22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Алтын ұям – отбасым






Атамнан басталар,
Әжеммен қосталар
Отбасым мыналар:
Ең жақын адамдар-

Әкем мен анам бар,
Бір туған сіңлім бар,
Бәрін жақсы көремін,
Еркелеймін,еремін!



Отбасының тірегі әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға, үлкенге қызмет етіп, әкенің еңбегін, ананың ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз. Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады.

Менің де өз отбасым бар. Біздер, нағашы атамның үйінде тұратын алты жанбыз – нағашы атам мен әжем, әкем мен анам және сіңлім. Нағашы ата мен әжем өмір бойы ұстаз болып қызмет етті. Әжем Қалима құрметті еңбек демалысында – сіңлім Алина екеуміздің қамқоршымыз және тәрбиешіміз.Әжем үнемі бізге ақылын айтып отырады, кейде менің сабағыма да көмектеседі.

Нағашы атам Әлік көп жыл басшы қызметтер атқарды, қазір Қ.Жұбанов атындағы университетте оқытушы болып еңбек етеді. Мен атамды өзіме үлгі тұтамын, атам мен әжем сияқты елге силы азамат болғым келеді.

Туған атам Александр бүкіл ғұмырын жүргізушілік қызметіне арнаған. Өкінішке орай, атам екі жыл бұрын дүниеден озды. Өз әжем – Зәуреш. Ол көп жылдар дүкенші болып еңбек етті. Қазір зейнеткер.

Әкем Асқар – отбасымыздың асыраушысы, қорғаны. Әкем де атамның жолын қуып, «Марат» атты жүргізушілер дайындайтын мектепте жүргізуші-нұсқаушы болып қызмет істейді. Анам Алтынай – отбасымыздың ұйтқысы, жылуы, шуағы. Қ.Жұбанов атындағы университетте зертханашы болып жұмыс жасайды.

Анам менің музыкаға қабілетімді байқап, музыка мектебінің фортепиано класына тіркетті. Оның бірінші класын үздік бітіріп, қазір екінші класында оқып жатырмын. Отбасыма шағын концерт қоюға да шамам келіп қалды. Пианинода ойнау маған қатты ұнайды. Анама алғысым шексіз.

Ал, сіңлім Алина, сурет салуды қатты ұнатады. Содан болар, сурет салудан еш жалықпайды.

Мен өз отбасымды, әсіресе кішкене сіңлім Алинаны өте жақсы көремін. Себебі, әр отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, тәуелсіз еліміздің діңгегі де берік болатынын түсінемін.

Отбасы – барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап отбасының тәрбиесін алады. Ата-әжем және әке-анам – өмірдегі ең қымбатты да қадірлі адамдарым. Олар мені жақсылыққа әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Сабақта да, үйде де ұқыпты, тәртіпті, саналы бала болса екен деп тілейді.

Әсіресе, атамның: «Түп қазығың – Отаның, ар-намысың – тілің, кәусар бұлағың – ұстазың, қамқоршың – әкең, ақылшың – анаң», - деген сөздері көңілімде жатталып қалды. Болашақта ата-анамның үмітін ақтауға бар күшімді саламын.



Оқушы: Сагалова Сабина
Мұғалімі: Қайрақбаева Тыныштық Сағынайқызы