22 Желтоқсан, Жексенбі

Оқушыларға

Мақта өсіру технологиясы






Мақта — бағалы талшықты дақыл. Ол халық шаруашылығының әр саласында түрлі мақсатта пайдаланылады. Ең бастысы, мақта — тоқыма өнеркәсібі үшін негізгі шикізат. Мәселен, бір тонна шитті мақтадан 330-360 кг. талшық, 550-580 кг тұқым және 30-40 кг қысқа талшық алынады. Мақтаның ұзын талшықты сорттарынан әр түрлі маталар — бәтес, сәтен, маркизат тоқылады. Орташа есеппен алғанда, 1 тонна шитті мақтадан 3000 метр мата тоқуға болады. Мақтаның қысқа талшықтарынан целлюлоза, пластмасса, фотопленка, медицинада қолданылатын мақта, жанғыш пілте, жасанды жібек және басқа бұйымдар дайындалады. Мақта талшығынан тігін машиналары үшін жіп, арқан, электр орағыш және басқа да заттар алынады. Мақтаның тұқымында 20-25% дейін май болады, сондықтан 1 тонна шитті мақтадан 100-110 кг жоғары сапалы май алынады. Мақта майы тамақ, консерв, парфюмерия өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Мақтаның 1 тонна тұқымынан 400-420 кг күнжара алынады. Оның құрамында 40% -ға жуық ақуыз бар, сондықтан ол мал азығы үшін де пайдаланылады. Бірақ, күнжараның құрамында улы зат — госсипол болады, сол себепті оны тәулігіне 2-3 кг мөлшерінде ғана ірі қара малға береді, ал шошқаға беруге болмайды. Мақтаның 1 тоннасынан 380-400 кг тұқым қабығы шығады. Ол әтил, метил спирттерін, лак, қағаз, органикалық қышқылдар, целлюлоза және басқа заттар алуға пайдаланылады. Мақтаның сабағы (қоза) отын ретінде қолданылады. Отамалы дақыл болғандықтан, егіншілікте мақта дәнді және басқа даңылдарға жақсы алғы егіс болып есептеледі. Қазақстандағы жалғыз талшықты дақыл — мақта. Ол тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана өсіріледі. Мұнда 2006 жылы мақта 204,0 мың гектар жерге егілді, оның әр гектарынан 23,0 центнерден түсім алынды, жалпы 470 мың тонна мақта жиналды.

Мақтаның түрлері мен сорттары. Мақтаның екі түрі өсіріледі: Бірінші түрі — орташа талшықты кәдімгі немесе мексикалық мақта. Оның кесегі ірі, жұмыр, жоғарғы жағы үшкір, қауашағы 3-5 жерден алынады, әр көсектің қауашағында 5-10 дана тұқымы бар. Талшығының сапасы жоғары, ұзындығы 30-35 мм, жіңішкелігі 17-20мкм. Екінші түрі — жіңішке талшықты перу немесе мысыр мақтасы. Оның көсегі ұсақ конус тәріздес, ұзынша келеді. Қауашағы 3-4 ұялы, онда 5-8 жалаңаш тұқым бар. Талшығының сапасы жоғары, ұзындығы 38-40 мм, жіңішкелігі 12-18 мкм.
Қазақстанда негізінен мақтаның орта талшықты сорттары өсіріледі. Оңтүстік Қазақстан облысында 2006 жылы мақтаның Киргизский-3, С-4727, С-6524, С-4908, 108-Ф, Пахтарал-3031 және 3044 сорттары аудандастырылған.

Мақта талшығының технологиялық сапасы. Мақта шаруашылықтарының алдындағы тұрған басты міндеттерінің бірі — оның талшығының технологиялық сапасын жақсарту. Оған мына көрсеткіштер жатады. Талшық өнімінің көлемі — құрғақ шитті мақтадан алынған таза талшықтардың салмақ пайызы. Әдетте, бұл көрсеткіш 30-40% шамасында болады. Талшықтың ұзындығы — арнаулы тақталарда мақта тұқымының жоғарғы үштен бір бөлігінде ширатылған талшықты тарағаннан кейінгі миллиметр есебімен алынған ұзындық. Өсіру жағдайына және сорттардың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты талшықтың ұзындығы 25-40 мм аралығында болады. Метрлік нөмір — 1 грамдағы барлық талшықтардың метр есебімен алынғандағы жалпы ұзындығы. Мақтаның сортына байланысты бұл көрсеткіш 5000-8000 метрге дейін ауытқып отырады. Талшықтың жіңішкелігі — метрлік нөмірмен анықталады. Оның көрсеткіші 7-10-км аралығында болады. Талшықтың орташа үзілу күші бір талшықты үзуге жұмсалатын Ньютон есебімен алынған күшті оның мықтылығы немесе талшықтың орташа үзілу күші деп атайды. Бұл күштің мөлшері — 0,040-0,69 Н. Талшықтың үзілу ұзындығы — оның метрлік нөмірін мықтылығына көбейткендегі метр есебімен алынған көрсеткіші. Талшықтың пісуі — оның ішкі қуысының азайып, целлюлозамен толыққан кезі. Осы көрсетілген технологиялың сапаларына қарай талшықтан тоқылатын маталардың түрлерін анықтайды.

Сыртқы ортаның факторларына қойылатын талаптар. Мақта — жылу сүйгіш өсімдік. Оның тұқымы топырақ 10-12°С-қа жылынғанда өне бастайды. Бірақ бұл температура оның көктеп шығуы үшін жеткіліксіз. Өскіндердің біркелкі бітік болып шығуы үшін тұқым сіңірілген тереңдіктегі температура 14-16 °С шамасында болуы керек. Мақтаның өсу бойы кезеңінде дамуына қолайлы температура 25-30 С. Ауаның температурасы 25 °С-тан кем немесе 36-37 °С-тан артық болса, өсімдіктің дамуы баяулайды, ал температура 0 °С-тан төмен түссе ол мақта үшін өте қауіпті. Өсу жағдайына, түріне, сортына байланысты мақтаның толық пісіп-жетілуі үшін 2800-3600°С белсенді температура қажет. Мақтаның транспирациялық коэффициенті 500-600-ге тең. Мақта тек суармалы жерлерде ғана жоғары өнім береді. Суды ең көп қажет ететін мезгілі — гүлдену-жеміс құру кезеңі. Мақта қара, қызыл-қоңыр және сұр топырақтарда жақсы өніп-өседі. Оған қышқыл және батпақты топырақтар қолайсыз.

Алғы дақыл. Мақтаның ең жақсы алғы дақылы — жоңышқа қыртысы мен оның аударылған құйқасы. Жоңышқа топырақты органикалық заттармен, азотпен байытады. Осының нәтижесінде топырақ құрылымы жақсарып, оның құнарлылығы жоғарылайды. Сонымен қатар жоңышқа топырақты екінші рет тұзданудан сақтайды және мақтаның негізгі ауруы — солдырманы азайтады. Мақта өте жылу сүйгіш дақыл болғандықтан, Қазақстанда өсірілетін ауданы шектелген, яғни оны ауыспалы егісте бір орынға бірнеше жыл қатарынан қайталап отырғызуға тура келеді. Ғылыми мекемелер мен озық шаруашылықтардың тәжірибесі органикалық және толық минералды тыңайтқыштарды қолданса, ауыспалы егісте мақтаның меншікті салмағын 70-75%-ға жеткізіп, бір танапта қатарынан 5-6 жыл сепкенде, оның өнімділігі төмендейтіндігін дәлелдейді.

Тыңайту. Мақта егісіне минералдық тыңайтқыш енгізудің мөлшері жоспарланган өнімге, топырақтағы қоректік заттардың қорына, қолданылатын агротехникалық шараларға байланысты. Шитті мақтаның 1 тоннасы топырақтан 40-50 кг азот, 15-20 кг фосфор және 60 кг калий сіңіреді. Осы алынған элементтердің орны топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштарды қолдану арқылы толтырылады. Мақта өсіп-дамуының алғашқы кезеңінде қоректік заттарды аз мөлшерде пайдаланады. Атап айтқанда, көктеп шыққаннан бүрлену кезеңіне дейін барлық пайдаланылатын азот пен фосфордың 3-4% -ын, ал калийдің небәрі 2-3%-ын сіңіреді. Аталған қоректік заттарды ең көп мөлшерде пайдаланатын кезең — гүлденуден жап-пай піскенге дейін. Осы уақыт ішінде азоттың 65-70%-ын, ал калий мен фосфордың 75-80% -ын пайдаланады. Мақтаны өсіргенде, осы көрсеткіштерге сүйене отырып, берілетін минералдық тыңайтқыштардың мөлшері мен мезгілін белгілеу керек. Берілетін барлық азот тыңайтқыштарының 25% -ын егін себер алдында, ал қалған 75% -ын тұқым себу кезінде және үстеме қоректендіру арқылы берген дұрыс. Негізінен оған фосфор тыңайтқыштарының 75%-ы күзде сүдігер жырту алдында, 25% -ы үстеп қоректендіру кезінде беріледі. Алайда, Мақта арал тәжірибе станциясында мақтаның жақсы дамуына және фосфор тыңайтқыштарының ең жоғарғы тиімділігіне жыртылған жерге 20-30 см тереңдікте фосфор тыңайтқышының жылдық мөлшерінің 60%-ын, ал егу алдында 10-12 см тереңдікке оның 40%-ын енгізгенде қол жетті. Егін себу кезінде тұқыммен бірге әр гектарға әсерлі заттар есебімен 15-20 кг түйіршікті суперфосфат сіңірген жақсы нәтиже береді. Оңтүстік Қазақстан облысы жағдайында ауыспалы егіске фосфор берудің мөлшері бірінші және екінші жылы әр гектарға 140-150 кг, үшінші жылы 130-140 кг, ал одан кейінгі жылдарда 120-130 килограмнан болу керек.

Азоттың фосфорға арақатынасы жоңышқа қыртысы және оның аударылған құйқасы бойынша 1:1,5, үшінші жылы 1:0,8, ал кейінгі жылдары 1:0,6-0,7 болуы керек. Алайда, әрбір танапта фосфор берудің мөлшерін анықтағанда агротехникалық картограммалардың көрсеткіштеріне қарай өзгертулер енгізген жөн. Мақта егісі өсу кезеңінде екі-үш рет үстеп қоректендіріледі. Екі рет үстеп қоректендірілген жағдайда тыңайтқышты шанақтану мен гүлденудің басында, ал үш рет қоректендіргенде — 2-4 нағыз жапырақ шыққанда, шанақтану кезеңінде және гүлденудің басында беру керек. Үстеме қоректендіру ретінде берілген тыңайтқыштарды мақта өсімдігі жақсы сіңіру үшін оларды тамырларға жақынырақ орналастыру керек. Бұл арақашықтық тамыр жүйесінің өсуіне қарай алыстай түседі. Мысалы, 2-4 жапырақша пайда болған кезде минералды тыңайтқыштар қатардан 12-15 см қашықтықта және мүмкіндігінше тереңдеу, ал шанақтану кезінде қатардан 15-18 см қашықтықта 14-16 см тереңдікке енгізіледі. Үстеп қоректендіруді шілденің ортасына дейін аяқтау керек. Минералды тыңайтқыштардың тиімділігін арттыру тәсілдерінің бірі — оларды органикалық тыңайтқыштармен, әсіресе көңмен бірге беру. Көңді ауыспалы егісте жоңышқаны жыртқаннан кейін төртінші немесе бесінші жылы енгізген жөн. Оның мөлшері гектарына 20-40 тонна.

Топырақ өңдеу. Мақтадан жоғары және тұрақты өнім алудың маңызды шарттарының бірі — топырақ өңдеудің дұрыс жүйесін қолдану болып табылады. Ол күзде және көктемдегі егін себер алдындағы топырақ өңдеу жұмыстарынан тұрады. Күзде топырақты негізгі өңдеу тәсілі мақтаның алғы дақылдарына байланысты. Алғы дақыл жоңышқа қыртысы болған жағдайда жерді сыдыра жырту жоңышқаның көктеп кетуін тежейді. Жер ПЯ-3-35 соқасымен жыртылатын болса ғана оны сыдыра жыртқыштармен өңдеген дұрыс.