Оқушыларға
Байғанин ауданы жер-су аттарының тілдік ерекшеліктері
Топонимия халықтың тілі мен тарихы, жері мен тұрмыс–салты, дүниетанымынан сыр шертеді. Бұл жөнінде заманымыздың ғұлама жазушысы М.О.Әуезов былай деген екен: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр–сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақтың атының өзінде қаншама мән–мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» [1;3].
Топонимика (грек. topos – орын, жер және onoma - атау) – ономастиканың кесек бір бөлігі, географиялық атаулардың немесе жер–су аттарының шығуын (этимологиясын), дамуын, қазіргі жағдайын, мағынасын, грамматикалық, фонетикалық формасын, жазылуын және екінші бір тілде берілуін зерттейтін ғылым. Ата мекеніміздегі өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атаулардың мыңдап саналатыны мәлім. Ертеде өткен ата–бабаларымыз солардың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан жай ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болған [2; 102].
Топонимикалық атаулардың ең негізгі қасиеті – олардың тұрақтылығы, сол үшін де мұндай атаулар адамзат тарихы, мәдениеті және тілі жөнінде көне де ғылыми мәліметтер береді. Мысалы, географиялық атаулардың құрамын зерттей отырып, сол аймақта ықылым заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға болады. Ал географиялық атауларды зерттеу - өте күрделі мәселелердің бірі. Соның ішінде жер – су атауларын ел тарихымен, мәдениетімен сабақтастырып, оларды қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістермен астастыра қарастыру – ұлттық тілімізді зерттеудің терең арналарының, өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық роліне қатысты академик Ә.Т.Қайдаров: «Ең алдымен, оның тірек болар үш танағы – жазу–сызуы (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірі), ономастикасы (жер бетіндегі ескерткіші), терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екендігін мойындау қажет» деп атап көрсетеді [3;3]. Демек, ономастиканың қоғамдағы ролін зерттеу арқылы оны жаңа деңгейге көтеруге болады. Бұл жұмыс ономастиканың негізгі салаларының бірі – топонимияны зерттеу арқылы жүзеге асады.
Тіл теориясы сөз атаулыны белгі деп білетіндей, атаулар да сол белгіге жатады, бірақ олар кәдімгідей бекітілген көріну белгілер емес. Олар ел аузындағы айшықты, ұғымды сөздерден пішіліп алынған. Соның нәтижесінде замана арттыра тілден – тілге көшіп келе жатқан тұрақты белгілер. Ерте заманда атаулар қазіргі цивилизация тұсындағыдай келісіммен, мәмілемен емес, ұзақ сонар айтыла келе, сөйтіп жалпының жадында берік сақталғанда ғана тілден мықты орын тепкен. Атау болатын сөз ең әуелі жалпы жұртқа аян болған. Сөйте келе, бір объектіге белгі боп таңылып, топонимикалық атқа ұласқан. Әрбір онома қоғамдық құбылыстың әр тұстағы бір көрінісі. Сондықтан да атау атаулының бәрі, сөз атаулының бәрі сияқты, қоғам ризығы, тарихтың ұшқыны, соның табы сіңген нысаналы белгі. Бұл – топонимикалық атаулардың негізгі заңы.
Өлкеміздің өткені жайында ой қозғар кәрі тарихтың куәсіндей ежелгі мұрамыздың бірі – жер-су аттары. Жер–су атының қойылу құпиясы әркімді–ақ қызықтырған ғой. Халқымыздың жадында әлі күнге жаңылмай жатталған талай-талай ғажайып топонимиялық аңыздар – осы құмарлықтың айғағы. Халық даналығы дүниеге әкелген мұндай аңыз-әңгіменің, жырлардың қай–қайсысын шолып бақсақ та, олардың бәрінің де жер атының о баста бұлайша неліктен аталған себебін, уәжін іздестіру ниетінен туғанын көреміз.
Әрі аңыз, әрі жыршы пайдаланған лирикалық тәсіл іспетті:
Ай қараңғы, күн бұлт, дауыл болды,
Бақа айғырдың белі ісіп, жауыр болды,
Үш күн жатып айғырын жазып алып,
Жауырбұғы деген тау содан қалды.
Сол Айбол тоқтамастан тағы шапты,
Мәнісін тамам жолдың оймен тапты,
Қыздың берген мейізі түсіп қалып,
Мейзек деп тау атын қоя сапты.
...........................................................
Жанындағы шідері түсіп қалып,
Шідерлі деген өзен содан қапты, -
деп келетін «Қозы Көрпештегі» әйгілі жыр жолдары жер–су атының төркінін танып білуге деген ел құштарлығын меңзейді.
Аталуы күңгірт тартқан, этимологиялық төркіні белгісіз, зерттелуін күтіп тұрған топонимдер ізі қазақ даласында сайрап жатыр. Бұл ежелден бері келе жатқан өзекті мәселенің бірінен саналады. Топонимдер арқылы ұлттың этникалық шекаралары, халықтардың ертедегі көші–қон бағыттары, өлкелердің отарлануы сияқты мәселелер қалпына келтіріледі.
Халықтың өткен өмірін сонау араб, монғол, жоңғар шапқыншылығынан бастап, берідегі орыс отаршылдығы кезеңіне дейінгі қазақ өмірінің қатпар – қатпарынан мұндай деректермен қатар топонимикалық атаулар да белгілі дәрежеде ашып, өзінің тарихи айғақ көз екендігін танытады [1;6].
Топонимдерді жинауда мынадай әдістер қолданылады:
1. Шамасы келгенше өзі білетін топонимдерді жинау;
2. Информаторлардан (көнекөз қариялардан, малшы, аңшылардан) сұрастыру;
3. Бұрынғы кеңшар, ұжымшарлардың «Жер пайдалану» карталарынан, мұрағаттағы құжаттардан, саяхатшы ғалымдардың, жазушылардың еңбектерінен іздеп теру.
Әрбір табылған атауға топонимист ғалым В.А.Жучкевич ұсынған мынадай жеті түрлі сипаттама берілуі керек:
1. Географиялық нысанның өзі туралы сипаттама (тау, өзен, елді мекен, тас, көл т.б.).
2. Оның қазіргі аты қандай?
3. Ол нысанның бұрынғы аты қалай? Қосымша аты бар ма?
4. Жақын маңда дәл осындай тағы бір атау кездесе ме?
5. Атау қай кезден бері белгілі? (Жуық шамамен анықтамаса жер – су аттарын кім, қашан қойғанын нақты айқындау қиын).
6. Жергілікті тұрғындар атаудың мағынасын қалай түсіндіреді? (Аңыз - әңгіме, әлдебір оқиға негізінде, «халықтық этимология» негізінде т.б.)
7. Ол түсіндірмелер ғылыми этимологияға сәкес келе ме [2;95-96]?
Тілдің тарихи миссиясын академик Ә.Т.Қайдаров: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі – бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әр түрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ, бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәніндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған ұғымдардың аты – жөні, сыр – сипаты т.б. тек тіл фактілері арқылы ғана бізге жетуі мүмкін» деп бағалайды [2;34]. Топонимияның қалыптасу негіздері мен алғышарттары, өзіндік ерекшеліктері Ә.Әбдірахманов, Ә.Қайдаров, Т.Жанұзақов, Е.Қойшыбаев, Ғ.Қоңқашбаев, Ә.Нұрмағамбетов, О.Сұлтаньяев сияқты ғалымдардың еңбектерінде жан –жақты қамтылған. Сондай – ақ кеңестік дәуірде топономастика мәселелерімен айналысқан В.А.Никонов, Ә.М.Мурзаев, Л.В.Суперанская, С.Г.Кляшторный, О.Т.Молчанова секілді ономастиканың ірі – ірі есімдерінің еңбектерін атап өтпесек, түркі тілдерінің топонимиясының зерттелуі туралы толық сипаттама болмас еді. Алайда, қазақ топонимиясының күрделілігінің бір белгісі - қазақ жері көлемінің үлкендігі мен онда орналасқан географиялық атаулардың бірін –бірі қайталамайтын көптігі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жүнісов Д. Өзен – көл атаулары. Алматы, 1991.
2. Қайдаров Ә. Тарихи лексикология және этнолигвистика. Алматы: «Ғылым», 1988.
3. Рысқалиқызы Ұ. Батыс Қазақстан жер–су атауларының сөздігі. Орал, 2001.
Курбангазиева Райхан
№ 23 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі