11 Қараша, Дүйсенбі

Оқушыларға

Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1718) өмірбаяны






«Жалпы орта білім беру №1 қазақ тірек мектебі (Р.О) КММ
5 «Б» сынып оқушысы Тұрсынбеков Ералы
Жетекшісі: тарих пәнінің мұғалімі Жетписбаев Еркин Рахымбаевич

Бұқар жырау Қалқаманұлы — XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол ұзақ өмір сүріп, көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. ұқардың арғы тегі Арғын, оның ішінде Төртуыл Қаржас. Бұқардың әкесі Қалқаман жаугершілік заманда ерлігімен аты шыққан батыр болған. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы Арқа өңірімен тығыз байланысты. Бірақ та жастық шағы, қандай өмір өткелдерінен өткендігі, туған, өлген жылдары жайында нақты деректер жоқ. Бұқар жырау ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ (1718 жылы өлген) қабырғалы би болған деседі. Бірақ Абылайға дейінгі билеп келген хандардың ешқасайсымен тіл табыса алмайды. Тек Абылай ханның тұсында жыраудың жұлдызы тағы да жанады, сөйтіп ол хан ордасына оралып, қалған өмірінде мемлекеттік істерге тікелей араласады. Бұқар жырау Қалқаманұлы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының аумағындағы Далба тауының бір сілемінде жерленген. Бұқар жыраудың шығармалары философиялық-дидактикалық толғау түрінде бізге жеткен. Олар бейнелі суреттерге бай, ұлттық бояуға қанық, көркемдігі кемел. Жырау халықтың дәстүрлі ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдалана білген. Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен деп жазады белгілі ғалым, фольклоршы, жыраудың тұңғыш биографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқар жырау шығармаларының басты тақырыбы — халқына, отанына деген ыстық махаббаты. Ол отанды сүюге, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға үндейді. Көреген ақын қазақ халқының ұлттық бірлігі қажет екендігін айқын түсініп, бұл тұрғыда Абылайды бірлік идеясын жүзеге асыра алатын қайраткер ретінде жырына қосады, сыртқы жаулармен күресте қазақ жүздерін біріктірер қолбасшы, көзсіз батыр ретінде сүреттейді. Ал егер оның іс-әрекеті халық мүддесіне кереғар келсе қорықпай-үрікпей сын тезіне салады. Жырау шығармашылығындағы басқа бір маңызды тақырып адам табиғатының өзгеруі, дүниенің бір орнында тұрмайтындығы. Бұқар өмірді кезең-кезеңге бөліп, адамның жасы оның санасын, мінез-құлқын, көңіл күйін, күш-жігерін қалай өзгертетіндігін көрсетеді. Оның поэзиясының халық арасына кеңінен тарап, ғақлия, нақыл, афоризмдерге айналуы, мақал-мәтел болып жетуі де көркемдеу тәсілінің кереметтігінде. Бұқар жырау Калқаманұлы шын мәнінде көне қазақ поэзиясының ең тұлғалы өкілдерінің бірі. 1993 жылы жыраудың 325 жылдық мерейтойын атап өтіп. Жыраудың мәңгі есте қалдыру жөнінде айтарлықтай қадам жасалды деуге болады. Бұрынғы Ульянов мамандырылған бірлестігі мен Озерное селосына Бұқар жырау есімі берілген. Кейін, 1997 жылы Ульянов және Тельман аудандары біріктірілгенде, аудан ұлы абыздың атымен аталды.

Қарағандыдағы сәулетті көшелерінің бірі Бұқар жырау даңғылы деп аталады. Мерейтой салтанаты үстінде осы көшенің бойында, темір жол вокзалы алдындағы кең алаңда Бұқар жырау ескерткіші ашылды. Ескерткіштің авторы — жерлес мүсінші Мұрат Мансұров. Ал, Бұқар жырау жерленген Далба тауының етегінде халқымыз әулие деп танитын ұлы абыздың кесенесі салынып, ол 1993 жылы 21 тамыз күні салтанатты түрде ашылды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Абылай хан бір жаққа жорыққа аттанарда одан айдың, күннің сәтін сұрайтын, көрген түсін жорытатын болған. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда, Бұқар жырау әз Тәуке ханның тұсында да ордадағы беделді билердің бірі ретінде, ел басқару ісіне араласқан секілді. Оны Үмбетей жыраудың: «Көріктей басқан күпілдеп, көмекейің бүлкілдеп, сөйлер сөзден таймадың. Тәукенің болып жаршысы, халқыңның болып заршысы, белді бекем байладың» деген сөздері де айғақтағандай. 18 ғ. болған жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мүлдем жойылып кету қаупін тудырғаны белгілі. Осы кезде «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған елдің басын қосып, ата жауға қарсы азаттық күресіне жұмылдыру бар ғұмырын халқының бірлік бүтіндігіне арнаған ұлы жыраудың басты мақсатына айналады. Оның сөздері осы кезде еліне есті кеңес, еріне әмір болып естіледі. Хан да, қара да тарих көшінің бағдарын, шиеленген қиынның шешімін Бұқардан күтеді. Халқының әулие данасы, дуагөй бітімшісі, көреген болжаушысы санатына көтерілген Бұқар жыраудың осы тұстағы даңқын орта ғасырдағы оғыз жұртының әулиесі Қорқытпен, 14 ғ. ноғайлы елінің данасы Сыпыра жыраумен салыстыруға болардай.

Халық жадында сақталған бір әңгімеде Бұқар жырау ауырып жатқанда Абылай ханның алыстан күні түні аттан түспей жүріп келіп, көңілін сұрағаны айтылады. Бұл таққа ие болған ұлы ханның баққа ие болған ұлы жырауына деген ықылас ниеті, ерекше құрметінің белгісі болса керек. Заманында осылай ханы қадірлеп, халқы ардақ тұтқан жыраудың мұрасы халқымен мәңгі бірге жасай бермек. Бұқар жырау толғауларында өзі бастан кешіріп отырған алмағайып заманның келбеті бар болмысымен көрініп, өмір құбылысы мен дүние заңдылықтары, әлеуметтік жағдай мен адам тіршілігі кең тыныспен жырланады. Ондағы басты сарын елдің бірлігі мен ынтымағын күшейту мәселесі.
Ол жан жақтан андыздаған жаулардан қорғануы үшін басты шарт бірлік екенін терең түсінеді, ата жауға қарсы бірігіп, тізе қоса күрескен ерлерді өзгелерге үлгі етеді. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп майдан даласында көрсеткен ерлігімен бірге елдің ұйытқысы болып, бірліктің тірегі болып жүрген ерлерді мадақтайды. Сондықтан да Бұқар жырау жырларын басқыншы жаумен ұзақ арпалысып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындықтың парқы таразыға түскен сындарлы шақта Абылай хандай басшының төңірегіне топтасып, ұлы жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдыретін танытқан қазақ өмірінің шындығын айшықтай өрнектеген поэзия, ұлы мұра деп білеміз.

Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел - жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси - әлеуметтік мәнді жыр - толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден - бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған.

Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған.