20 Сәуір, Сенбі

Жаңалықтар

Балаларға мектепке смартфон алып келуге бола ма? Білім және ғылым министрлігі жауап берді


Электронды үкімет сайтында мектеп оқушысының әкесі білім беру мекемесі әкімшілігі министрлік бұйрығын негіз етіп, оқушылардың телефонын алып алатынын жазған. Ата-ана жолдаған сауалға Білім және ғылым министрлігі жауап берді
 

Министрліктегілер мектепте оқушылардың телефонын алып алуға қатысты бұйрықтың жоқ екенін айтты. Сонымен қатар білім беру мекемесіне алып келуге болмайтын және қолдануға шектеу қойылған заттардың тізімін ұсынған. 

"Көрсетілген тізімге сәйкес ақпаратты сақтауға болатын мобильді құрылғыларды (пейджер, планшет, смартфон, iPad iPod плеер, модем (мобильді роутер) оқу кезінде (арнайы әскери, мамандандырылған білім беру мекемелерін санамағанда) қолдануға шектеу қойылған", – делінген министрлік жауабында. 

Сондай-ақ министрлік бұйрықта мобильді телефонды сабақ барысында қолдануға шектеу енгізілгенін мәлімдеді.

"Бұл білім алушылар арасында ақпарат алмасуға, яғни академиялық әділдіктің дамуына және сабақ кезінде өзге нәрсеге алаңдамауына бағытталған", – деп түсіндірді Білім және ғылым министрлігі. 

Балалардың ұялы телефон қолдануы тек білім беру мекемесінде ғана шектеледі, ал өзге орындарда олар смартфон қолдануға құқылы. 

Білім және ғылым министрлігі оқушылардың телефонын тартып алу немесе жеке заттарын тінту сынды құқық бұзушылықтар орын алса, Балалардың құқығын қорғау комитетіне хабарласуға болатынын мәлімдеді. Байланыс нөмірі: +7 7172 74 25 28 немесе "Bala Qorgau" Телеграм чаты.
@www.stan.kz