23 Желтоқсан, Дүйсенбі

Оқушыларға

Алғы егістер және оларға сипаттама






Алғы егіс деп өткен жылы танапта өсірілген ауыл шаруашылық дақылын немесе парды айтамыз. Дақылдардың өнімінің мөлшері мен сапасына алғы егістер күшті әсер етеді. Осыған байланысты алғы егістерді мынадай түрлерге болуге болады: — өте жақсы алғы егістер (таза сүрі жер, ықтырмалы сүрі жер); — жақсы алғы егістер (екпелі сүрі жер, күздік дақылдар, көп жылдық шөптер, отамалы және бұршақ тұқымдас бір жылдық дақылдар); — қанағаттанарлық алғы егістер (дәнді масақты дақылдар).

Енді осы алғы егістерге кысқаша сипаттама берейік.

Таза және ықтырмалы парлар. Таза сүрі жер дегеніміз — арамшөптерді құрту, топырақтағы ылғал мен қоректік заттар қорын молайту үшін ешқандай дақыл себілмей қалдырылған және жаз бойы өңделетін бос танап.

Ықтырмалы сүрі жер деп қар тоқтату және топырақты эрозиядан қорғау үшін ықтырма ретінде биік өсетін өсімдіктер (қыша, жүгері, күнбағыс) себілген таза парды айтады.

Таза сүрі жер қара және ерте сүрі жер болып екіге бөлінеді. Сүрі жерге қалдырған танапты жаз-күз айларынан өңдей бастасақ, ондай сүрі жер қара таза сүрі жер деп аталады. Қара таза сүрі жер негізінен республикамыздың оңтүстік, оңтүстік-шығыс облыстарында қолданылады. Қара таза сүрі жерге күздік бидай және басқа дәнді масақты дақылдар егіледі.

Сүрі жерге қалдырылған танап ерте көктемнен бастап өңделсе, ондай сүрі жерді ерте таза сүрі жер деп атайды. Ерте таза сүрі жер солтүстік облыстарда жиі қолданылады. Оған көбіне жаздық бидай егіледі. Танапта жаз бойы ешқандай өсімдік болмағандықтан, топырақтағы ылғалдың жартысынан көбі күзге дейін сақталады. Сүрі жерге егілген масақты дәнді дақылдардың өнімі 1,5-2 еседей артық болады. Сүрі жерден кейін ол танапқа 3-4 жыл бойы дәнді масақты дақылдарды егуге болады. Республиканың күзі ұзақ және жылы суармалы аймақтарында таза сүрі жердің орнына екпелі сүрі жерлер қолданылады. Екпелі сүрі жер дегеніміз — танапты ерте босататын дақылдар егілген сүрі жер. Екпелі сүрі жерге жаздың бірінші жартысында пісіп, ерте жиналатын дақылдар себіледі. Танап себілген дақылдардан босағаннан күзгі дақылдарды сепкенше таза сүрі жер сияқты өңделеді. Екпелі сүрі жер оған себілетін дақылдардың технологиясына байланысты екі түрге бөлінеді. Егер онда жай қатарлы әдіспен егілетін дақылдар себілсе, оны жаппай екпелі сцрі жер дейді, ал отамалы дақылдар себілсе, оны отамалы екпелі сүрі жер деп атайды.

Жасыл сүрі жер. Ол дегеніміз — топырақтың құнарлылығын жоғарылату мақсатымен құмдақ, құмдауыт жерлерде үлкен масса беретін бұршақ тұқымдас және басқа дақылдар себілетін танап. Олардың ішінен маш, шабдар, бөрібұршақ сияқты дақылдарды атауға болады.

Отамалы дақылдар. Кең қатарлы тәсілмен себіліп, вегетация бойынша арамшөптерді жою үшін қатараралықтары қопсытылатын дақылдар тобы отамалы дақылдар делінеді. Оларға қант қызылшасы, мақта, көкөніс, бақша, картоп, күнбағыс, темекі және басқа дақылдар жатады.

Отамалы дақылдар танапты арамшөптерден жақсы тазартумен қатар, топырақта жүретін микробиологиялық процестердің жақсы жүруіне үлкен ықпал етеді, себебі олардың қатараралығы жаз бойы өңделіп, топырақ онша тығыздалмайды. Сонымен қатар, кейбір отамалы дақылдардың, атап айтсақ, жүгерінің тамыр жүйесі күшті дамыған, топырақта терең бойлап өседі. Сол себепті топырақтың терең қабатындағы ылғалды өзінің өсіп-дамуына пайдалана алады. Сол сияқты мақта да тамырының терең бойлап өсуіне байланысты топырақтың 1,0-1,5 метр тереңдігінде жатқан ылғалды пайдаланады. Осыған байланысты, аталған дақылдарды бір орынға бірнеше жыл қайталап себуге болады, яғни олар өздеріне өздері жақсы алғы егіс болып есептеледі.

Отамалы дақылдарға тыңайтқыштар көп беріледі және олар вегетация бойынша бірнеше рет суарылады. Яғни, олардан кейін танап арамшөптерден таза, ылғал және қоректік заттармен әжептәуір қамтамасыз етілген. Сол себепті отамалы дақылдар, дәнді масақты және басқа да ауылшаруашылық дақылдарына жақсы алғы егіс бола алады.

Бір жылдық бұршақ тұқымдас дақылдар. Бұл топқа асбұршақ, май бұршақ, нұт және басқалары жатады. Аталған дақылдар көп жылдық бұршақ тұқымдас өсімдіктерге (жоңышқа, беде) қарағанда танапта органикалық заттарды аз, ал дәнді масақты дақылдармен салыстырғанда біршама көп қалдырады. Бір жылдық бұршақ тұқымдас дақылдар тамырларындағы түйнек бактерияларының көмегімен ауадағы бос азотты топыраққа жинайды, сөйтіп оның қоректік режимін жақсартады. Бұл дақылдардың тағы бір ерекшелігі, олардың, әсіресе, асбұршақтың вегетациялық кезеңі қысқа, яғни тез пісіп, танапты ерте босатады. Мұның өзі жерді уақытылы жөне сапалы өңдеуге және дайындауға мүмкіндік береді. Бір жылдық бұршақ тұқымдас дақылдар үлкен масса құрап, арамшөптерді тұншықтырып өсірмей тастайды, олардан кейін танаптар арамшөптерден таза болады. Сондықтан бұршақ тұқымдас дақылдар көптеген күздік және жаздың дақылдар үшін жақсы алғы егіс болып есептеледі.

Көп жылдық шөптер. Көп жылдық шөптерге бұршақ тұқымдастардан жоңышқа,беде, эспарцет, ал астық тұқымдастардан еркекшөп жатады. Бұлардан кейін топырақта көп мөлшерде органикалық заттар қалады. Мәселен, жоңышқадан кейін әр гектар жерде 60-70 центнерге дейін органикалық заттар қалады. Сонымен қатар, бұршақ тұқымдасына жататын көп жылдың шөптер топыраққа ауадағы бос азотты жинайды, үлкен масса құрағандықтан және жаз бойы бірнеше рет шабылатындықтан олар өзінен кейін танапты арамшөптерден таза қалдырады.

Көп жылдық шөптер топырақтың физикалық қасиеттерін (құрылымы, құрылысы және тағы басқа) жақсартады. Сондықтан олар барлық дақылдарға дерлік жақсы, өте жақсы алғы дақыл болып саналады. Қазақстанның оңтүстік аймағындағы суармалы жерлерге егілетін техникалық дақылдар (мақта, қант қызылшасы, темекі) үшін көп жылдық бұршақ тұқымдас шөп — жоңышқа таптырмайтын алғы дақыл. Күріш -суда өсетін дақыл, бір орында екі-үш жыл қатарынан себілгеннен кейін топырақтың физикалық қасиеттері нашарлап, оның ауа режимі бұзылады, ал жоңышқа топырақтың құрылымын жақсартады, сонымен бірге ылғалды мол пайдаланатындықтан, жерді екінші рет тұзданудан сақтайды. Сондықтан жоңышқа — тек күріштің ең жақсы алғы дақылы.

Дәнді масақты дақылдар. Дәнді масақты дақылдар түріне қарай алғы егіс ретінде әр түрлі бағаланады. Күздік бидай, жаздық бидай мен арпа, көптеген отамалы дақылдар үшін жақсы алғы егіс болып есептеледі. Себебі, ол тез қаулап өсуіне байланысты арамшөптермен жақсы күресе алады, танапты ерте босатады. Жаздың бидай мен жаздық арпа қанағаттанарлық алғы дақыл болып есептеледі. Бұлардың ішіндегі нашары — тары. Тары бастапқы кезде өте жай өседі де, өсіп-дамуы барысында арамшөптерден кейін қалып қояды, сондықтан тарыдан кейін танаптарда арамшөптер көп болады. Жаздық дақылдардың онша айтарлықтай алғы дақыл болып есептелмейтін тағы бір себебі бар. Олар топырақтағы жеңіл сіңірілетін қоректік заттарды едәуір мөлшерде пайдаланады. Сондықтан олар көбіне ауыспалы егістің соңғы танабына егіледі де, бұл дақылдардан кейін танаптар көбіне парға қалдырылады.