29 Наурыз, Жұма

Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов: Ауылдағы білім сапасын арттыру, білім беру ұйымдарын дамыту үшін кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылады


Еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау және ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейін жоғарылату мәселелері қаралған Үкіметтің кезекті отырысында ауылда өмір сүру сапасын жақсарту бойынша тұрлі бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндаған басқа да құзырлы сала жетекшілерінің қатарында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те сөз сөйлеген болатын, – деп хабарлайды осы құрылымның баспасөз қызметі. 

– Қазіргі уақытта елімізде бір жарым миллион оқушысы бар 5 268 ауылдық мектеп жұмыс істейді. Ауылдық мектептерде 182 мың мұғалім сабақ береді. Ал, шағын жинақты мектептер саны 2 757, бұл барлық мектептердің жалпы санының отыз жеті пайызы. Ауыл мектептерін дамыту, олардың білім сапасын арттыру – ең маңызды бағыттардың бірі. PISA Халықаралық зерттеулердің нәтижелері бір жағынан қала және ауыл мектептерінің арасындағы айтарлықтай алшақтықты көрсетсе, екінші жағынан өңірлер арасындағы алшақтықты көрсетуде, – деді еліміздің бас педагогы.

Қарағанды әлде Қостанай облыстарындағы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы сапа бойынша айырмашылық үлкен болғанмен, бірақ осы облыстың сапа бойынша қала мектептерінен әлдеқайда төмен болған ауыл мектептерінің көрсеткіші басқа сегіз облыстардың қала көрсеткіштерінен жоғары. Ал, өз кезегінде сапа бойынша айырмашылығы ең аз Ақтөбе облысында қаланың да, ауылдың да мектептеріндегі білім беру сапасы бірдей жоғары емес екенін көруге болады. Жалпы бұл талдау білім сапасының тиісті жағдайдың жасалуына тікелей байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан ауыл мектептерін дамыту үшін кешенді іс шаралар қабылдануда.

Ведомства басшысының айтуынша біріншіден, білім беру сапасын жақсарту үшін 2025 жылға қарай бес мың ауылдық мектепке жаңғырту жүргізу жоспарлануда. Бұл дегеніміз – жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерімен, арнайы жиһаздармен, компьютерлермен жабдықтау, асханалар мен кітапханаларды жаңарту тетіктері бойынша іске асырылатын болады. Әр облыс пен әр мектеп бойынша нақты жоспар бекітілді. Оның ішінде, биыл 1015 мектеп жаңғыртылуы үшін қажетті қаржы көздері қарастырылған.

2025 жылға қарай ауылда 315 жаңа мектеп, соның ішінде ағымдағы жылы 83 мектеп салу жоспарланып отыр. Ауылда қосымша білім беруді дамыту – маңызды мәселе болып табылады. Білім беру сапасына үйірмелермен қамту үлкен ықпал тигізеді. Бүгінгі таңда ауыл оқушыларының тек қана 40%-ы қосымша біліммен қамтылған. 2025 жылға қосымша біліммен толық жүз пайыз қамту жоспарланған. Ол үшін ағымдағы жылдан бастап алғаш рет балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмі енгізілді. Арнайы Заң қаңтар айында қабылданған болатын.

– Шағын жинақталған мектептерде білім беру сапасын арттыру мақсатында тірек мектеп-ресурстық орталықтар мен интернат желісін кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл мектептерінің көбісі бір ауысымда оқитын болғанның арқасында, оқушылары үшін «толық күн» жұмыс істейтін форматқа көшу жоспарланды. Ауыл балаларының дамуындағы ерекшеліктерін ерте анықтауға және оларды уақытылы қолдауға назар аударылады. Бүгінгі таңда ауылда ерекше қажеттіліктері бар 58 мың бала арнайы көмекті қажет етеді. Ол үшін ауылда психологиялық, медициналық-педагогикалық кабинеттер мен түзету кабинеттерінің саны кеңейтіледі, бекітілген жоспарға қосымша орталықтарды ашамыз, – деді Асхат Қанатұлы.

2025 жылға қарай ауыл мектептерін білікті педагогтермен 100% қамтамасыз етуіміз қажет. Осы тұрғыда шағын жинақты мектептердің педагогтерінің еңбекақысын төлеудің жаңа жалақы төлеу жүйесіне көшу жоспарлап отырмыз. 2021 жылдан бастап 18 сағаттық жүктемеден 16 сағаттық жүктемеге көшу, 2024 жылдан бастап – жаңа жүйеге көшуіміз қажет. Сонымен қатар ауылға жұмысқа келген қалада оқыған жас мамандарды ыңталандыру үшін жұмысты өтеу мерзімін қысқарту, ауыл оқушылары үшін «цифрлық репетитор» жобасын енгізу қарастырылуда. Қазіргі уақытта 169 ауылдық жерлерде орналасқан колледж жұмыс істейді.

Білім және ғылым министрінің мәлімдеуінше ауылдағы колледждерді дамыту үшін қырық колледжге 10 миллиард теңге бөлініп, қажетті лабораториялар сатып алынуда. Дуальді оқыту бойынша, білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Ендігі кезекте ауылдық колледждер үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін қайта қарап, барлық түлекті техникалық біліммен қамту үшін қосымша білім беру гранттары бөлінетін болады. Министрлік Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының аясында ауылдағы білім беру ұйымдарын дамыту үшін, білім беру сапасын арттыру үшін кешенді әрі жүйелі жұмыстарды атқаратын болады.

@bilimdinews.kz