03 Желтоқсан, Сейсенбі

Ұстаздарға

Қанат Тәңірберген
Алматы қаласы

«Мектептегі тәжірибе» кезеңінде орындауға арналған тапсырмаларға қатысты бірлескен таныстырылым бойынша бір есеп


4-қараша күні іс-тәжірибеге белгіленген бір ай мерзіміміз аяқталып, екінші «бетпе-бет» кезеңі басталып кетті. Біздің 8- топ курс тыңдаушылары алыс-жақыннан жиналып, тренерлерімізбен кездестік. Сәлемдесіп алған соң, тренерлеріміз ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру мақсатында «Жұмбақ адам» тренінгін ұйымдастырды. Бұл тренингте топтағы бір мұғалімнің ерекше бір қасиетін айтып, жұмбақ жасыру еді. Көңіліміз көтеріліп, бір-біріміз туралы жаңа мәліметтер алдық. Ынтымақтастық атмосферасынан соң тренерлеріміз бізді мамандықтарымызға байланысты 5 топқа бөліп отырғызды. Біз бастауыш сынып мұғалімдері: Кулшат, Гулбахар, Мухиба, Жанна, Әсия және мен бір топқа отырдық. Топ ережесін бәріміз бірге қайтадан құрып алдық. Жұмыс барысында төраға Гулбахар және мен хатшы болып тағайындалдық.

Тренерлеріміздің тапсырмасы бойынша бір ай бойы өткен іс-тәжірибеміз жайында ойларымызбен бөлісіп, мектеп тәжірибесіндегі 8 тапсырманы топта талқылауға кірісіп кеттік. 8 тапсырманың әрқайсысын жеке қарастырылып постерлер мен таныстырылымдар дайындадық. Біз мектептегі тәжірибе кезеңіндегі орындауға арналған тапсырмалардың ең алғашқысы «Әріптестермен кеңесуді» қалай өткізгеніміз туралы әр тыңдаушы өз ойын айтты. Яғни бір-бірімізбен мектеп тәжірибесі кезеңінде осы бағдарлама негізінде жұмыс жасау барысында кездескен кедергілер және жетістіктеріміз туралы, бағдарламаның жеті модулін сабақтарымызға қалай ықпалдастырғандықтарымыз туралы талқыладық. Топтағылар мектептегі іс-тәжірибесін бірден мектеп басшыларымен және әріптестерімен кездесуден бастағанын айтты. Бұл курстан көптеген мұғалімдер хабардар екенін, бірақ олардың әр-түрлі ой-пікірде екенін байқағанын әңгімелей келе Күлшат апай әсіресе жас мұғалімдер үшін бұл бағдарлама қызығушылық тудырдырғанын, алғашқы бетпе-бет кезеңінде үйренген модульдерді өз сабақтарына қалай кіріктіргенін әңгіме етті. Ал Гулбахар болса, мектептегі жүргізген іс-тәжірибесі барысында мектебіндегі кейбір әріптестерінің бағдарлама идеясын түсінбегендігін айтты. Өйткені, мұғалімдердің бұл бағдарлама бойынша түсініктері болмағандықтан дәстүрлі оқытудың әдістерінен әлі де арыла алмаған деген пікірге келдік. Сол себепті олар сыныпта топтық жұмыс ұйымдастыруды қиын да, қате деп түсінеді. Бірақ Гулбахар бұл мұғалімдердің бағдарлама идеясын түсіндіру жұмыстарын жүргізгендігін айтып, әріптестерінің ой-пікірлерін өзгертуге тырысқандығын әңгімеледі. «Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру» тапсырмасы бойынша өзімнің тәжірибедегі жетістігім және қиыншылықтарым туралы мынадай оймен бөлістім: «Күнделікті сабақтан көп ерекшелік бар екен. Балалар осы бағдарламамен сабақ өткелі сабаққа деген ынтасы жоғарылағанын байқадым. Тағы бір ескеретіні баланың еркін отырып, сабақта өз ойын қысылмай айта алатыны. Соның әсері ме, басында балалар көп шулап, бірін-бірі тыңдамаған кездері болды. Бірақ кейін бірте-бірте төселіп қалды. Әр оқушы өз білімін бағалай алатындығы балалардың қызығушылығын оятады екен. Оқыған мәтіндегі болған оқиғаға байланысты жазу, сурет салу, қорғау, рөльге кіріп көрсету, диалогқа түсу оқушының белсенділігін арттырады екен. Келешекте сындарлы оқытуды өз сабақтарыма қолдана отырып, тиянақты жұмыс жүргізгім келеді. Жеті модуль арқылы барлық оқушыны сабаққа ынталандыруда, өз ойларын ашық айта отырып белсенділіктерін арттыруда пайдасы көп екендігіне көз жеткіздім». Кулшат апай: «Алғашқыда бағалау кезінде біршама қиындықтар болды. Яғни асыра бағалау, бір-бірінің берген бағасына келіспеушіліктер болды. Осы кемшіліктерді жою мақсатында әр сабағымда топқа бағалау критерийлерін беріп отырдым. Осы іс-әрекеттен кейін соңғы сабақтарымда біршама болса да өз нәтижесін бере бастағанын байқадым. Алдағы уақытта оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сабағыма жеті модульді тиімді пайдалану және енгізу арқылы оқыту нәтижелерім сапалы болады»-деп ойлаймын. Мухиба: «Бұрынғы дәстүрлі сабақтарымызда мұғалім басты орында болып оқушы тек тыңдаушы ғана еді, қазіргі сындарлы-конструктивті оқытудың арқасында оқушыларымыз өз бетінше ізденіп оқуға құлшыныстары байқалды». Жанна: «Өз практикамда байқағаным «үнсіз» оқушыларда ашылып, басқаларға еліктеп, сабаққа қатысуы жақсарды» -деді. Гулбахар: «Дәстүрлі сабақтарда тек өзіміз бағалап, оқушыларға өз ойын айтуға мүмкіндік бермейді екенбіз. Осы курстың бірінші бетпе-бет кезеңінен соң өзімнің іс-тәжірибемде мен оқушылардың бір-бірін формативті бағалау арқылы сын тұрғысынан ойлауы дамып, өздерін мұғалім ретінде сезініп, жауапкершілігі артқанын байқадым. Мен топтағылардың сұраққа берген жауаптарын жазып отырдым. Біздің топтағылар бастауыш сынып мамандары болған соң біздің ойымыз бір жерден шықты, яғни жауаптарымыз ұқсас болды. Сондықтан ортақ шешімімізді жазып алдым. Талқылауға 15 минут уақыт берілді. Тренер топты аралап, өзара қалай пікір алмасып , тапсырманы қаншалықты талдап жатқанымызды бақылады. Өз тобымызда сұрақтарды талқылап алған соң, біз тренерлеріміздің нұсқауы бойынша Әсия екеуміз басқа топтағы әріптестерімізге ауыстық. Мақсатымыз олардың тәжірибесіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды өз тәжірибемізбен салыстыру болды. Осылайша 4 топты аралап шықтық. Нәтижесінде байқағанымыз оқушылардың жас ерекшелігі мен оқытылатын пәндерге байланысты айырмашылықтар бар екенін байқадық. Әсіресе математика пән мұғалімдерінің өткен сабақтарында оқушылардың тақырыпты өз бетінше ашуы қиындық әкеліпті. Бұл қиындықтарды жеңу үшін ұстаздар көшбасшы ретінде оқушыларға бағыт-бағдар беріп отырыпты. 2-сабақта бізге постер жасауға тапсырма берілді. Постерге біз іс-тәжірибеміздегі әріптестермен кеңесуде жүргізген іс-шараларды түсіру болды. Гулбахардың идеясы бойынша біз әр оқушы біздің нәтижеміздің жемісі, яғни алма ағашы деп алып, оған әріптестерімізбен кеңесу нәтижелерін жаздық. Постерді жасауда ең көп идеяны үнемі Мухиба мен Кулшат апай қосып отырды. Әсия мен Гулбахар жазу және сәндеуді жақсы жасап отырды. Мен жасаған жұмысты топ алдында қорғадым.

Әлі де көпшілік алдында айтайын деген сөзімді ұмытып қалатын сияқтымын. Сөздік қорым аз. Көбірек топ алдында сөйлеп үйрену керек. Басқа топтағы әріптестерімізде жұмыстарын жақсы дәлелдер келтіре отырып қорғап шықты. Маған 4-топтан Жансұлудың, 3-топтан Камилланың сөйлеген сөздері ұнады. Өйткені тақырыпты жақсы ашты. Сөйлеген сөздері анық, топ алдында өздерін еркін ұстайды. Осы кезде Бандураның өзіндік тиімділікті қалыптастыруға ықпал ететін 2-факторы «Жанама тәжірибе» туралы айтқан сөзі есіме түсті. «Олардың қолынан келген нәрсе менің де қолымнан келеді» (Мұғалімге арналған нұсқаулық 26-бет).

Келесі күні түсіну дәрежесін бағалау бойынша жұмыс жүргіздік. . Оқушылардың білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әр түрлі техникаларын пайдалануға болады(Мұғалімге арналған нұсқаулық, 41-бет) деп нұсқаулықта көрсетілгендей, постер жұмысы барысында сұрақ қоюдың түрлеріне ерекше тоқталдық. Бұл постерді жасауда негізгі идеяны мен қостым. Постердің тақырыбын «Мектеп-кеме, білім-теңіз. Барар жерге тез жетеміз»-деп алайық. Және тапсырмаларды талдағанымызды кемелерге жазайық- деп ұсыныс жасадым. Жасаған жұмысымыз және Мухибаның қорғауы өте әсерлі шықты. Топтағы тыңдаушылардың бәрі қошеметтеп, «бастауыштардың идеялары керемет және ойлау қабілеттері жақсы»-деп мадақтауларын жаудырды. «2-топтағы әріптестеріміз түсіну дәрежесін бағалауды пирамида ретінде алып, Дәулет Әсия барлығымызға түсінікті етіп, нақты дәлеледер келтіре отырып қорғап шықты. Бұл топтағылар қазақ тілі мамандары болғандықтан тіл байлықтары терең, тұжырымды ойлар айта алады.

Келесі сабақта әр топқа компьютер арқылы таныстырылым дайындауға тапсырмалар берілді. 1және 3 топ тыңдаушылары өзін-өзі реттеу бойынша, ал 2 және 4 топтар талантты және дарынды оқушыларды оқыту бойынша таныстырылым дайындадық. Осы курс барысында компьютермен жұмыс жасауға біршама төселіп қалдым. Сондықтан бұл таныстырылымдарда да көбірек идея қосып таныстырылым жасадым. Кулжан апай:

«сыныбымыздағы оқушыларды ғана емес өзіміздің де реттелгеніміз туралы топтағы суреттерімізді қояйық».-деп ұсыныс жасады. Біз бір ауыздан «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей бірлесіп, өз идеяларымызды таныстырылымда көрсеттік. Таныстырылымды дайындағанда 1-слайдқа мұғалімге арналған нұсқаулықты басшылыққа алып, өзін-өзі реттеудің мақсаты мен міндеттерін ойласып, жазып алдық. 2-слайдта курсқа дейінгі және курстан кейінгі іс-әрекет деп алып, топтағы суреттерімізді дәлелдеме ретінде орналастырдық. 3-слайдта кездескен кедергілер мен оны жою жолдарын көрсеттік. Нәтижесінде таныстырылым өте жақсы шықты. Бұл таныстырылымды ортаға Кулшат апай сауатты тілде мағынасын ашып таныстырды. Басқа топтағылар қошеметтеп, мадақтауларын айтты.

Ендігі мақсатым- еңбегіміз жанып, сынақтан мүдірмей өтіп, келешекте сындарлы оқытуды өз сабақтарыма қолдана отырып, тиянақты жұмыс жүргізгім келеді. Жеті модуль арқылы барлық оқушыны сабаққа ынталандыруда, өз ойларын ашық айта отырып белсенділіктерін арттыруда пайдасы көп екендігіне көз жеткіздім.

Пайдаланылған әдебиеттер

Мұғалімге арналған нұсқаулық . (2012 )