16 Oct, Сәрсенбі

Оқушыларға

Тәуелсіздік пен Ұлттық идеяның сабақтастығы






«...Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап...»
Қасым Аманжолұлы

«Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» деп ұрандатып, халықты бейбіт жолмен басып ала отырып, өз аумағын кеңейтіп отырған қазақ халқын мықты дипломат хандар басқарды. Бейбіт заман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп – Қазақ хандарының, соның ішінде, Есім, Қасым, Тәуке хандардың елді басқаруға арналған заңдарды шығаруы – ұлттың бірқалыпты, ұйымдасқан, салт – дәстүрі сақталып, адами құндылықтардың кіругіне, ұлттың болмысын сақтап тұруына елеулі себеп болды.

Қазақ халқының ұлт ретіндегі қалыптасу тарихы шумер – акад мемлекетінен бастау алып, мәдениеті мен өркениеті астасып жатқан, дүниежүзілік деңгейде өзінің мәрттігі мен ұлы хандары, кең байтақ жері мен мәдениеттілігі жағынан, рухани толыққан жандардың ірі ошағы болған еді. Тарих сахнасында киелі қазақ халқының басынан не өтпеді, нені көрмеді десеңізші... Құдайы қолдаған халықтың басынан небір қиыншылық заман өтсе де, Тәуелсіздік таңын көруге жазды. Бейнеті мен зейнеті қатар жүрген ұлы түркі елінің ішіндегі қазақ халқы бұл Тәуелсіздікке әбден лайық еді.

Ресми түрде қазақ халқының Кеңес Одағының құрамында болған уақыт аралығы деп 70 жылды белгілейді, алайда, Жоңғар халқының аласапыран, жойқын шабуылдары мен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шағында, 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың 29 ру старшынымен бірігіп, Анна Иоанновнаның келісім шартына қол қоюдан басталады. Осы уақыт аралығынан бастап, қазақ халқының жерін иемденіп, жергілікті ұлт өкілдерін шаруаға айналдырып, қолдан «геноцид» ұйымдастырып, барынша мемлекет дәрежесінен айыруды көздеді. «Қазақ халқын көршілес мемлекеттердің шабуылынан қорғаймыз» деген Ресей, патша мемлекетінің көздегені мүдлем басқа болып шықты. Ақырында, қазақ елін генерал – губернаторлыққа бөліп, өз орыс тілді адамдарын лауазымды билікке қойып, жергілікті халыққа реформа арқылы қысым көрсету басталды. Бірте – бірте өз жеріне малын жаюға рұқсат алатын дәрежеге жеткен халық талай әбігерге түседі. Бұл теңсіздік ұлт – азаттық көтерілістерге ұласады.

Осы тұста халықтың көкейтесті ойлары мен қиын – нәубетке толы жылдарын жырларында қанаты талмай жазады. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді. Зар заман өкілдеріне Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б ұлт жазушылары жатады. Қаралы оқиғаны суреттейтін «Елім - ай» әні де ащы жылдардың әсерінен туған ауыр әуендердің бірі.

Әрбір тарихи оқиғаны бастан кешірген ұлттың жағдайы мен қарақұйлы күйін сипаттау арқылы – келешек ұрпақтың өткенін ұмытпай, оны қастерлеуге жағдай туғызады деп ойлаймын. Міне, ұлттық болмыстың түбегейлі көрінісі мен бейнесі – халық жазба шығармашылығында айқын бедерленіп жатады.

1986 жылғы 17 желтоқсан күні қаралы оқиғаның артында жарқын болашаққа жол ашқан «Тәуелсіздік құрбандары» «Мұзға жанға алау» атауымен бітесіп жатқан қыршын боздақтарға шексіз алғыс мен құрмет. Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ләззат Асановалар және де есімдері әлі күнге дейін танылмаған қаһармандардың ісі – Қазақстан Республикасының тарихында өшпес орын алады. Қыстың қақаған аязында Республика алаңына шығып, «Тәуелсіздік» деп ұрандатқан боздақтар мен ЖОО ұстаздарының осыдан кейінгі үкімі де бізге белгілі. Абақтыға жабылып, жұмыс орындарынан қуылуы, аяз кезінде бейбіт шеруге шыққан қазақтың қарагөз қыздары мен бозбаласына суық су шашып, әскери иттермен үркіткендеріне де көнгені - «Тәуелсіздікпен» байланысты.

Ұлттың қорғаны болған, ақиқатты ту көтерген, соның есебінде «халық жауы» атанып, репрессияға ұшыраған қайран Алаш зиялылары бар өмірін мемлекеттің ертеңі мен негізін құруға атсалысты, бар өмірін келешек ұрпақтың «жарқын болашағы» үшін арнады. Өскелең ұрпаққа «Әлихантану», «Міржақыптану», «Ахметтану» сияқты ғылымдарды игеру – тәуелсіздіктің келген жолын айшықтап көрсетудің бейнесі болар еді деп ойлаймын. Елдің бет – бейнесі, ата – бабаларымыздың дәстүрі мен нақыл – сөздерін жадыда сақтап, оны жалғастырар жастарға артар сенім мол. Себебі, тәуелсіздікті келешек ұрпаққа аманат етіп тапсыру – біздің ұлт алдындағы борышымыз.

Ұлт, ұлттық негіз, ұлттық болмыс пен ұлт тарихы аса күрделі шаттығынан қиын нәубеті көп үлкен құрылым. Ең негізгісі, Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізде жатыр. «Арайлап таңым, асқақтап тауым, ән ойнап көгім, күй тартты елім...»,- деп кең даланың қиыры осындай әсем әуендерімен толықты.

Қазіргі таңда жарық көріп отырған «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік Ел» сынды бағдарламаларында елдің егемендігін одан әрі нығайтып, сақтап қалу үшін бекітілген ережелері бар.

«Ұлттық идея – Мәңгілік ел». Өзара байланыс пен ықпалдастықтың жаңа белесін биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы өз бастамасын алға тартып отыр. Бү­гін­гі зaмaн – мә­де­ниет­тер­дің жaһaндaну ке­зе­ңі. Бірде ғалымдардың ой – талқылауларының нәтижесінде, батыс дамыған, жаңа, ал шығыс – ескі, артта қалған деген жұмысты қорытындылаған екен. Тым еркіндіктің болуының көптеген келеңсіз, теріс жақтары болады. Мемлекеттің жаһандануы, жаңа «дамыған, жетілген» деп аталатын арнаға бет бұруы – түбегейлі мәдениет пен қоғам санасына, салт – дәстүріне әсер тигізері анық.

Менің ойымша, бағдарламалар аясында, ең басты мәдени капитал – білім екендігінде баса айту. Себебі, ертеңгі болашақ маман иелері, мемлекет басшылары жастардың қолында. Ауқымды, халықтың санасын жаңғыртуға, елдің өркендеуіне елеулі оң жақтылық әсерін тигізетін бағдарламалардың бар болуы – бір жағынан қуаныш ұялатса, ендігі кезекте ұлттық біртұтастылықты сақтап қалуға деген үмітті көншітпей қоймайды.

Өзімізге белгілі, әр нәрсенің оң және кереғар теріс жағы да болады (прогрессивті, регрессивті). Айтып отырған себебім, адамзаттың алдында тұрған үлкен қақтығыс: Жаһандану алдында тұрған мемлекеттің басқа арнаға бұрылып, өзіндік төл- тума мәдениетін жоғалтып алу деген қорқыныш, күмән сезімі.

Алаңдатарлық нәрсе, қазіргі кез – жаһанданудың күшейіп, енді – енді дамып келе жатқан дәуірі. Демек, ұлттың рухани мәдениеті мығым, күшті, енжар болуы маңызды. Әрине, мұндай жаман күй, қазағымның басына түспес, бірақ ұлттың мәдени біртұтастығы болмаса онда оның жойылып кетпеуіне кім кепіл? Міне, мәселе осында жатыр. Ұлт тағдырын сақтап қалу - сол елді – мекенде тұратын, өсіп – өнген азаматтардың борышы деп білемін. Жақсыға жорыған абзалылырақ дей келе, менің ойымша, қазақ халқы бұл сынақтан да мүдірмей өтіп, өзінің ұлттық – мәдени бет – бейнесін сақтап қалуға рухтық күші жетеді.

«Дәстүр» мен «Жаңашылдықтың» аражігі күрделі, қарама – қайшылықты мәселелердің бірі. Өзара әсерінің үш түрі қарастырылады, соның бірі – жаңашылдыққа қарсы болу, теріске шығарып, бағзы тәртіпке сүйену; екінші бірі – бағзы дәстүрді бұзып, жаңашылдылыққа бейімделу; үшіншісі – жаңашылдылықты дәстүрге сиятындай етіп қалыпқа келтіру. Ұлт тағдыры осы 3 типтік – құрылымдық мәселе алдында тұр.

Қорытындылай келе, ұлттық идея – барша халықтың ой – танымын, күш – жігері мен іс – әрекетін алға қойып отырған уақытқа тәуелді аса жауапты тарихи міндетті шешуге жұмылдыра, баурап әкететіндей күш, рух болуын қалаймыз деп ойлаймын. Уақыт арасында қалып қалмай, дәуірмен жаңарып отыру қажет, алайда, ұлттық мүде, мәдениет, салт – дәстүр мен ата – бабаларымыздың сарынды, дара жолын сақтап қалу – бүгінгі адамзаттың парызы.

Еліміздің тұғыры берік, еңсесі биік болсын дегім келеді. Аспанымыз ашық, болашағымыз жарқын болғай. Аманатқа берік болған жөн, жастарымыз білімді һәм тәрбиелі, еліміз асыл қарияларымен толыққан бақытты елдің үлгісі болайық. Тәуелсіздік жасасын, мәңгілік, Алаш елінің ұрпағы!

Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы