03 Желтоқсан, Сейсенбі

Оқушыларға

Тәрбие тал бесіктен






«Тәрбие басы – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақтың мағыналы сөздерінде үлкен астар бар сияқты. Алайда, жұмысымызда байқап жүргеніміздей ата-аналарымыздың бала тәрбиесі жайлы көзқарастарында елеулі қателіктер де көрініс беруде. Кейбір ата-аналар: «Баламды киіммен, тамақпен қамтамасыз етем, білім, тәрбие беру – мектептің ісі» деп түсінетін ата-аналар да кездеседі. Бала тәрбиесін тек мектепке ғана аударып қоймай, ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып жұмыс жасау, ұстаздар үшін де, ата-аналар үшін де тиімді. Баланы тәрбиелеуде бір ғана отбасының алатын орны ерекше деп қорытынды шығаруға болмайды. Мектептің , колледждің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарының ерекшелігі осы екі жақтың байланысы мен әрекет бірлігінің тұрақтылығынан көрінеді. Бұл тұрақтылықты мектепте сынып жетекшісі , ал колледжде мастерлер қамтамасыз етеді. Сынып жетекшілер, мастерлер оқушылардың екінші ата-анасы ретінде бірге жүріп, халықты ғасырлар бойы өз ұрпағын тәрбиелеп келген тәжірибесінен үлгі көрсетуді мақсат-мұраты санайды. Балаларға тәрбиелік жұмыс жүргізуді жан-жақты қарастырып, тиянақты көрсететін тұлға – ол сынып жетекшісі,мастерлер болып табылады. Қазіргі жағдайда тәрбиенің жалпы негізі адамгершілік құндылықтар болуы керек. Адамгершілік құндылықтар үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас кезінде бала бойына дариды. Мектеп қабырғасында жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған шәкірт өмірде өз орнын табады. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани, мәдениетке баулу керек. Сонда жас ұрпақ елі үшін елең қағар азамат, имандылық қасиеттерді жақсы білетін азамат болып қалыптасады. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету өз нәтижесін береді. Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты – жаңа адамды тәрбиелеуді талап етеді. Қоғам талабы – заман талабы. Өйткені «Әр адам – өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды. Бала тәрбиесіндегі негізгі де маңызды роль ата-аналарда. Ата-ана отбасында өздерінің күнделікті жұмысы, тындырған ісі туралы бала-шағасының алдында айтып, әңгіме-дүкен құрады. Бірте – бірте балалары да өз жаңалықтарын ортаға салып, айта бастайды. Осылайша жанұя мүшелерімен сенімі, сүйіспеншілігі, достық қатынастары нығая түседі. «Жанұяға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» деп тегін айтылмаған болса керек. Ата-ана баламен тілдесуде, пікірлесуде бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорғамай, мейірімді, табиғи, жылы, ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбиеде табысқа жетеді.

Жайырова Нұрила Тұран университеті 2 курс студенті