, басына қалпақ киіп, қолына темір таяқ алып жолға шығады.

Екі ай жүріп, табаны тілініп, жүруге дәрмені болмай, зарығып келе жатып, бір үлкен бәйтеректің түбіне келіп, демалып отырады, зарланып өлең айтады:



Қызы едім мен бір ханның Нұрсұлухан,

Еш қызық көре алмадым дүниядан.

Қарлығаш көз алдымнан болды ғайып,

Дерегін іздеп табам енді қайдан?!

Жаратқан, жас тілегі кетті қайда,

Ішімде кеткені ме шықпай арман.

Шаһимардан деді атын сұрағанда,

Кеткенше ізденермін дүниядан!



Осы өлеңді айтып, өзіне-өзі қуат беріп, аздап демалғансын, бәйтеректің биік басына шығып қараса, айдалада көз ұшында тігулі тұрған жалғыз ақ отауды көріпті. «Не де болса осы отауға барып, ұшқан құс, көрген жан бар ма екен, бір хабарын білейін», – деп жүре беріпті. Отауға келсе, ішінде бір сұлу келіншек отыр екен. Ол келіншек қызды көріп орнынан ұшып тұрып, тас қылып құшақтап, қызға жылап көріседі.

Содан кейін қыз айтады: «Неғып отырған жансың бір өзің?» – дейді. Келіншек айтады: «Мен Гүлстан патшасының қызы едім, атым Маржан еді. Менің атағымды дию патшасы естіп, өзінің бес дәуін жіберіп, олар менің әкемнің әскерін қиратып, мені тартып алып осы жерге әкелгеніне биыл бес жыл болды. Содан бері адам баласын көрген емеспін. Соның үшін сені көргенде, ел-жұртымды тегіс көргендей болып, мұңымды шағып жатқаным ғой», – дейді. Сонда қыз да өзінің басынан өткен оқиғаны түгел айтып, енді сол сүйген жігіттің көз алдынан қарлығаш болып ұшып кеткенін айтып екеуі мұңдасады. Сол уақытта келіншектің күйеуі Қарадәудің келетін уақыты жақындаған. Сосын келіншек айтады: «Менің күйеуімнің келетін уақыты болды. Сені мен жасырайын, мынау үлкен қазанның астына кір», – деп қызды жасырады. Бір уақыттары бүркіттерін шаңқылдатып, тазысын ертіп келіп дәу үйіне түседі. Аттан түскен бойда Қарадәу келіншектен: «Бұл жерге адам келді ме, адамзаттың иісі шықты?» – деп сұрайды.

Сонда келіншек байын сендіру үшін былай дейді: «Менің сеніменен өмірлік жолдас болғаныма биыл бес жыл болды. Сен үйден кетсең, қашан қайтып келгенше шыдамым болмай, мен біресе далаға, біресе үйге кіріп кеземін де жүремін. Сен ойыңның бөлектігін білдіріп, менің иісімді басқа адамның иісі деп сенбейсің. Өйтетін болсаң, жалғыз сүйгенім де сен, көргенім де сен, олай десең маған өмірдің керегі жоқ, өзімді өзім өлтіріп, бұл дүниеден күдер үземін», – депті. Мұны естіген Қарадәу Маржанды аяп: «Саған ойнап айтамын», – дейді. Сонда отырып, Маржан дәуден сұрайды: «Бұл жақта ұшқан құс, жүгірген аң болмай ма? Менің саған қосылып серік болғаныма бес жыл болды, содан бері даладан келсең көрдім, білдім деп еш нәрсе айтпайсың. Маған ең болмаса қарлығаш көрсең де айтып келсең, менің көңілім қош болып қалар еді», – депті. Маржанның бұл сөзіне елжіреген Қарадәу: «Осыдан төрт ай бұрын аң аулап жүрсем, бір қара қарлығаш Арқадан құбылаға қарай ұшып бара жатыр екен. Соны саған атып әкеп берейін деп садақ тарттым, бірақ оғым жетпеді. Оны қуа бермедім», – дейді.

Бұл сөзді есіткен Маржан: «Ол қарлығаштың қайда бара жатқаны, жақын жерде ел бар ма, болмаса көл бар ма? Ескіден келе жатқан адам бармайтын көл бар ма?» – деп сұрапты. Сонда дәу айтыпты: «Осы арадан үш күндік жерде ескіден келе жатқан бір Мертік деген қала бар еді, соны бір кезде осы дәу патшалығы ханын өлтіріп, халқын тоздырып жіберген екен. Содан кейін ол Мертік қаласы жын-шайтан, перілердің арасына айналып кеткен. Ол қарлығаш сол жерге барып тоқтауы мүмкін. Болмаса, бұл маңайда одан басқа адам түгіл құс айналатын жер жоқ», – деп дәу сөзін аяқтады. Мұны қазан астында жасырынып жатқан Нұрсұлу да естіп, жата береді. Сол жерде жатып: «Қайда әлсіз жан болса, қайдағы күшті жауыздардың тырнағының ұшында жүреді екен ғой. Әрбір мақұлық әрбір жәндік және өсімдіктер өзінің негізіне тартпай қалмайды екен. Соның үшін мына дәудің өмірлік жолдасым деп алған Маржаны, асылы адам болғаны үшін, менің сөзімді сөйлеп, менің жанған жүрегімді басқандай не сөз айтар деп, дәуді арбап, біраз сөздерді сұрады. Не де болса осыдан аман құтылып, іздеген өзімнің Шаһимарданымды табатын күн болса, осы Маржанды Қарадәуден құтқарып, өз нәсіліне, адам баласына қосуға серт етер едім», – деп ойлады. Сөйтіп отырғанда дәу күндегі әдеті бойынша құсын қолына қондырып, тазысын ертіп, атына мініп аңға шығып кетеді. Дәу кеткен соң, Нұрсұлу да қазан астынан шығып, Маржанмен қоштасып жолға шығады. Дәудің айтқан шамасымен осы жерден үш күндік жол деген Мертік қаласын іздейді. Сол жүріспен іздеп, Мертік қаласын төрт жылда зорға табады. Түн ішінде ескі бір қаланың үстінен түседі. Қаланы аралап жүрсе, ол қаладан қыбырлаған бір жан таба алмайды. Тек бір тартылған жақсы қобыздың үні естіледі. Сол үннің шыққан жағына қарай жүріп отырса, түн ортасы ауған уақта бір үлкен сарайдың ішінен жарық көрінеді. Соған келсе, ол сарай алтыннан салынған, ішіне гауһар мен жақұттан жарық беріп қойыпты. Қыз келіп, сарайдың әйнегінің сыртынан сығалап қараса, қобыз тартып отырған баяғы өзінің қарлығаш болып көз алдынан ғайып болған сүйген жігіті Шаһимардан екен. Алтын тақтың үстінде отырып түрлі қайғылы күйлерді тартып отыр екен. Қыз тыңдап тұрса, қобызға қосылып, ыңылдап төмендегі сөздерді айтады:



Тумадым мен анадан болып адам,

Не көрді тілеп алып ата-анам,

Естіп хабарымды кеткеннен соң,

Байқалды халық үшін менің шамам.

Нұрсұлу, жаным сүйген өмір серік,

Жолымда осы күні іздеп табам.

Зарлаған зары келіп құлағыма,



Сенімен қашан жаным ұшырасам, – деп зарығып отырған жігіт өзінен-өзі ойламаған жерден секем алып, орнынан тұрып, үстіне жылан қабығын киіп, қарлығаш болып ұшып, әйнектен шығып кетеді. Бұны көрген қыз жасырынып қалып, қарлығаш кеткесін сарайға кіріп, жігіттің жататын төсегінің астына тығылып жатады. Мұнан хабарсыз қарлығаш қайтып келіп, үстіндегі жылан қабық киімін шешіп, баяғы қайғылы күйлерді тарта беріпті. Қыз тыққан жерінен жігіттің жылан қабықты қасиетті киімін ұрлап алып, төсектің астынан шыға келіпті. Сонда жігіт не істерін білмей сасып қалады. Содан соң екеуі бастарынан өткен өмірін сыр ғып шертеді. Екеуі айырылысқаннан бері жеті жыл уақыт өткен екен. Қыз ғашық жарын іздеп жолға шыққанда, басына темір қалпақ киіп, қолына темір таяқ ұстап шыққан екен. Жігіттің қарлығаш болып ұшарда айтқанындай, қыз ғашығын темір қалпағы теңгедей, темір таяғы тебендей болғанда тауып кездесіпті.

Оған разы болған жігіт: «Нұрсұлужан, мен саған енді шын сендім, менің өмірлік жолдасым сенсің», – депті. Дүниеге келгелі біріне-бірі ғашық болған екеуі қосылып, жеті күн қызды демалдырып, өздерінің туған еліне қайтпақ болыпты.

Сонда тұрып Нұрсұлу айтады: «Менің сені тауып алуыма себепші болған бір жан бар. Сол жаннан сенің дерегіңді білгеніме қазір төрт жыл болды. Ол осыдан алыс емес, сол жанды темір тордан құтқарып ала кетейік», – депті. Сонда жігіт: «Ол қандай жан?» – дейді. Нұрсұлу айтады: «Гүлстан патшасының Қарадәу тартып әкеткен қызы - Маржан. Соны қалай болса да босатып елге ала кетейік», – деп өтініпті. Бұған Шаһимардан да қарсы болмайды. Сол кезде қарлығаш үлкен қарақұс болып, сарайдан керегінше алтын, гауһар алып, қызды үстіне мінгізіп ұшыпты. Ұшарда қызға айтады: «Өзің жолын білесің, кіріптарда отырған қыздың үстіне барғанда, желке жағымнан бір тал түгімді тарт, сонда жерге қонамын», – дейді. Қарақұстың үстінде келе жатқан Нұрсұлу бір жерге келгенде, құстың бір тал қанатын тартып, құсты жерге қондырса, баяғы Қарадәудің мекенінің үстінен шығыпты, баяғы отау орнында әлі тұр екен. Нұрсұлу отауға келсе, Қарадәу жоқ. Маржан ғана отыр екен.

Екі мұңлы құшақтасып көрісіп болғансын, Нұрсұлу Маржанға: «Кетеміз бе?» – депті. Сонда Маржан: «Мені қалай алып жүресіңдер, екі адам бір құстың үстіне жайғаса ма?» – депті. «Егер кеткің келсе, екеуіңді де алып кете аламын», – депті жігіт. Сөйтіп, жігіт Маржанды да үстіне мінгізіп ұшып, еліне келіпті. Келсе, жалғыз қызынан айырылған Бабахан жылаумен екі көзінен айырылып, соқыр болып калған екен. Өзінің әкесі мен шешесі каңғып қалыпты. Шаһимардан соқыр болып қалған Бабахан ханның көзіне сүрме деген дәрі жағып, жазыпты. Өзінің әке-шешесін жуындырып, киіндіріп өмірлерін ұзартыпты.

Сөйтіп, ғашықтар қосылып, мұратына жетіп, ұзақ жыл өмір сүріпті.