03 Желтоқсан, Сейсенбі

Оқушыларға

Абай мұрасы






Бүгінгі XXI ғасыр - ғылым мен технологияның заманы. Заман талабына сай әрбір азамат компьютерлік сауаттылықты игеріп, күнделікті өмірде дамып отыруы қажет. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы Жолдауында “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” басталғанын жариялаған үшінші жаңғыруы да осыны көздейді. Негізінен, жаңғыру бағытында тәуелсіздік алғанымыздан бері көптеген бағдарламалар жүргізіліп жатты. Сондықтан бұл егеменді ел атанғанымыздан бері жүргізіліп жатқан жұмыс.

Әлемнің озық өркениетті мемлекеттерінің қатарында болу үшін біз алға басуымыз қажет. Себебі заманның күнделікті дамып отырған кезеңінде әрбір жағдайға икемді бола алған мемлекет қана алдыңғы қатарлардан көріне алады. Алайда жаңғыру өткенді ұмытып, алға жетелеу емес. Керісінше, ата-бабаларымыздан қалған қасиетті әрі асыл мұраны сақтау және оны бірге ала отырып алға басу. “Біз дәстүрлерімізді алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыруымыз қажет”,- деген Елбасының сөзі осыны айғақтайды. Себебі әрбір өзін құрметтейтін азамат өз тарихын білу қажет, ал бұл болмаған жағдайда мәдениет те, салт-дәстүрлер де ұмытылып, ұлттың жоғалуына әкеліп соқтырады. Осыған орай, қазақ халқының дарынды да ұлы ақындарының бірі - Абай Құнанбайұлы туралы білу әрі әрқашан жадымызда сақтау ұлттық кодымызды сақтаумен бірдей. Өйткені Абай атамыздың халқымыздың тарихымызда алатын рөлі өте зор.

Абай Құнанбайұлы қоғамда алып жатқан шеніне қарай емес, еңбегі мен талабы арқылы жетістікке жеткен қазақты көргісі келді. Сол үшін халқымыздың бойында үздік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында қазақтардың кемшіліктерін айтуға қорықпаған ұлы дана қазағымыздың тек биіктен, үлкен асулардан көрінуін ғана қалаған. Айтып өткендей, Абай атамыз өз шығармаларында адам бойындағы қасиеттерге көп көңіл бөлген. Мысалы, “Ғылым таппай мақтанба” атты өлеңінде бес жаман қасиеттерден арылып, бес жақсы қасиетті игеруге шақырды. Осы секілді көптеген басқа да мысалдарды атап көрсетуге болады. Алайда, мен бүгін Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлына арнаған мақаласына біршама тоқталып өткім келіп отыр.

Мемлекет басшының “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласы 2020 жылдың 9 қантар күні жарияланды. Бұл мақалада Абай еңбектерінен қандай үйретерлік, өнегелі ой алуға болатыны туралы айтылды. Ұлттық болмыстың үлгісі атты бөлімінде заманалар өзгерсе де, Абайдың аты мәңгі екендігі ерекше жеткізілді. Сонымен қоса, ешқандай асуларға білімді игермейінше жетуге мүмкін еместігі және біздің өмірімізде ақылдың алатын рөлі зор екендігі айтылды. “Мемлекет ісінің мүдделесі” атты екінші бөлімінде мемлекетте әділдік орнау үшін жергілікті билік органдары бұқараның алдында есеп беріп, шешу керек деген мәселе бола қалса, бірлесе отырып шешім қабылдаған жағдайда ғана орнайды деген ой қалдырады. Үшінші бөлім әлеуметтік жауапкершілік әлсіреген жағдайда Абайдың “Толық адам” формуласын қолдану керектігі делінсе, келесі бөлім Абай атамызды еліміздің бренді ретінде бүкіл елге таныстыруымыз қажеттігі айтылады. Биыл Абайдың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай елімізде әйгілі Жидебайды абаттандыру, “Жидебай-Бөрілі” сынды қорық-музейіне көңіл бөлу көзделді. Бұл - соңғы, қорытынды бөлімнің қысқаша ғана мазмұны.

Абай атамыздың қалдырған мұралары - мәңгі өшпес болары сөзсіз. Осы құнды ақыл-өсиеттер арқылы озық мемлекеттер қатарына ену жолында жетістікке жететінімізге сенімім зор.

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті 1 курс Раим Сайёра