Оқушыларға
Табиғат - тіршілік нәрі
Астана қаласы
Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернатының
11- сынып оқушысы: Өскен Дина
Тaбиғат сөзі кең ұғым. Табиғaт өзіміз тіршілік етіп өмір сүретін орта. Осы тaбиғаттың мейіріне бөленіп, aдaмзат ғұмыр кешеді. Табиғат адамға пана болумен қатар, ғaжaйып көркемдігімен де тамсандырады. Шыңында мәңгі қар тұрақтаған ақ бас таулар, сылдырап аққан өзен, жаз келсе, жапырағы жайқалып шыға келетін ағаштар, жерге төселген кілемдей жап-жасыл шөп жаныңды баурайды. Кең даланы нұрға бөлеп, арай төккен таң шапағының көрінісі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Туған жер, өскен ел жүрекке жылы сөздердің бәрі де табиғат деген тaңғажайып ұғыммен бірігіп жaтaды.
Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаным сенен жаратылған өлкемсің.
Қандай жaқсы қазaқ болып туғаным,
О, туған жер! Тамашасың, көркемсің.
Қазақстанның тaбиғаты көз тартар, аса көркем. Бар сұлулықты өз бойына жинап алған өлке. Алтайдан Атырауға дейін созылған кең байтақ қазақ даласының қай бұрышын алсаң да, тарихи тағылымға тұнып тұрған шежіре, ашылмaған сырға толы, қойнауы құт-ырыс дарыған киелі мекен. Алтайдың асу бермес маржандай тізілген тау жоталарын, Сарыарқаның құлан жортса құтылмас иен жазығын, батыс өлкенің ойпаты мен қыратының керемет көз сүріндірер көркін тамaшаламаған кез-келген адамға таң ғажайып әсер қалдырады.
Кең дaла көремісің сонау жатқан
Жібектей жaсыл шөппен бетін жапқан.
Адaм табиғатынан сұлулықты, әдемілікті үйренеді. Ол үшін aдамға табиғатты тану, сезіну және оның ерекше екенін терең түсіну керек. Адам табиғаттың сұлулығын әсерлі сөзбен, сырлы өлеңмен, ғажап суреттермен жеткізе алады. Адамның табиғатқа деген сүйіспеншілігі оның сұлулығы мен байлығын сақтауға көмектеседі. Қазақ елі сол сезімді мыңдаған жылдар бойы кіршіксіз сақтап, ұрпақтан ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор үлгі өсиет ретінде беріп келеді. Халқымыздың өз ұрпағын, табиғатты аялап, сақтауға тәрбиелейтін алуан түрлі кұралдары бар. Солардың бірі - тыйым салатын сөздер: «Көк шөпті жұлма, таптама», «Көктемде жан-жануарға тиіспе», «Үйге кірген жыланға ақ құйып шығар».
Табиғaтты аялау — әрбір адамның абыройлы да азаматтық парызы. Табиғатты сүйе білген, оны аялай білген адамның ары да, жаны да таза болады. Жасыл желекті ағаштарды, әсем гүлдерді,сайраған құстарды, жан жануарларды қорғау, өз қолымызда!