21 Қараша, Бейсенбі

Ұстаздарға

Қанат Тәңірберген
Алматы қаласы

Сабақта жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану - білім сапасының кепілі


«Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына енуі үшін: білімді де зерделі, жан-жақты дамыған дарынды, қабілетті ұрпақ керек» Ел президенті Н.Ә Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауынан. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, тәжірибелік қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген іскер мұғалім қажет екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Қазіргі уақыттағы білім беру қызметкерлерінің алдында тұрған басты мақсат - еліміздегі білім беруде халықаралық деңгейге көтеру және білім сапасын көтеру, жеке тұлғаны қалыптастыру, қоғам қажеттілігін өтеу, оны әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру болмақ. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен «XXI ғасыр- ақпараттандыру ғасыры» деп аталады [1].

Заман талабына сай көштен қалмай қазіргі таңда педагогтан өз пәнінің терең білгірі ғана болу емес, теориялық, нормативтік–құқықтық, психологиялық–педагогикалық, дидактикалық әдістемелік тұрғыдан сауатты және ақпараттық компьютерлік технология құралдарының мүмкіндіктерін жан–жақты игерген ақпараттық құзырлығы қалыптасқан маман болуын талап етуде.

Бүгінгі басты мәселеміз – білім сапасы десек, осы білім сапасын арттырудың тиімді жолы - білім беру жүйесінде түрлі ақпараттық технологияларды қолдану. Келешек қоғамымыздың мүшелері - жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет.

«Технология» гректің «teche»- өнер, шеберлік және «logos»- ғылым деген сөзінен шыққан, яғни «шеберлік туралы ғылым» деген мағынаны білдіреді.

Оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни оқытудың тиімді жолдарын қарастыру. Оқытудың тиімді жолдары оқытудың әр түрлі әдістері арқылы анықталады.

Жаңа ақпараттық технологиялар дегеніміз – білім беру ісінде ақпараттарды даярлап, оны білім алушыға беру процесі. Бұл процесті іске асырудың негізгі құралы компьютер болып табылады, сол себепті қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан, жаңа ақпараттық технологиялардың тілін білетін мұғалім қажет.

Енді, осы ақпараттық технологияларды жүзеге асырудағы жұмыс түрлеріне тоқталып өтейік:

Ақпараттық технологиялардың бірі — интерактивтік тақта, мультимедиялық және он-лайн сабақтары.

Жаңа ақпараттық технологияларды сабақта қолдану келесі нәтижелерге жеткізеді:

1. Оқушыларға еркін ойлауға мүмкіндік береді;
2. Тіл байлығын дамытады;
3. Өз ойын жеткізуге, жан-жақты ізденуге үйретеді;
4. Шығармашылық белсенділігін арттырып, ұжымда бірігіп жұмыс істеуге тәрбиелейді.
5. Өз бетімен білім алатын, ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген, білімді жеке тұлғаны қалыптастырады.

«Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» деген ғұлама Баласағұнның сөздері менің өмірлік қағидам. Ұлы педагог Ушинский: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, іздеуді тоқтатса, мұғалімдігі де жойылады» деген болатын. Сондықтан әр бір мұғалім күнделікті сабағына өмір талабына сай дайындалып ақпараттық – коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдалануы тиіс. Ол заман талабы. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында «Білім беру жүйесінің басты – міндеті ұлттық және азаматтық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу делінген [2].

Бүгінгі таңда білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Сондықтан әр түрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибесіне сынап қараудың маңызы зор.
Инновациялық білім беру құралдарына:
- аудио-видео құралдар
- компьютер
- интерактивті тақта
- интернет
компьютер – мультимедиялық құрал электрондық оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен инновациялық сайт және тағы басқалары жатады. Бұны бір сөзбен айтқанда оқу үрдісінде немесе сабақтарда ақпараттық–коммуникациялық технологияларды пайдалану деп атауға болады.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамытуға және оның мүмкіндіктерін әлемдік білімдік ортаға енудегі сабақтастыққа қолдану негізгі мәнге ие болып отыр. Сондықтан оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологиясы-білімді жаңаша беру мүмкіндіктерін жасау, білімді қабылдау, білім сапасын бағалауы, оқу тәрбиесі үрдісінде оқушының жеке тұлғасын жан-жақты қалыптастыру үшін бойында ақпараттық мәдениетті, сауатты адам-ақпараттың қажет кезін сезіну, оны табу, бағалау және тиімді қолдану қабілетін арттыру керек. Осыған орай ақпараттық заманда өмір сүретін адам өзін-өзі шектей білетін негізгі нормалар мен ережелерді игеруі тиіс.

Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Мультимедиялық оқулықтар біріншіден оқушылардың қызығушылығын арттырады, екіншіден зейін қойып көрумен қатар түсінбеген жерлерін қайта көруге, тыңдауға және алған мағлұматты нақтылауға мүмкіндік береді, сонымен қатар оқушының білім алу кезеңінде оқу іс-әрекетіне белсенділігін арттыра түседі. Заманымызға сай қазіргі қоғамды ақпараттандыруда педагогтардың біліктілігін ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану саласы бойынша көтеру негізгі міндеттердің біріне айналды.

Қазақстан Республикасының «Білім» туралы Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр.

Ақпараттық технологияларды пайдаланудың педагогикалық әдістемелік негіздері қалыптасу үстінде. Оқу процесінде оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын тиімді пайдалану және қолдану айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр. Атап айтсақ, оқушылардың өз бетімен ізденісі, пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше қолайлы жағдай туғызып отыр.

Білім – болашақ бағдары, кез-келген оқу орынның басты міндеттерінің бірі – жеке тұлғаның құзіреттілігін дамыту. Ақпараттық құзыреттілік – бұл жеке тұлғаның әртүрлі ақпаратты қабылдау, табу, сақтау, оны жүзеге асыру және ақпараттық – коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін жан-жақты қолдану қабілеті. Ол – оқу нәтижесінде өзгермелі жағдайда меңгерген білім, білік, дағдыны тәжірибеде қолдана алу қабілеті болып табылатын жаңа сапа.

Білім беру жүйесін ақпараттандыру мен ақпараттық-коммуникациялық технологияны оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану оқушының өз мамандығына қызығушылығы мен мамандық сапасын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда қоғамның даму жолдарын анықтайтыны сөзсіз [3].

Қазіргі заман талабы оқушыларды бастауыш сыныптан бастап, ақпаратты коммуникативті технологиясын пайдаланудың тиімділігімен таныстыру керек. Ол үшін ұстаз компьютерлік технологияларды жетік меңгеруі керек. Әрбір мұғалім компьютерлік технологияларды пайдалану үрдісін тұтас қарастыруға үйреніп, сан-алуан байланыстарды, бәлкім, «сәтсіздіктің» және т.б.себептерін ашуға ұмтылады.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ə. Қазақстан -2030 Жолдауы- Алматы: Білім – 1997. 59б..
2. Шардарбекова Д.Н. Білім берудің жаңа технологиялары.А: Қазақстан мектебі № 9.
3. Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз, 2003

Сапарова Айдана Асқарқызы
Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі