22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Шимұрын






Шимұрын

Әбіш Кекілбайұлының «Шимұрын» өлеңі бойынша сахналық қойылым сценарийі

Қатысушылар:

Шимұрын – адамды жүріп келе жатқан жолынан адастырып, батпаққа батырып өлтіретін шайтанның бір түрі. Жіңішкелеу, шағын денелі, үстінде қара киім, басында құлағы едірейген құлақшын, құйрығы шұбалыңқы, аяқ киімінің басы тым үшкір.

Мұғалім – жасы 50-лерде, соғыстан оралған егделеу азамат, үстінде ескілеу сұр шалбар, кең әрі көнетоз ақ көйлек, басында күнқағары бар сұр кепка; көзілдірікті, таяқ ұстайды.


Ұл мен қыздың шешелері – 45-50 жаста, ұзын көйлек, кәжекей, ақ жаулық тартқан аяқтарында мәсі, гәлөш ;

Қыздың әкесі – 50-55 жастағы ұзын бойлы, сақал-мұртты кісі, үстінде кеңдеу ескі жолақты костюм шалбар.

Бозбала – 15-16 жаста, бойшаңдау, бұйра шашты, үстінде кең балақ қара шалбар, жеңін түрген ақ сұр түсті көнетоз көйлек, аяғында қоңыр күздік бәтеңке.

Қыз – 15-16 жаста, қызыл ала гүлді, ұзын жең шыт көйлек киген, қос бұрымды, нәзіктеу, аққұба өңді.

Ауыл адамдары – әр жастағы 5-6 ер, әйел; әйелдер ақ орамалды, қоңыр ала, сұр ала көйлек , егделеулері қоңыр, қара жеңсіз (кәжекей) киген; еркектері жеңдерін түріп алған, бастарында кепка, ескілеу картуз, біреуі орамал байлап алған.

Серік – қыздың інісі,6-7 жаста, кекілді, ойын баласы

Құтаяқ – күшік

Бала-шаға – киімдері әртүрлі 10-15 жас аралығында

I көрініс

Оқиға 1954-1955 жылдарды қамтиды. Маңғыстау өлкесінің орталықтан алыс ауылдарының бірі. Айнала қоңыр таулар. Жаздың соңы. Күн батуға таяу шақ. Кеш. Балалар дөңгелене отыр, әңгімелесуде. Ортада сөнуге айналған от.

1-бала (қозғалақтап қойып, әңгімесін жалғастыра береді). Содан қарауыл қозғала алмай қалыпты. Әлгі нәрсе қозғалғандай болады, бірақ не аяқ дыбысы, не дем алғаны естілмейді дейді (осы сәтте балалар таңғала, тіпті үрейлене қозғалақтап, арасында дауыстары шығып кетіп, ортаға қарай ентелей береді.) Ол да ештеңе емес. Әлгінің жақындағанын қарауыл қалай білген десейші (балалар тым-тырыс боп қалады). Дала қап-қараңғы екен дейді сол күні де. Тек мұп-мұздай дем жақындағанын ғана сезіпті.

Балалар (қосыла). Ищ-ща! И-и-и! А-а-а-а!

1-бала. Кенет қарауылдың иті, қалай сезгенін..., таяу маңнан арс ете түскен ғой. Қарауыл тек бірдеңенің бұлғаң ете түскенін байқап қалдым депті.

2-бала. Сосын... қарауыл не істепті? Артынан қуып па? Ұстап па?

3-бала. Иті ше? Иті артынан қуып жетіп алмай ма екен?

1-бала. Қайдан... Бір-ақ сәттің ішінде өткен ғой. Қарауыл қарт айтыпты деп отырғанын ғана естідім.

4-бала. Сонымен, не екен әлгі нәрсесі? Жарықта ізін қарап па? Қандай екен?

1-бала. Өй, қайдан? Із түгілі, дым да жоқ дейді. Қарауылдың өзі мұны көршілеріне зорға айтыпты... сөйтсе, ол – Шимұрын екен... (5-6 секундтай шың еткен музыка естіледі.) (36-39 секунд. https://youtu.be/metlOQqlJpg) Рас айтам (екі қолын жоғары көтеріп, отырғандарға төне қарайды).

2-бала (қолын сермелеп). И-и! Оның атын айтуға болмайды ғой. Шекем айтқан: ол атын естісе, жетіп келеді,- деп.

3-бала (атып тұрып). Құрысын, онда кетейік. Үйге тарайық. Әлгі, шынымен, естіп қалып жүрер.

4-бала (оның етегінен тартып). Ой, не болды сонша үркіп! Барамыз ғой.

5-бала (бірінші балаға қарап). Айта берші, сосын не болыпты?

1-бала (тамағын кенеп). Содан бері жұрт қараңғыда жалғыз-жарым жүрмейтін болыпты. Басқа жақтарда да үйден шығып кетіп, қайта келмей қалған бірен-саран адамдар болыпты. Батпақты сорға дейін барған ізді көріпті. Бірақ қайтқан із жоқ дейді. Өзі оттан өлердей қорқады дейді.

2-бала (сілкіне). Мәссаған, біздің отымыз да сөніп болыпты ғой.

Бірнешеуі (қосыла). Кетейік! Кеттік! Кеттік-кеттік! (Топырлап, балалар сахнадан шығып кетеді.)

(Сахна 30 секундтай тым-тырыс қалады. Сәлден соң үрейлі үн естіледі, сосын баяулай келіп, шықылықтаған күлкі естіледі, музыка ойнайды) (https://youtu.be/qW8bRllBv9k. Алғашқы 1 минуты )

Ортаға Шимұрын шығады. Қулана жымиып, аяғын қайшылай аттап, алақанын шапалақтай келеді.

Шимұрын. Уа-а! (жұртқа қарап, есіре сөйлейді) А-а-а! Бездіңдер ме, бәлем?! Бездірдім бе? Түн менікі ғой. Түнде жүрген де менікі, ендеше. Мен жүретін жер – желік қуған жігіт-желең, қыз-келіншек, үйінен адасқан бала. Оңаша шыққан адам, әсіресе «біссіміллаға» тілі келмейтіндері не соны тіпті мазақ ететіндер менің (қолымен ауада шеңбер сыза) батпақты мекеніме қалай жеткенін білмей қалады (алақанын шарт еткізеді) . Неге дейсіңдер ғой, а!? Өйткені мен сондайлардың тәтті қанын бірден сезем ғой! (сахнаны тағы да айнала жүріп, ырғалақтап, жалақтап келеді.) Олар қанын маған бергісі келіп, асығады. Ал мен оларды адастырып-адастырып (жіңішкерте созып), арқалап алып асамын. Асамын да, өз дегеніме жетемін. Түз төресі – мен! Қараңғының қожайыны – біліп қойыңдар, Шимұры-ы-ын! (сахнадан кетіп бара жатып) Шимұрынның түнгі әмірі – әмір! Шимұрынның жемі – бала-шаға, қыз-қырқын, қатын-қалаш, шал-шауқан, ащы су ішкен мастар мен ақымақ жастар! Ха-ха-ха, хи-хи-хи (Музыка ойнайды. https://youtu.be/8sSbtw__L_4 Алғашқы 48 секунд))

ІІ көрініс

Мектеп маңы. Таңертеңгі уақыт. Кешегі балалар, ортада мұғалім.

Мұғалім. Ал, батырлар, сөйлеңдер! Не бүлдірдіңдер?

Балалар (жүректердің дүк-дүк соққан дыбысы естіледі). Ағай...

Кешіріңіз.

Біз..

Ештеңе...

Мұғалім (таяғын екінші қолына ауыстырып, көзілдірігін түзеңкіреп қойып). Ааа... Ештеңе дейсіңдер ме? Ал маған бригадирдің ескертуінше, сендер үлкен қателік жасапсыңдар. Үйілген шөмеленің жанында от жағуға болмайтынын білесіңдер ме?

Балалар (жүректердің дүк-дүк соққан дыбысы енді бәсеңдеу естіледі).

Ағай...

Кешіріңіз.

Біз...

Тек...

Жай әңгімелесіп отырдық. Қорыққасын, от жағып едік. Бірақ отты көп жаққан жоқпыз. Иә, біз кеткенде, от сөніп қалған болатын.

Мұғалім (Сәл қатулана). Жарайды. Енді бұл қателікті біліп жасасаңдар да, білмей жасасаңдар да, дұрыс іс жасамағандарыңды түсініңдер. Өрт шығып кетсе, елдің ала жаздай жасаған есіл еңбегі күлге айналар еді. Түсіндіңдер ғой. Ал енді бригадир ағайларыңның шешімін тыңдаңдар. Сабақ басталғанша, әлі бір апта бар. Қазір осы қалыптарыңда шөпшілер бригадасына көмекке барасыңдар.

Балалар (бірауыздан). Қай жаққа?!

Мұғалім. «Әлгі сор беттегі қалың шілік өскен жаққа»,- деген бригадир.

Балалар (шошып кеткен түрмен, бірауыздан). Шілік өскен жаққа!? (кейбіреулері тіпті бетін басып отыра қалады, енді бірі қорыққандарын білдіруде.)

Мұғалім. Неге шошыдыңдар сонша?! (жүздеріне қарап алып) Қане, айта қойыңдар. Әлде жұмыстан қашып тұрсыңдар ма?

Балалар. Жо-о-оқ. Жұмыстан қашпаймыз ғой. Жаздай жасадық.

Шөпшілерден келгеніміз кеше емес пе?

Тек ол жақ қорқынышты. Қорқамыз, ағай.

Мұғалім (таңырқай әрі қабақ түйе). Неге қорқынышты? Неден қорқасың?

Балалар. Сор жақта Шимұрын бар дейді ғой.

Біз кеше сол себепті от жағып отырдық.

Отқа жақындамайды деп естіп едік.

Мұғалім. Жә, болды. Тынышталыңдар. Сендер қайдағы Шимұрынды қайдан тауып, айтып жүрсіңдер? Кім таратқан мұндай бос әңгімені?

Балалар (біреуі). Жұрттың бәрі айтады. Бар дейді ғой, шынында.

Мұғалім (тамағын кенеп алып, шашын қолымен тарақтап тұрып). Бос сөз. Бұл – баяғы молдалардың надан халықты қорқыту үшін ойлап тапқан нәрсесі. Негізінде, жын-пері, Шимұрын, қансорғыш дегендердің барлығы да ойдан шығарылған бейнелер. Олар тек аңыздар мен ертегілерде ғана болады. (Осы кезде сахнаның әр жерінен жұмысқа бара жатқан ауыл адамдары шығып, балалардың сыртынан келіп, тыңдап тұрады.) Халық табиғаттың зұлым күштерін жеңетін Таусоғар, Желаяқ, Көлтауысар және Алдар көсе сияқты өздерінің қиялындағы қорғаушыларын қалай ойлап тапса, адамзатқа зиян келтіретін, айлакер, сұм, жауыз кейіпкерлерді де солай қиялынан туғызған. Тіпті соларды жеңетін ерекше қасиет иелерін де аңыз етіп айта білген. (Осы кезде бір ер адам тамағын кенеп, қарсылық танытқандай ыңғай бере бастайды.Мұғалім оған, «араласпа» дегендей басын шайқап әрі қолымен «қажет емес» дегендей белгі береді.) Бұлар – қайталап айтамын, бұрынғы оқымаған, надан халықтың әңгімесі. (Басқалары да бір-біріне қарап, мұғалім сөзін бөле алмай, тұра береді.) Ал, сендер сәбет мектебінде оқып жүрген оқушы емессіңдер ме? Міне, жұмысшылар да келіп тұр. Солармен бірге бара беріңдер. Колхоздың жұмысын бір сәт те кідіртуге хақымыз жоқ, білесіңдер ғой! Әлгіндей әңгімеге әуес болмаңдар.

Жай шертпе күй әуені естіледі. Балалар төмен қарап кете береді. Мұғалім қолтығындағы газетін алып, ашып қарап, қайта бүктейді де, қарама-қарсы бағытқа кетеді.

ІІІ көрініс

Әуелі сахнаға қыздың әке-шешесі шығады. Буынып-түйініп, бір жаққа жолға шыққалы тұр. Шетте 6-7 жасар бала Құтаяқты құшақтап отыр.

Қыздың әкесі (артына бұрылып). Кемпір, бау-шуларыңды тексеріп пе едің? Қораның есігін мықтап бекіттің бе? Балаларға сыртқа шықпауды тағы да қадағалап айтарсыңдар. Енді жүрейік, жол алыс. Құдай жолымызды оңғарсын! (шыға бере, тағы бұрылып, жан-жағына қарап.) Иә, жаратқан! Жанның амандығын, жолдың жеңілін бере көр! Кешке дейін келіп қаламыз-ау, кемпір. Тездетейік, көршіден ұят болар. Қызыңа есігін бекітіп отыруды ұмыттырма. Әлгі жұрт Шимұрын деген бәленің тағы да атын шығарып жүр ғой. Құдай сақтасын, кешке дейін келерміз. (шыға береді.)

Қыздың шешесі (қызын құшақтап). Құлыным, уақытында ас-суыңды ішіп, қағазыңа қарап, отыра бер. Кешігіп жатсақ, есікті бекітіп аларсың. Қорықсаң, мына көршінің өзіңдей баласы бар ғой, соны шақырып ал. Біз де келіп қалармыз (қызын маңдайынан сүйіп, шығуға беттейді).

Қыз. Иә, апа. Қорықпаймын ғой. Оның үстіне мұғалім айтыпты: «ешқандай Шимұрын деген нәрсе жоқ. Ол – тек аңыз»,- деп. Кешке дейін келетін шығарсыңдар. (керулі арқандағы жаюлы орамал, шүберектерді жинап алып, үйге кіріп кетеді.)

(Сахнаға енді көрші үйдің ұлы мен шешесі шығады. Бозбаланың қолында - шағын ала дорба. Анасы түртінектеп әлі бірдеңелерді жиыстырып келеді.)

Ұлдың шешесі (сахнадан шығып бара жатып, өзін шығарып салып тұрған баласының қолынан дорбаны ала беріп). Жарығым-ау, мынау қора-қопсы, үй-жай өзіңе аманат. Ана көршінің қызына да ес боларсың. Қыз бала ғой, қорқып қалмасын, хабар алып тұр. Кешіккендей болып жатсақ, екеуің бірге отыра тұрарсыңдар. Ал, аман болыңдар! (кетеді.)

Бозбала. Иә, мама. Қорқып, мен, не, қызбын ба? Қорықпаспын-ау онсыз да. Күнде жүрген жол, күнде барып жүрген ауылдар. Келесіңдер ғой. Жолдарыңыз болсын! (Балақайға айқайлайды.) Серік! Құтаяғыңды ертіп кетші, құдай үшін. Қарайғанның бәріне шәуілдеп үріп, мазаны қашырады, түге! (Бала қуана жүгіріп барады. Бозбала анадай жердегі кесілген томардың үстіне барып отырады. Ыңылдап қояды.(Сахнаға қарап.) Яғни , бүгін ауылда кешке дейін тек өзіміз қалады екенбіз. Яғни, оңаша қаламыз. Оһ, бәле, бұл қыз да бәле ... (сүйсіне жымиып қояды.) Бірдеме десем, түсінбей қалып, шешесіне айтып жүрмес пе екен, а... Айтпайтын шығар. Осы қыздар ерте есейеді деп жазады ғой кітаптарда. Мұғалімге білдірмей, балалар бүгін тағы жиналар ма екен? Қой, бүгінше ешқайда шықпайын. Енді кеш тезірек батса екен. (үсті-басын қаққылап, орнынан тұрады.)

ІV көрініс

Кеш. Қараңғы. Сахнаның арасы тіке шимен немесе керегемен бөлінген. Екі жағында екі үйдің ішкі беті: қыздың үйі жасаулы, ұлдың үйі қарабайырлау. Сахна түбі күңгірт, сахна сырты, алдыңғы жағы қараңғы. Жоғарыдан елеусіз жарық қыз бен бозбалаға түсіп тұр. Екеуі керегеге таяу тұр. ((Музыка ойнайды. https://youtu.be/qW8bRllBv9k. (алғашқы 1 минут)

Қыздың жүзіне жарық түсіріледі. Қорқып, үрейленіп тұр. Бозбаланың жүзіне жарық түсіріледі. Ол да қорыққан. Сырттан алыстан әлдебір дыбыстар, сыбдыр үн естіледі. Сахна сыртынан әуелі бозбаланың ойы жіберіледі: «...Бұл не екен, а? Қыз қайтіп отыр екен? Ол да қорқып отырған болар? Әлде... Хабар алған боп барсам ба екен...» Содан соң қыздың ойы жіберіледі: «Ибаай! ....Не пәле мынау? Ненің даусы? Малдың үніне де ұқсамайды. Ана үйлердің адамдары да келмеген шығар әлі. Қайтсем екен, а... Апамдар келсе екен тез... Тез... Көршінің баласы да үндемеді ғой... Әлде... Соны шақырсам ба екен...»

Қыз (жігітке қалтырай үн қатады). Қалайсың?

Бозбала (қызға). Отырмын тек... ( дүрсілдеген жүрегін алақанымен басып.) Өзің ше?

Қыз. Қорқып бара жатырмын. Бірдеңе жүрген сияқты ауылдың сыртында. Естідің бе?

Бозбала (іргеге тақала түседі). Иә, бір дыбыстар менің де құлағыма келгендей болды. (өзі тың-тыңдап қалады.)

Қыз. Бері келсеңші онда. Шешелеріміз «қорықсаңдар, бір үйге келіп отырарсыңдар» демеп пе еді?

Бозбала. Жарайды. (жайлап шығып, жылжи басып, қыздың үйіне ентіге кіріп, тұрып қалады.) Не болып қалды?! (қызға қарай ұмтыла беріп, қолынан ұстай алады.)

Қыз (шошына). Жо-о-оқ, жолама! (жұлқынып, қолын босатпақ болады. Қыз сәл аттап тұрып қалады. Ал жігіт томсырайып, сырт айналып тұр. Кенет сырттағы дыбыс ұлғая түседі, жақындай түскендей... Тым-тырыс, үрейлі дала демін ішке тартқандай.)(тағы да оқыс дыбыс: ышқынған, сырылдаған үрейлі үн.)

Бозбала (сахнаға қарап). Қызық екен өзі. Келсеңші дейді де, келген адамды жолатпай, қаралай шошығаны несі.. Қараңғыда менің түрім де қорқынышты болып көрінді ме екен...

Қыз (сахнаның келесі шетіне қарай ығыса түскен). (сахнаға қарап). Жаңағы, шынымен, көршінің баласы ма екен? Шимұрын таныс адамыңның бейнесінде көріне береді деуші еді балалар. (үрейленген үні қаттырақ шығып кетеді.) Қап, әкемдер де сонша кешіккенін қарашы. Енді қайтсем екен?! Құтаяқтың да еріп кете қоюын... Әшейінде түнімен абалап ұйқы бермеуші еді. (көзі қорқыныштан үлкейе түскен.) Қорқа-а-мы-ы-ын... (сөзінің соңғы жағынан діріл сезіледі.)

Бозбала ( сахнаға қарап). Қорықса, «қасыма кел» демей ме екен...а.... (күлімдей түсіп, тез бойын жинап алады. Қызға бұрылып) Қорықпа. Мен бармын ғой қасыңда. (қолын созып, қыздың білегінен ұстай береді. Қыз да қысыла түсіп жақындай береді де, қайтадан алыстау кетеді. Сырттағы дүсір ұлғайып барады. Жақындап келеді.)

Ендігі сәттерде жарық біресе екеуіне, біресе қап-қараңғы іргеге ауысып тұрады. Кенет дүсірлеген дыбыс қаттырақ келіп қалғандай естілгенде, біреуі тез, біреуі соза әрі қаттырақ «Шимұрын!» деп қалады. Екеуі екі жақтан ұмтыла кеп, ортада құшақтасып тұрып қалады. Жарық сөнеді. Үнсіз бір минут өтеді.

V көрініс

Дала. Желдің гуілі. Қамыстардың шуылы естіледі. Біресе жарық, біресе қараңғы алмасып тұр. Сахнаға Шимұрын атып шығады.

Шимұрын. Қорқыттым ба, бәлемдер, ааа?! (Сақылдап күледі. Алақандарын ысқылап, құйрығын ойната ерсілі-қарсылы секек қаға орғып жүр.) От жағып қойып, аман қалдыңдар, әйтеуір. Бұл ауыл дегенмен сақ ауыл екен. Айналдырған екі-үш үй болса да, ошақтарын сөндірмепті. Шамдарын көрдің бе? Қораларына баратын жолдарын тазалап, мен тығылатын түк қалдырмапты. Іһ-һім... (жылмаңдай сөйлеп.) Мына шеткі үйдегі бір қыз бен жігітті, ой, өлердей қорқыттым-ау. Білем, білем... Бозбала қыздың үйіне өлсе де, қараңғыда бара алмас еді. О! Менің атым естілісімен-ақ, зәресі ұшатын қыздардың бүгінгідей түні не жаны қалсын! Ә-ә! Бұлар бүгін далаға шықпайтын сияқты. (тағы да алақанын ысқылап.) Шығу деген не?! (бұрыш жақты сілтеп.) Әне, көрдің бе, бірін-бірі тас қылып құшақтап алыпты. (Ернін шығарып, басын изеңдетіп, оларды мазақтағандай болды. Сол сәтте дүсірлеген аттың, салдырлаған арбаның дыбысы естіледі. Шимұрын шошып түсіп, келесі бұрышқа қарай қаша жөнеледі.) Мыналар келіп қалатын болды-ау. Жарайды. Басқа ауылдарды аңдиын онда. (шиқылдай дыбыстап, жүгіріп кетеді).

VI көрініс

3-көріністегі сахна. Бозбала мен қыз. Бұрынғы орындарында. Құшақтасып тұр. Жарық екеуіне тағы да кезек-кезек түсіріледі. Сәлден соң бозбала бұрылады.

Бозбала (сахнаға қарап). Шынымен... шынымен, осы қазір ғана өзі келіп құшағыма кіргені рас па? Рас болса... Бұл бақыт па? Бақыт деген осы ма? Қорыққаны қандай жақсы еді. Жас шылаған жанарын көріп тұрғандаймын, тура. Апыр-ау, үрей мен бақыт адамның басына осылай бір сәтте қатар қона қала ма екен? Қалш-қалш етсе де, қалқатайым құшағымда тұра берсе ғой... Ендеше... таңы да атпай-ақ қойса екен, күні де шықпай-ақ қойса екен құдайдың. Осылай... өң мен түстей дүние тұра берсе екен. (жымиып.) Құрып кеткір Шимұрын үй торып жүре тұрса екен... (қызға.) Қорықпашы. Жүрегің қатты дүрсілдеп тұр ғой. Айттым ғой, осылай тұра берейік, сонда ештеңе де қорқынышты емес. (бетіне бетін тақап тұр)

Қыз (сәл толқыған, қалтыраған, үрейі басылмаған үнмен). Иә. Сенің ешқайда кетпей, бүгін үйде қалғаның сондай жақсы болды-ау. Әйтпесе, мен жүрегім ұшып өлем екен. (бозбаланың құшағынан босамаған қалпы.) Сен әлгі ел айтып жүрген Шимұрын, шынымен, осы төңіректе әлі жүр деп ойлайсың ба?

Бозбала (сасқалақтап). Мен бе? Шимұрын дейсің бе? Ол... Ол...(тағы бірдеңе дегелі аузын аша бергенде, үй жанына тасырлай келіп түсіп жатқан адамдардың, шәуілдей үрген Құтаяқтың үні естіледі. Екеуі бірдей.) А-а! А-а! (оқыс шошыған дыбыс шығарып, қыз төрге қарай, бозбала есікке қарай екі-үш аттап секіре қашады. Жарық енді қыздың бетін басып, бір қырынан тұрған қалпына, содан соң бозбаланың жүрек тұсын ұстап, сәл күлімсірей түскен бетіне түседі. Лүпілдеген қуанышты сездіретін жеңіл әуен ойнай түсіп басылады.)( https://youtu.be/0OxGBJP3uX4 Алғашқы 46 секунд)

Шымылдық .

VII көрініс

Қыздың үйі. Қыз әкесі ашулы. Қабағы түскен. Қыз жер шұқып бірдеңе жасап отырғандай кейіпте. Ол да ренжіген, жылаған тәрізді: мұрнын тартып, көзінің алдын, бетін алақанының сыртымен сүртіп қояды. Қыз шешесі күйбеңдеп, жүн түткен орнын жинастырып отыр. Інісі бұрышта күшігімен әуре.

Әкесі. Айтқаным айтқан! Енді сол жүгірмек осы үйдің маңынан жүрмейтін болсын! Көршінің баласы дегенге сөйтіп бетімен кетуге бола ма?! Әке-шешесі жоқта қыздың үйіне кіріп бару деген қайдан шыққан нәрсе?! Мұғалімдері не үйретеді осыларға?! Сен кемпір қызыңа соны неге айтпайсың?! Айтқаным айтқан! Енді мектеп, оқу дегенді қоясыңдар! (қамшысына сүйеніп, орнынан тұра береді. Ал қызы бырсылдап жылап жібереді.)

Шешесі. Ой, не деп отырсың өзің? Қартаймай жатып алжиын дегенің бе? Бала деген өзіміз жөргегінен білетін бала емес пе? Ал, тіпті , керек болса, мен едім айтқан: «қорықсаң, көрші баланы шақырып ал»,- деп.

Әкесі. Өй-й, сен антұрған екен ғой бәрін бастап жүрген. Болды енді! Ел ертең осыны да сөз қылады. Ауылдың құлағы алтау ғой, білмеймісің? Баланың өзі жақсы болғаны не керек... (ашуы басылғандай, шығып бара жатып, қипақтап қызына қарайды, бірақ үндемейді)

Шешесі. Отағасы-ау, сен қазіргі мұғалімдерді білмейсің бе? (әкесі тоқтап қалады.) Олар бұрынғының молдасы емес... Сабаққа қызын жібермей отыр деп, басыңа бәле салып жүрер. Мұны жазықсыздан-жазықсыз жылатып қойғанда, басымызға мүйіз шығар дейсің бе? Не істейміз енді? Айтсаңшы, сабағына барсын ба? (әкесі үндемейді, тек келіскен кейіп танытып, басын изейді де, шыға береді. Қыз бетін сүртіп, орнынан тұра береді.)

VIIІ көрініс

Келесі күн. Сахнаға әуелі шелекпен су алып келе жатқан қыз шығады. Көңілсіз. Төмен қарап ойланып келеді. Қарсы беттен бозбала шығады. Қыз бозбаланы көрісімен, тез бұрылып кетеді. Бозбала оған қарай ентелей түсіп, адымын жылдамдатқанмен, қыз қарамай өтіп барады. Амалы таусылған бозбала ортада тұрып қалады.

Бозбала. Өткен түннің кесірі саған тиіп кеткен болды-ау. Әйтпесе кешегі тұрысың, құшағыма кіріп тұрып, мені қорқыныштан құтқаратын құдіреттей көргенің дәл бүгінгі мінезіңе тіпті ұқсамайтын еді ғой. Жүрегіңнің дүрсілін естіп тұрып, арманыма жеткендей болып едім. (өңін сәл өзгерте, жымия түсіп) Өмір деген де қызық-ау! Дәл сол күнгі бақытымызға басқа ешкім емес, жексұрын Шимұрынның себепші болғанын айтсаңшы. (басын шайқап күледі) Әй, жексұрын Шимұрын-ай, иттің үргенінен, аттың дүрсілінен шошып, құйрығың шолтаңдап қаша жөнелмей, жүре тұрмайсың ба іргеде?.. Қалқатайым құшағымда ұзақтау тұрар ма еді сонда? Әй, Шимұрын, жексұрын... (тағы да басын шайқап тұрып, күлімсірейді де, қуанышын жасыра алмаған күйі, ойнақтай басып шыға береді. Көңілдің шаттығын білдіретін жеңіл әуен ойнайды.) (https://youtu.be/Qt3xli0faMw Алғашқы 14 секунд)

Шымылдық жабылады.

*шеке - әже, үлкен шеше, кейуана (жергілікті қолданыста)

Джайлыбаев Жарас

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы

Жаңаөзен Білім-инновация лицейі