22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ






Бала тәрбиелеу - Қазақстанның болашағын құрумен пара-пар. Сондықтан, қазірде ол қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осы ұрпақ тәрбиесіндегі қатаң тәртіп пен мәдениет күллі адамның күнделікті әдетіне айналған кезде, біздер мейірімді қоғамды құрып қана қоймай, зорлық -зомбылықсыз балалық шақты қалыптастырар едік.

Тәрбиені әр адам бірінші өзінен бастауы керек. «Адам- адамнан тәлім алады»- деп бекер айтылмаған. Бірақ интернет пен әлеуметтік желі жақсы дамыған мына ғасырда ол бізге қиынға соғары анық. Себебі, балалар енді сөйлеп келе жатқан кездерінен бастап,ересек шақтарына дейін ұялы телефонмен бірге өседі. Кейбір жұмысбасты ата-аналар оған мән бермей, телефонды қолдарына ұстатып, жұмыстарына кетеді. Міне, осы сәттен бастап бала санасы құртыла бастайды. Сәбидің енді қалыптаса бастаған, әрі әр нәрсеге қызығып тұрған шағында оны ата-анасы емес, ұялы телефонның тәрбиелеуі дұрыс емес. Бүгінде, елімізде зорлық-зомбылық саны көбеюде. Иә, оның себебі, осы балаларға кезінде ұлттық тәрбие бере алмағанның кесірі. Меніңше, әр сәби туғаннан бастап, ата-ананың тәрбиесін бойына сіңіруі керек.

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ құру, баланың өзіне де байланысты. Менің ойымша, ең бірінші адам өз ортасын, достарын жақсы таңдай білуі керек. Себебі мінез жұғады. Бұзақы, жастайынан жаман әдеттерге үйір адамдармен жүру, зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады. Сондықтан бала кезден бастап, әр адамда үлкен мақсат болуы қажет. Қасыңа тек болашаққа жоспары бар, белгілі бір мақсаты бар жандарды жина.

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ құруды әр адам мақсат ету керек. Себебі, жазықсыз балалардың өмірін құртып қана қоймай, оның жүрегіне өшпес дақ қалдыру үлкен күнә. Есіңде болсын, жарық дүниеге келген әр сәби зорлық-зомбылық көремін деп тумайды, сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған.