Оқушыларға
Ахмет Байтұрсыновтың Қазақ өкпесі мақаласының айшықты мәні
«Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен болғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпелейді.», -деп басталатын Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ өкпесі» атты мақаласында қазақтың жылдар бойы өзге жұртқа, өзге жанға жинаған қара қазандай болған өкпесінің орынсыз екенін, барлық келеңсіздіктің өзіміздің аңқаулығымыздан, ғылым білмейтін надандығымыздан болғанын өзгеге өкпелеуіміз жөнсіз екені жайында сөз етеді. Сондай-ақ автор «хан надан болған соң, халқы надан»болатынын айтады. Иә, шынында да «Елдің бай болуы патшаның ниетіне байланысты»деген керемет нақыл сөз бар емес пе!?Әр заманда бұқара халықты тар қапастан бостандыққа шығарған, көз шалмайтын қараңғылықтан жарық сәулеге алып шыққан боранда қой бастайтын серке сынды асыл зада басшыларымыз болды. Қасым ханның кезінде жеріміз ұлғайды, Тәуке ханның кезінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады», Жәңгір хан қайтпас қайсар батырлығымен «Салқам Жәңгір» атанды, Абылай ханның кезінде үш жүзіміз бірікті. Дегенмен «көп қорқытады»деген бертін келе елдің қамын ойлап, қатарынан оза шапқан нағыз көшбасшы болатұғын азаматтарды көптің білместігі ғұмырынан айырды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. »деп отыз жетінші қарасөзінде айтқан еді.
Ахмет Байтұрсынұлының көпте ақыл жоқ екенін күйінішпен жазғанын мақаласынан анық аңғаруға болады. Қолда барда алтының қадірі жоқ демекші қазақтың бүгін барына разы болып, ертеңін ойламайтын қамсыздығына ашынады. Алма піс, аузыма түс дейтіннің кебін киетін жалқау қазақтың қарекет етпеуінің өзі реніш туғызатынын, қарап жатқанда ғылым, білім өзі табылатын болса қазақта солар болар еді деп ащы шындықты бұрмаламай жеткізеді. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ өкпесі» мақаласының мазмұны, өзінің Маса өлеңдер жинағына тұспа-тұс келеді. Алмағайып заманда қараңғылықта ұйқыда жатқан қазақ елін маса тәрізді шағып ояту мақсатында, көкірек көзін ашу мақсатында жазылған «Маса» өлеңдер жинағы қарабайыр халыққа біршама әсер еткен еді.
«Талап жоқ, үміт мол халықпыз»дейді. Өнерді, білімді керек қылатын қазақ жоқ үлесімізден қағылып, сөйлеу керек жерде үндемей қалдық, тыңдау керек жерде тыңдамай қалдық, білу керек жерде білмей қалдық. Түбінде қаперсіз отырдық, теңдікке қалай қолымыз жетсін?Өзімізге өкпелемегенде, кімге өкпелейміз деген сондай терең мағынада, үлкен өкініште, түпсіз тұңғиық ойда жазылған «Қазақ өкпесі» мақаласын осындай айшықты мәнде аяқтайды.