25 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Менің арманым






Армандарың орындала берсін Альбина!
Алматы қаласындағы «Шамшырақ» ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен Біздің болашақ атты жас таланттар байқауына қашықтан қатысып, «Менің арманым» тақырыбында өз шығармашылығымен 1-орын жүлдегері атанған Альбина шәкіртімнің арманы - менің көңілімді босатып, көзіме жас алдырды.
Шын бала көңілмен, бала жүрегімен жазылған бұл эссенің болашақта орындалуына тілектес бола отырып, көпшілікке жолдағанды жөн көрдім. Сіздерге де ұнайды деп сенемін.

«Н.Төреқұлов атындағы №121 ЖОМ» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тультаева Перуза



Менің арманым

Армансыз адам болмайды. Менің де өз арманым бар. Менің арманым ата- анамның дені сау, бақытты болғаны. Олар аман болса, менің көп армандарым орындалады деп сенемін. Ата-анам,сіңлілерім,туыстарым барлығымыз бір отбасы болып мерекелерде үлкен дастархан басында бас қоссақ, мен қатты қуанамын.

Менің кішкентай сіңлім дүниеге келгенде үйдегілердің барлығы қатты қуанды. Мен де қуанышты болдым. Біздің отбасында төртінші қыз бала дүниеге келгендіктен, апам оның есімін Ұлжан деп атады. Себебі, бұл есімнің мағынасы қыз артынан ұл ерсін дегені. Ұлы Абай атамыздың анасының аты Ұлжан болған екен. Анасы өте ақылды ана болыпты. Сол сияқты менің де сіңлілерім ақылды болып өссе екен деймін. Мен үйдің үлкенімін. Сабақтан қолым босағанда сіңлілерімді ойнатамын, оларға қарап жүремін. Ата-анамыз біздерді қатты жақсы көреді. Әрине, ата-анамыз үшін біздер - олардың көз қуанышымыз, бірақ, әр отбасында ұл баланың орны қашанда бөлек болатынын мен жақсы білемін. Сондықтан да, менің ең үлкен арманым - үйге тағы да кішкентай нәресте келсе, ендігі нәресте ұл бала болса екен деп армандаймын. Анам ұл баланы дүниеге әкелсе, менің ең үлкен арманымның бірі орындалар еді. Мен оның атын өзім қояр едім. Күнде сабақтан келген соң, ойнамасам да, анамның жанынан кетпей, нәрестеге қарауға көмектесіп, бесігін тербетіп, әлдиін айтар едім.

Мен арманымның орындалуын асыға-асыға күтемін. Менің осы жазған арманымды оқып отырған сіздің де армандарыңыз орындала берсін- деп эссемді аяқтаймын.

«Н.Төреқұлов атындағы №121 ЖОМ» КММ-нің
5 «Ә» сынып оқушысы Серікбай Альбина