22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Ақылсыз адам айқай келеді






Тырнақтың астынан кір іздеген халыққа тамағын шайнап берсең де жақпайсың. Осы халықтың арасында кеңінен таралған өзекті мәселелердің бірі – Халыққа қызмет көрсету орталықтарының сапасы. Керек құжатын кезесіз ала алмай ашынған халыққа орталықтарды кінәлау оңай,өз көзін басқан шелді кім байқасын? Заманауи технологиялар деп жар саламыз, бірақ өзіміз соларға қаншалықты ілесе алып жатырмыз?

«Кезекке кірмей, есепке кірмейсің» деген нақыл сөз дәл осы қызмет көрсету орталықтарына арнап айтылғандай-ақ. Саны көп болғанымен, қайсына барсаң да, бір жапсырақ талонсыз ештеңе де ала алмайсың. Қызық, осы ауқымды мәселенің басты себебі жайлы ойланып көрген адам бар ма екен?

Таңертеңнен ала кешке дейін өзінің жұмысын ысырып, біреудің «асын пісіріп» жүрген қызметкерлердің кінәсі жоқ демеймін, бірақ дайын асқа тік қасық боп үйренген адамдардың еріншектігі қынжылтады. Мұндай жерге кірсең, әрбір үстелде бір адамнан, бір адамда он сұрақтан болып, қызметкерлер түсіндіре алмай, халық түсіне алмай әбігер болып жатады. Талон дейді, кілт дейді, куәлік дейді – бір құжатты алу үшін тоқсан түрлі құжат әкелу қажет. Дегенмен, адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді ғой. Халыққа қызмет көрсету орталығына келген әрбір адам аз да болса еңбектенуге ниеттеніп келсе, бүгін қалыптасып тырған жайдың шешімі оңай табылатын еді.

Егер байқап қарасақ, әрбір орталықта кәдімгі терминал тәріздес құрылғылар орналасқан. Мұның көбісі – адамдар оңай қол жеткізуге болатын құжатты кезекте күтпесін деп жасалған арнайы аппараттар немесе компьютерлер. «Екі кісі ығысса, бір кісілік орын бар» дейді қазақ. Егер әрбір екінші адам осы құрылғының тілін үйреніп, өз мәселесін шешіп үйренсе, кезектің де соңына тез жетер едік. Бірақ жалқаулыққа жанын жегізген жұртшылық мұндай қиын іспен қалай айналыссын? Олар үшін айқай салып, өз мінін біреуден іздеген әлдеқайда жеңіл.

Ақылсыз адам айқай келеді,

Жан-жағын жайпай келеді.

Ақылды адам жай-жай келеді,

Жан-жағын байқай келеді.

Қазір халық арасында ақылды адамнан гөрі ақымақтардың қарасы көп сияқты. Өз басына қиындық тудырып, біреудің өміріне қиындық қосқанды жаны сүйетін санасыздардың заманы бұл. «Көрмес түйені де көрмес» демекші, өз деңгейінен асып шыға алмайтын адамдар өздері үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді байқамайды. Мысалы, сіз сол орталықтардың табалдырығын тоздырмай-ақ, өзіңізде керек қарапайым құжаттарды үйде отырып ала аласыз. Сонымен қатар, жеке куәлігіңізді ұмытып кететіндей жағдайлар орын алса, қызметкерлер сол сәтте компьютерден сіз жайлы барлық мәліметті тауып бере алады. Бастысы «Ақылды адам айтқызбай біледі, ақ сұңқар қаққызбай іледі» деген сөзге мән беріп, аздаған сабыр мен түсіністік танытқан жөн.

Осы жағдайды дәл тауып сипаттайтын Шәкәрім Құдайбердіұлының керемет өлең жолдары бар:

Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше!

Абдымұрат Асылбек