21 Желтоқсан, Сенбі

Ұстаздарға

Қанат Тәңірберген
Алматы қаласы

Ұстаздық жылдар жемісі


Мұғалім – ұлы тұлға. Ұрпақ тәрбиесі, оның болашағы – ұстазға байланысты. Ұстаз болу - жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту десек, Асықата кентіндегі «№121 Жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шарипова Жұмагүл Шүкірбайқызының бұл саладағы еңбегі зор.

Жұмагүл Шүкірбайқызы Еңбек қызыл ту орденді «Большевик» совхозы қазіргі Ш.Ділдабеков ауылдық округінде 1968 ж 2 ақпанында дүниеге келген. С.Қожанов атындағы мектепті 1985ж үздік бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің қоғамтану және тарих факультетін бітірген. Қолына диплом алған соң жас көңілі алып ұшып, өз жүрек қалауымен таңдаған ұстаздық қадамын 1993 ж Асықата мектебінде бастап, 1995 – 2001ж аралығында Чехов мектебінде қызмет атқарған.

2001 – 2010 жылдары «Жеңіс көп салалы – гимназия мектебінде қызмет істей жүріп, өз ісінің жетік маманы арқасында 2004 жылдан бері директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына ие болған. Жұмагүл Шүкірбайқызы 2010 жылдан бері «№121 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өз қызметін жалғастыруда. Ұстаздың бойынан салмақты да сабырлы мінезі, білімділігі мен байыптылығы, ұйымдастыра білу қабілеттілігі мен мәселе қоюдағы талапшылдығы айқын аңғарылады.

Бір үйде бір-екі баланың еркелігін көтере алмай қабағына кірбің ұялайтын ата-анаға қарап әр үйдің еркесі тентегінің басын біріктіріп әрқайсысының көңіліне күн ұялатып жүрген Жұмагүл Шүкірбайқызының бала тәрбиесі десе ішкен асын жерге қоятын жүрегінің жазирадай кең, жүйкесі болаттай берік десек артық айтқандық емес. 23жылға жуық еңбек жолында ұстаздық абыройы, өз ортасында ғана емес аудан, облысқа да кеңінен танымал.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан басталады» -деп, Абай атамыз айтпақшы оқушыларды қазіргі заманға сай тәрбиелі білімді етіп тәрбиелеуде Жұмагүл Шүкірбайқызының еңбегі ерекше. Бала құқығын қорғау жөнінде өткізген аудандық, облыстық семинарлары осының айғағы десек қателеспейміз.

Иә, мұғалімнің жемісі – олардың талай жылғы еңбектерінің арқасында екені баршаға белгілі. Ұстазымыздың аудандық, облыстық мадақтамаларында шек жоқ. «Білім беру ісінің үздігі» атағы да жайдан – жай берілмегенін, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолдағы ерен еңбегі үшін берілген мәртебе екеніне күмәніміз жоқ.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұстаз өмір бойы оқу керек »- деген ұлағатты сөзін еске алсақ, Жұмагүл апайдың да өз сабақтарында инновациялық үрдістер мен жаңа технология элементтерін дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуде ұтымды қолданатын ұстаздардың бірі екеніне көз жеткіземіз. Алдына қойған мақсаты – жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып білім сапасын арттыру. Ол өзіне де өзгеге де қатаң талап коя біледі, сол арқылы биік табыстарға қол жеткізеді.

Білімі терең оқушы кез–келген жерде өзінің білімділігін дәлелдей алады. Әр оқу жылын жетістістіктермен аяқтайтын ұстазымыздың шәкірттерінің де жетістіктері жетерлік.

Мұғалім үнемі ізденісте болып жаңалықтардан қалыспауы керек - десек бұл жолда да Жұмагүл апайдың еңбегі орасан. Ол өзінің өткен әрбір тәрбиеге жолы іс-шараларын мүлт жібермей баспасөз беттеріне жариялап отырады. Ондағы мақсаты – мектептің беделі мен мұғалімнің жаңашылдығы десек қателеспейміз. Сондай ақ облыстық конференцияларға да қатысып өзінің ой–пікірін қосқан материалдары жинақ кітапшаларына енген.

Жаңалыққа жаны құмар Жұмагүл Шүкірбайқызы ұстаз болуымен қатар өзінен кейінгі жас мамандарға ұлағатымен тәлімгерлігімен өнеге бола білген тұлға. Ол әрдайым ақыл кеңесін айтып іс–тәжірибесін үйретуден жалықпайды.

Өмірдің кеңге жайып керегесін
Ерліктің жасадыңдар өнегесін.
Ұрпаққа берген үлгі – тәлімдерің
Періште көңілдерде өне берсін - дегендей Жұмагүлдей жылы жүзді адамгершілігі мол өмірі өнегелі ұстаздар арамызда жүр. Сондықтан да ұстазымыздың еңбегіне сәттілік табыс тілейік. Абыройыңызды адал еңбегіңізбен табудан шаршамай қызмет ете беріңіз деген ізгі тілек айтамыз.

Мақтарал ауданы, Асықата кенті
«№121 жалпы орта мектебі» КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Тультаева Перуза