22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Салтын білмеген – сауапты түсінбейді






Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Сонымен қатар салт – дәстүрлерімізді де ұмытпауымыз керек. Салт-дәстүр атадан қалған мұра. Ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық, өнеге тәжірибесін құраған қазақ халқының байлығы деп білемін. Алайда қазір көпшілік біле білмейтін, пайдаға жаратуды ұмыт қалдырған салт–дәстүріміз жайында айта берсек өте көп. Салт–дәстүр турасында бетін ғана қайырған жарамас. Ата–бабаларымыздан мұра ретінде қалдырған салт – дәстүрлерімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу әрбір қазақтың міндеті. Ендеше мен өз міндетімді орындау мақсатында Қазақ халқының көнеден келе жатқан «Қой басты» дәстүрі жайында айтып берейін.

Ертеректе киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде қой басты-қой басты деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді. Бұл әзіл-қалжың ретіндегі дәстүр болғанмен, сыйластыққа негізделген. Қарап отырсаңыздар киіз басудың өзі оңай шаруа емес. Сондағы әжелеріміздің төзімділігі, батырлығы мені тәнті етеді. Ал қазір ол заман келмеске кетті.Технологияның дамуына байланысты бәрі қолжетімді тіпті үйде жатып ақ көңілің қалаған затқа тапсырыс бере аласың, былайша айтқанда заман күннен – күнге дамып келеді.Заманның дамығаны жақсы әрине, бірақ төл тарихымызды ұмытпауымыз керек. Қазақ халқы салт - дәстүрге өте бай халық. Ал салт - дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды.Халық-қалың орман,әрі пана,әрі қорған, - деп Қ.Мырзалиев ағамыз жырлағандай, әр халықтың өзінің кәсібіне,сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын салт-дәстүрі болады. Халықтық салт – дәстүр, мәдениет құндылығы – халық қазынасының озығын, ақылды да әдепті жан – жақты жетілген патриоттық сезімдегі азамат тәрбиелеуде пайдалансақ, қателеспейміз. Жан – жақты ел тарихын білетін, Отанын сүйетін, заман талабына сай оқушылар мен жастарды тәрбиелеу бүгінгі күн талабы! Тәрбие біздің қасиетті салттарымызға байланысты. Қорыта айтқанда көптеген ғасырлардың барысында қазақтардың өзіндік бірегей әдет ғұрыптары мен салт – дәстүрлері қалыптасқан болатын. Ендеше бұл ұлттық құндылығымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мына біздің мойнымызда, текті халық екенімізді естен шығармайық.

Асан Нұрдәулет