22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Ұстаздық еткен жалықпас...









Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу - сезімнің ақындығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы.

Ғафу Қайырбеков

Нағыз ұстаз болу – екінің бірі игеріп кете беретін шаруа емес. Бала жанының бағбаны атанған ұстаз білім – білігін шеберлікпен ұрпаққа ұғындырып, сол жолда еңбектенеді.

Әрбір адам – шешілмеген жұмбақ, таусылмайтын сыр, шабытты жыр, сарқылмайтын теңіз іспетті. Себебі, бес саусақ бірдей емес сияқты, әрбір азаматтың өз тұлға бойына лайықты жақсылығы баршылық. Сондай керемет жақсылықтарды бойына жинаған білікті маман, ұстаздардың ұстазы, беделді мұғалім –Тобықов Мәулен ағайым.

Шәкірттің жүрек кілтін тауып, қарым – қабілетін ашу, ұлтының салт – дәстүрін, тілін құрметтеуге баулу, өнерге деген құштарлығын ояту – ұстаздың басты мақсаты. Осы бағыттағы ісі ілгері басса, оның алға қойған мұратының орындалғаны. Жылдар бойы ұлттық мүддені көздеп, сүйікті мамандығымен ел келешегі үшін адал тер төгіп, жемісін де көріп келе жатқан жан. Ұлағатты ұстазын үлгі тұтып, педагогтік жолға түскен шәкірттері де қаншама?!

Тобықов Мәуленнің өнегелі ұстаз болуының, ата – ана мен оқушылар ықыласына бөленуінің тамыры тереңде жатқан сыңайлы. «Жаман оқушы жоқ, жаман мұғалім бар» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Тобықов Мәулен ұстазымның еңбек жолы үлгі аларлық тұтастай бір өмір мектебі деуге тұрарлық. Өйткені бұл кісінің бойынан даналықтың бейнесін көруге болады.

Аяулы да, құрметті Тобықов Мәулен! Сізге өзімнің шексіз алғысымды айта келіп, жыл өткен сайын биіктей беретін адал жүректі ұстаз екеніңізді, мына өлең шумақтарымен жеткізгім келеді:

Сіз дарасыз бүгінгі үлкен кішіден,

Шәкіртіңіз көрінсін үлгі ісімен.

Бақытты боп, ұзақ ғұмыр кешіңіз,

Жеңістерге жетіп білім күшімен!


Нұргерім МАҚСҰТҰЛЫ