22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Әл-Фараби – Ұлы даланың Ұлық тұлғасы






Биылғы жыл Шығыстың ғұлама ғалымы, математик, астролог, музыканың теоретигі, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына сай келген дүбірлі жыл. Ортағасырда ғылыми ой ордасының іргетасын Шығыста көтерген көсем сана иесінің толық аты-жөні - Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Азан шақыртып қойған есімі – Мұхаммед. Туған және қайтыс болған жылдары фарабитанушылар тарапынан әлі де талас тудыруда. 870-950 жылдар ортақ мәмлеге келген жуық шама. Фарабитанушы ғалымдарымыз анықтаған азын-аулақ өмірбаяндық деректерге жүгінсек, Ұлы ғұламаның туған жері – Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елді-мекенінен оңтүстік-батысқа қарай жатқан сайын даланың төскейі. Өмірін түгел дерлік ғылымға жұмсап, соңынан мәңгілік өлмес мұралар қалдырған ғұлама, біздерге белгілі әл-Фарабилердің ең үздігі – Әбу-Насыр әл-Фарабидің сүйегі Дамаскінің «Баб ас-сағир» («Кіші дарбаза») зиратына қойылған. Араб жазба деректері Ұлы даланың ұлық тұлғасының есіміндегі «Тархан» тіркесін оның дәулетті түркі отбасында дүниеге келгендігінің белгісі деп сипаттайды. Олай деуге негіз де бар, себебі сол замандағы түркі қоғамында «тархан» атауы әскери қолбасшыларға берілген. Ал әскери қолбасшылар ең жоғарғы лауазым иесі болғаны мәлім. Ұлы ойшыл бала кезінен ғылымға құштар болса керек. Не жерде, не көкте орналасқаны белгісіз Отырар кітапханасы ғалымның ғылымға деген ізденісіне бастау болып, Шаш, Самарканд, Бұхара, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск қалаларында білімін жетілдіруге қадам жасатқандай. «Мұсылман ренессансы» деген тарихи кезеңде өмір сүрген әл-Фараби өзінен он ғасыр бұрын христиан фанаттары жойған Платон мен Сократ, Аристотель секілді атақты философтардың еңбектерін, Александрия кітапханасымен бірге түгелдей жойылған жазбаларды қайта жаңғыртты. Бұл тұста әл-Фараби ғылымды жаңа қырынан көрсетуші ғана емес, көне грек жазбаларын араб тіліне аударған өркениет құтқарушысы. Осы орайда әл-Фарабиді Шығыс пен Батыс өркениеттерін жақындатушы тұлға деп айтсақ жаңылыспаймыз. Ежелгі грек дүниесінің білімін жаңғыртушының жазған еңбектерінің көшірмелері Кордова арқылы, Испания арқылы Еуропа жұртшылығына жетеді. Бұл жерде аудармашылар араб тіліндегі жазбаларды латын тіліне аударумен айналысты. Осылайша тұтас Еуропа әлемі әл-Фарабидің қызметі арқылы өз тарихының ұмыт болған беттерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Көріп отырғанымыздай, Шығыс пен Батыс дүниесі осылайша бір ойшылдың арқасында жақындай түсті. Осыдан 1150 жыл бұрын дүниеге келіп, сексен жылдық тіршілігінде соңынан ірілі-ұсақты 160-тан астам ғылыми еңбек қалдырған данышпан бабамыздың еңбектерін жарыққа шығарып, зерттеу ісі ертеден-ақ қолға алынған. Бүгінде «Шығыс Аристотелі» атанған Әбу Насыр әл-Фараби рисалаттарының көшірме қолжазбалары әлемнің әр түкпірінде сақтаулы. Аса құнды мұралардың бізге жетуіне негіз болған бұл жәдігерлер Каир, Лондон, Ыстамбұл, Калькутта, Бомбей, Мадрид, Тегеран, Берлин, Братислава, Лейден, Анкара, Хайдарабад, т.б қалалардың кітапханаларында жатыр. Ортағасырлық ғылым мен білімнің алыбына айналған әл-Фарабидің қаламынан туған ең мәшһүр еңбектері: «Философиялық трактаттар», «Математикалық трактаттар», «Логикалық трактаттар», «Птоломейдің «Альмагестіне» түсіндірме», «Ғылыми-жаратылыстану трактаттары», «Музыка және поэзия туралы трактаттар», «Музыканың үлкен кітабы» және Аристотельдің «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Категориялар», «Аналитика» және басқа да философиялық, логикалық шығармаларына жазған түсіндірмелері, «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» секілді пәлсәпалық еңбектері. Осындай әлемдік ақыл-ойдың алға жылжуына серпіліс туғызған теңдесі жоқ еңбегі үшін әл-Фараби «Ал муаллим ас- сани» яғни, «Екінші ұстаз» атанды.

Б.Б. Карибаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

М.К. Алдыбекова, тарих, археология және этнология факультетінің 7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты