21 Желтоқсан, Сенбі

Оқушыларға

Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың өкпесі» атты мақаласының айшықты мәні







А. Байтұрсынұлының өлеңдері өзінің сыртқы қарапайымдылығы, ішкі мазмұны, жеңілдігі және біркелкілігі жағынан қазақ әдебиетінде бірінші орын алады… А. Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, … өз ағаттықтарын түсіне бастады…

Міржақып Дулатұлы

Халық жүрегінде ерекше қымбат тұлғалардың бірі - Міржақып Дулатов айтып кеткендей Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетінен алар орны қашанда ерек, тек әдебиет саласын да ғана емес, халық жүрегінде де халық жанашыры деген атпен өзіндік ерекше орнын қалыптастырып кеткен, 100 жылда бір туар азаматтарымыздың бірі болған. Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырған болса, ал «Қазақтың өкпесі» деп аталатын мақаласында халықтың көзін ашып, ұлттық санасын оятуға аса мән берген.

Қазақтың өкпесі мақаласының айшықты мәні неде?! Яғни, сонау заманнан қазағымыздың қазынасы, сонымен қатар әлі күнге дейін ұласып жатқан жер дауының және сол даудың шығуы, сол кезде қозғалған өзекті мәселе, халық ойы мен өкпе-назын өз ойымен ұштастыра отырып жазылған бұл мақала талай жанға ой салып, қараңғылық жолынан алып шығар жарық сәуле болғандығы анық. Басты мақсат, сол кездегі барлық шешімі табылмаған, шиеленіскен, әдебиет, қоғам, жер мәселелерінің түйіткілдерін тауып, зерттеп, зерделей отыра, халық санасына жол бастардай шешім табу болған еді.

Бұл мәселелердің сол жылдарда белең алған тұсы еді. Әкімшіл сайлау жүйесі орнығып, жерге, дінге, патша үкіметінің саясатының салдарынан халық ішінде тұрмыс жағдайы төмендеп, сауатсыздықты жою үшін атқарылатын іс-шаралардың тұншықтырылғаны мәлім. Сол кезбен тұспа-тұс келген зұлмат ашаршылық, теңіздей көтерілген халық еңсесін тамшыға айналдырғанын да атап айтпасқа болмас. Халық ішінде болған, сол кездегі қиыншылықтан шығудың жолы, өз ойымен, бойындағы надандық, жалқаулық атты адам баласын ез қылатын қасиеттермен күресіп, алға деген нақты мақсат қойып, халық қазынамызға айналған жерімізді дұрыс пайдаланып, ел ішіндегі белеңсіздіктің алдын алу болған еді. Халықтың тұрмыс жағдайының мәз емес екендігін, ал бұл мәселенің сауатсыздықты жою жолында үлкен кедергі болатындығы жайында өз сүбелі де, сарапты пікірін білдірген Ахмет Байтұрсынұлының бұл ойы сол сәтте елеусіз қалған еді. Дегенмен, бұл мақаласы халық назарын өзіне аудартпай қоймады, ақырындап болсын халықтың көзі ашылуына, сауаттылыққа бет бұруына басты себеп болды. Алайда қозғалған тағы бір мәселе, халықтың жаңа заманға сай орныға алмағандығында болды, бұл жағдайларда кінә халықтың өзінде деп санады. Себебі, халыққа заманға сай бетбұрыс, жаңа серпін, қараңғылықта уланған сананы артқа тастау қажет болды. Ал, бұның шешімі: ғылым, білім, өнер, ізденіс еді.

Мақалада астын сызып айтарлық «... Дүниеде теңге теңдік, кемге кемдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсізді елдігн теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін?!»- деп күйіне жазған Ахмет Байтұрсынұлы халқын қашанда оқу-білімге, мәдениет пен өнерге шақырып, сол кездегі дерлік мәселелердің барлығының тек халық мүддесі тұрғысында шешілуі жолында еңбек етіп, қазаққа қазақты сүюді үйреткен, ұлт жанашыры бола білген ұлы тұлғамыз!!! Ал бұған басты дәлел ретінде сөзімді Сәкен Сейфуллиннің мына сөздерімен аяқтасам деймін: «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті»...!

Тоқтархан Елдана Ерболқызы,

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Журналистика факультетінің 1-курс студенті