22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Онлайн оқыту білім берудің дәстүрлі түсінігіндегі алғышарттарына айналды ма?






Бүкіл әлемді жайлаған пандемия білім беру саласына да айтарлықтай әсер етті. Бүгінгі таңда білім беру мекемелері, мектеп оқушылары, студенттер мен мұғалімдер қашықтықта оқытудың жаңа тәжірибесіне көшуге мәжбүр болды. Осыған байланысты өзімнің көңіліме түйген кейбір ойларымды ортаға салғым келеді.

Рас, 2020 жылдың мамыры алғаш рет оқушыларды жыл сайын өтетін дәстүрлі «соңғы қоңыраусыз» қалдырды. Алайда, бір жыл ішінде болған форс-мажорлық жағдай бәрімізге тың үрдістің жаңашылдығын түсінуге, соған қарай жылдам бейімделіп, әрекет етуге үйретті. Ең бастысы онлайн оқыту дәстүрлі оқудың логикалық жалғасы болып саналатынына көзіміз жетті.

Онлайн сабақтың артықшылығы: осында және қазір режимінде жүреді. Студенттер дәрістерді бейнежазбада немесе тікелей эфирде көреді, сонымен бірге оқытушылармен файл алмасады, семинарларға қатысады, сыныптастарымен сөйлеседі. Бұл әдеттегі дәстүрлі форматтағы сабақ сияқты. Сарапшылардың пікірінше, мұндай оқыту білім беру ортасын кеңейтуге және шәкірттерді өз бетінше жан-жақты ізденіспен оқуға жетелейді.

Тағы бір ерекшелігі: онлайн оқыту географиялық, физикалық, қаржылық жағынан көп нәрсені тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Студенттер ары-бері сабылып жүрмей-ақ өздеріне ыңғайлы жерде: үйде, жолда, спортзалда немесе таза ауада жүріп-ақ оқуын жалғастыра береді. Олар өздері үшін қолайлы орынды тауып, оқуды мазмұнды және ұғынықты өткізу мүмкіндігін таңдай алады. Бұл ретте онлайн оқыту білім берудің дәстүрлі түсінігіндегі алғышарттарына айналып келеді деп айтуға болады. Алайда, жаңаша үрдіс болған соң, қашықтықтан оқытудың өзіне тән проблемалары бар екенін де байқадық. Оның бастысы – онлайн оқуды ұйымдастыруға байланысты жағдайлар. Бұл университет оқытушыларына ғана емес, мектеп мұғалімдеріне де үлкен сынақ болды. Үйде өзімен өзі жеке қалған барлық шәкіртті түгел қадағалап, олардың сабаққа деген назарын аудару қиынырақ соғады. Сондай-ақ, оқытушы бірінші кезекте шәкірттерге қандай көрнекі құралдардан бастау керек екенін білмей уақыттан ұтылатын сәттері де болады. Өйткені бұрын оқушының алдында тек мұғалім мен тақта болса, қазір экранда көптеген қосымша құралдар пайда болды – сілтемелер, чат, құжаттар, жазбалар, бейне көрсетілімдер және т.б. Бұл онлайн оқутыдың қиыншылықтарының тек бастамасы сияқты. Оған интернеттік байланыс сапасының нашарлығы, сыртқы дыбыстардың қосылуы немесе дыбыстың жоғалуы, бейне суреттердің көмескі көрінуі сияқты техникалық ақаулардың әсері де мол болмақ.

Үйде компьютердің немесе кез-келген басқа гаджеттің болуы әрқашан онлайн білімге қол жеткізу мәселесін толық шеше бермейді. Мысалы, бір отбасында көп бала болса және барлығында бір ғана ноутбук бар десек, онда сабақтың сапасы туралы не айтуға болады? Дәрістер бір уақытта өтеді және бұл жағдайда балалар не істей алады? Ештеңе де. Бұл психологиялық ауыртпалық қана туғызады. Міне, сол үшін қоғам болып жаппай цифрландыруға тездетіп көшуді ойластырғанымыз жөн.

Сонымен қатар, оқу үрдісі көрсеткендей, бастауыш кластағы өрендерді қашықтан оқыту бүлдіршіндер үшін өте қолайсыз жағдай туындатып отыр. Біріншіден, бастауыштағы балақайлар смартфонмен (компьютермен) өз бетімен оқи алмайтыны анық. Программаны ашып, қосу өз алдына, дәріс өтіп жатқан кезде байланыс үзіліп қалса, не болмақ? Немесе олардың сабақ оқу орнына, әлеуметтік желілерде ойын ойнап кетпеуіне кім кепілдік береді? Екіншіден, оқытушының не айтып, не қойғанын, қандай тапсырма бергенін түсіндіру үшін баланың қасында міндетті түрде естияр жан болуы қажет. Ондай жағдайда ата-ананың біреуі жұмыстан қалуына тура келеді. Ал, мынандай өтпелі ауыр кезеңде кім өз кәсібінен айырылғысы келеді? Осы мәселе де ата-аналарды толғандырып отырғаны анық.

Онлайн оқудың тағы бір кемшін тұсы – кез-келген кәсіби практиканы қашықтықтан өтуге болмайтындығы. Мысалы, медициналық, құрылыс, өндіріс мамандарын қашықтан игеру еш мүмкін емес. Студенттерге міндетті түрде тәжірибелік орта керек. Бұл жалғыз оқу орынының қолынан келмейтін нәрсе. Біздің мемлекетіміз ЖОО-лармен бірлесіп, бұл мәселе бойынша әлі де көп жұмыстар атқаруына тура келеді.

Ия, бүгінде әлем жылдам өзгеруде. Соған байланысты қашықтықтан оқыту мәселесі дәстүрлі форматтан мүлдем өзгеше екеніне, әрі белгілі бір қиындықтар туғызатынына көз жеткіздік. Сондықтан, инновациялық жаңа нәрсенің өмірде тез орнығуы, оны қоғамның қабылдауы белгілі бір қарсылыққа ұшырайтынын да көрдік. Дегенмен, жастар жағы онлайн-форматқа деген көзқарастарын өзгертіп, қосымша техникалық дағдыларды игеру манызды екенін түсіне бастады. Электронды оқыту білім мен ғылым көкжиегіне жол ашатыны анық: гаджеттер өзара сөйлесу мен ойын-сауық үшін емес, инттелектуалдық біліміңді дамыту үшін, жаңа стандарттарды игеру үшін тиімді.

Осы орайда, өзімнің күнделікті тәжірибемнен бір-екі мысал айта кетейін. Егер, сабақ өтіп жатқан кезде онлайн-платформада техникалық проблемалар туындай қалса, дереу оқытушымен байланысып ескертіңіз. Экранда қате хабарламалар пайда болған кезде де дереу скриншоттарын алып, оны да дәріс берушіге жолдаңыз. Себебі, оқытушы өзінің сабағын тездетіп өткізуді ойлайтын болғандықтан, қарсы жақтың интернетінде желілік ақаулардың орын алғанын білмеуі мүмкін. Және бір есте ұстайтын нәрсе, үй тапсырмасын орындап қойсаңыз, оны жіберуді соңғы минутқа дейін күтпеңіз. Техникалық мәселелерге байланысты мерзімді өткізіп алмау үшін жүмысыңды алдын-ала жолдап, ұстазға да дұрыс бағалау үшін жеткілікті уақыт беріңіз. Бұл екі жаққа да өте тиімді.

Менің осы айтылған ой-пікірімді көптеген құрбыларым мен студент достарым қолдайды деп ойлаймын.

Айдана Мұхтар, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінін студенті