22 Қаңтар, Сенбі

Жаңалықтар

Педагог-математик заманауи технологиялардың көмегімен оқушылар мен мұғалімдерге арналған білім беру арнасын жүргізеді.


Педагог-математик Леунова Евгения Валерьевна заманауи технологиялардың көмегімен балалармен ортақ тіл тауып, олардың білімге деген құштарлығын оята білетін білікті ұстаздардың бірі. Ол Instagram-да тәлімгерлік блогын және YouTube-те оқушылар мен мұғалімдерге арналған білім беру арнасын жүргізеді. 2021 жылы оның оқушылары республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары атанды.

Евгения Валерьевна ШҚО математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінде математика пәнінен сабақ береді.

Ол облыстық және республикалық семинарлардың тұрақты қатысушысы, әдістемелік материалдардың авторы.
«Шәкірт жеңісі - ұстаз жемісі». Педагог еңбегінің нәтижелі болғанына тәрбиеленушілерінің түрлі байқауларда алған жүлделі орындары дәлел.  11-сынып оқушысы Гуськов Леонид жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша республикалық Президенттік олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды; 5-сынып оқушысы Жексенев Зәкір математика пәні бойынша республикалық олимпиаданың қола жүлдесіне ілікті.

💬«Евгения Валерьевна – менің ұлымның математика пәнінің мұғалімі. Мен оған баламның бүкіл оқу барысында сабақтарға ынтамен қатысқаны, оқу материалын түсінікті әрі қызықты жеткізгені, әр сабақта мейірімді және жайлы атмосфера орната білгені  үшін алғыс білдіремін. Мұғалім балалар үшін қиынға соғатын күрделі есептерді жақсы түсіндіреді, оқу және сабақтан тыс уақытта сұрақтар қоюға мүмкіндік береді, ол әрқашан көмек қолын созуға дайын», – дейді 11 сынып оқушысының анасы Ирина Белянцева.

Өз кезегінде Жексенев Зәкірдің анасы бейне сабақтар тақырыптарды игеруге ғана емес, сонымен қатар әртүрлі байқауларға дайындалуға да көмектесетінін алға тартады.
 
💬«Материалды қарапайым, жеңіл тілмен әрі қысқаша жеткізу спортшыларға, жарыстарға қатысушыларға, ауруға шалдыққан балаларға үйде отырып  тақырыпты дұрыс түсінуге үлкен сеп болды. Олимпиада тақырыптары бойынша бейне түсініктемелер түрлі байқауларға дайындалуға мүмкіндік береді. Біздің балаларымыз үшін онлайн-форматта олимпиадаларға дайындық  сабақтары өткізіледі», – дейді 5 сынып оқушысының анасы Скуратова Наталья.

Евгения Валерьевнаның еңбегі Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасы, «Өрлеу» БАҰО АҚ және «Дарын» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының алғыс хаттарына ие болғанын  атап өткен жөн.

💬«Мен үшін математиканы оқыту – бүкіл өмірімнің сүйікті ісі. Мектептегі жұмыс, балалармен қарым-қатынас, білім беру саласындағы түрлі өзгерістер мен реформалар көптеген мүмкіндіктерге жол ашады, оқушылармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін қолдануға, заман арнасынан қалмай жүзуге мүмкіндік береді. Міндеттер қою, оларды шешу, шешім қабылдау үрдісінен ләззат алудың өзі  әрқашан қызықты. Дарынды балаларға арналған мектепте математика пәнінен сабақ беру – бұл тоқтаусыз жұмыс  пен үздіксіз ізденіс, өзін-өзі тәрбиелеу және кәсіби тұрғыда  өсу.  Бірінші кезекте мен өзімнің оқушыларыма біліктілігімді жетілдіруге мүмкіндік бергені, күнделікті жақсы көңіл-күй, жылы қарым – қатынасы, көздері оттай  жанып, білім нәрін сусындауға ден қойғандары үшін  алғысымды білдіремін», – дейді Евгения Валерьевна.

Ұлағатты ұстаз алдағы уақытта өз блогын жетілдіріп, әріптестерімен желілік байланысты жалғастыруды көздейді.

@bilim_jane_gylym