23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Оқушыларға

Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол







Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, әлем бізді мәдени жетістіктерімізбен тануы керек.

Н. Ә. Назарбаев

Рухани жаңғыру — ішкі жан дүниеміздің жаңа өзгерістерді қабылдап, көнеден қалыптасқан салт–дәстүр, мәдениетіміз бен тарихымыздың жаңару жолына түсуі.

Рухани жаңғыру төл тарихымыздың бір бөлшегі іспеттес. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыздың осы кезге дейін жүріп өткен жолы, тар жол тайғақ кешулер осыған дәлел.

Елбасымыз өзінің кезекті жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялаған болатын. Біздің мұндағы көздеген мақсатымыз дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Біз алдымызға мақсат қоя отырып, жаңа тарихи кезеңге табан тіредік.

Ұлт көшбасшысы өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында басты басым бағыттарды атап көрсетіп берді.

ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы

Біз өмір сүріп жүрген қоршаған ортамыз жыл сайын, күн сайын, тіпті керек болса сағат сайын өзгеріске ұшырап, жаңарып отыр. Жаңашылдыққа аяқ баспас бұрын санамызда қалып қойған кейбір жат дүниелерден арылуымыз керек. Біз үшін бұл жаңғырудың бастамасы секілді. Бұл дегеніміз өткенді ұмыту дегенді білдірмесе керек. Елбасымыз біздерге қазіргі әлемдік жаһандану жағдайында заман ағымына икемделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңіруді міндеттеді. Еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты-сол ұлттық кодыңды сақтай білу»,-деп баса айтты.

Ұлттық код — халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптастырған төл туындылары, асыл дәстүрлеріміз бен мәдени мұрасы.

Бәсекелік қабілет

Біздер өмір сүріп отырған қоғамда табысқа жету үшін бәсекелік қабілеттің болуы өте маңызды. Біз сол арқылы өз - өзімізді дамытып, өзімізді жаңа қырымыздан таныта аламыз. Дәл, осылай ұлтымызға да бәсекелік қабілетті дамыту, оның биік шыңдардан көрінуіне мүмкіндік береді.

Прагматизм

Біздің Oтанымыз Еуразия материгінің жүрегінде орналасқан. Сонау, кең байтақ жерге иелік еткен ата-бабамыз оны көзінің қарашығындай қорғап, мына біздерге аманат етті. Ендігі дарқан даламызды көркейтіп, жерімізді, жер қойнауындағы бағалы байлығын үнемді пайдалану -біздің меншігімізде.

Ұлттық бірегейлікті сақтау

Салт-дәстүріміз, музыкамыз, сәулет өнеріміз, ғұрыптарымыз -бұлардың бәрі ұлтымыздың рухани мәдениеті. Ұлтымызды ұлт ретінде көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Ұлтымыздың біртұтастығы қазақ елінің берік діңі. Оны сақтамай ,жаңа кезеңге аяқ басу -үлкен қателік.

Білімнің салтанат құруы

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық», — деп қара сөздің қас шебері Абай атамыз айтқандай, білім ол ең басты табысқа жетелеп, биік шыңға көтеретін дүние. Бізді бір-бірімізден ерекшелеп көрсетіп тұратын да осы.

Қазақстанның революциялық емес эволюциялық дамуы

Бізге өткен тарихымыздан белгілі ХХ ғасыр көптеген оқиғаларға толы болды. Халқымыз небір ауыртпашылықты басынан кешіріп, тарихтың соқпақ жолдарынан өтті. Бұл, әрине, оңай емес. Сол тарихтың шыңырау түбінде қалып қоймай, бүгінгі күнге де жетті. Тарихымыз революциялық дамуды басынан өткізіп, эволюциялық жолға аяқ басты.

Сананың ашықтығы

Әлемде көптеген ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатыр. Әрқайсысын алып қарасақ та , өздерінің ортақ тілі, діні, дәстүрі бар. Олармен мәдени және саяси, технологиялық байланыс орнату үшін, бізге керегі – тіл.

Қазіргі технология дамыған заманда оны игеру үшінде тіл білу өте маңызды. Елбасымыз осыған орай «Үш тұғырлы тіл» саясатын енгізді. Біз үшін бұл үлкен бастама.

Бұның бәрі — бүгінгі буын, біздерге жүктелген міндет.