15 Қараша, Жұма

Әдебиет

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың өмірбаяны және суреті


Құрметті портал редакторлары! Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың өмірбаянын суретімен берген екенсіздер. Әкемнің суретінің орнына Ілияс Омаровты қойыпсыздар. Соны өзгертсеңіздер!

Әкемнің өмірбаянын өзгертіңіздер! Мына мәліметті қосыңыздар!

 

      Зейнел-Ғаби Иманбаев /1924-1987/

 

1924 жылы 2 қаңтар күнi Солтүстiк Қазақстан облысының Преснов ауданына қарасты (қазіргі Шалақын ауданы) Ортақкөл ауылында туған.

1941 жылы Баян орта мектебiн бiтiредi де денсаулығына байланысты әрi қарай оқуын жалғастыра алмайды. Бiрақ өздiгiнен оқып бiлiмiн көтередi, үнемi iздену, талаптану үстiнде болады. Өлең жазады. Алғашқы өлеңдері облыстық «Ленин туы» газетiнде 1940 жылы жарық көредi. З. Иманбаевтың тұңғыш әңгiмесi – «Қанатты өмiр» 1953 жылы республикалық «Әдебиет және искусство» (қазiргi «Жұлдыз»)  журналында басылады. Содан  бастап облыстық, республикалық газет-журналдарда әңгiмелерi, очерктерi, повестерi үнемi жарияланып тұрады.

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев 1960 жылдың 22 қарашасында  Мәскеудегі Жазушылар Одағына, кейін Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданды. Ол кісінің әдеби псевдонимі –  Қаражігітов.

Зекеңнің алғашқы «Бастама» жинағы 1959  жылы жарық көрді. Содан бастап жылма жыл жинақтары жарық көре бастады.

 Зейнел-Ғаби Иманбаев өздігінен оқыған, көп ізденген жазушы. Әр қаламгер өмiр сырына ой көзiмен қарап, содан нәтиже шығаратыны белгiлi.  Ауыл адамдарының тыныс-тіршілігін, тылсым табиғат сырын, балалар психологиясын егжей-тегжей зерттей жаза білген Зейнел-Ғаби Иманбаевтың тақырып шеңберi өте ауқымды. Ол өзiнiң әңгiме, очерк, повестерiнде ауыл өмiрiн, тың және тыңайған жерлердi игеру кезiндегi адамдардың қажырлы еңбегiн, Ұлы Отан соғысы кезiндегi тылдағы ауыртпашылық, әр түрлi мамандық иелерiнің ерен еңбегі  жайлы сөз қозғайды. Автор сатира жанрына да қалам сілтеген жан.

Зейнел-Ғаби Иманбаев өмiрдегi елеусiз құбылыстардың өзiнен тартымды әңгiме тудырып, тереңнен ой толғай бiлетiн, тiлге бай, сөзге тапқыр жазушы. Ол  балаларға арналып жазылған көптеген әңгiме, повестердiң авторы.

Жазушының өзінің өмірбаяндық жазуы бойынша,   Зекең бірінші –

 Абайды, екінші – Чеховты, үшінші – Бейімбет Майлинды, төртінші – Островскийды  ұстаз тұтқан. Өйткені философиялық ой қозғауды Абайдан, қысқа жазуды  Чеховтан, ұлттық бояумен табиғи, тартымды жазуды  Бейімбет Майлиннен және өткір, қажырлы да қайратты жазуды Островскийден үйренген жазушы.

Жазушы  балалар әңгімелерінде жас буынды Отанды сүюге, туған жер табиғатын қорғауға, батылдыққа, ержүректiкке, еңбекте табанды болуға шақырады. Достық, кiшiпейiлдiк, тапқырлық, батылдық жайлы сөз қозғайды.

Зейнел-Ғаби Иманбаев  «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлiк еңбегi үшiн» медалiмен, Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Грамотасымен, «Тың жерлердi игергенi үшiн», «Ерлiк еңбегi үшiн», В.И. Лениннiң туғанына 100 жыл толуы құрметiне, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң 30 жылдығы», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң 40 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев 1987 жылдың 17 қазанында Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданына қарасты Приишим кеңшарында  63 жасында дүниеден өтті.

 

         Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың  жарыққа шыққан жинақтары.

 

1.Иманбаев, З.-Ғ. Бастама: Әңгімелер жинағы/

                                      Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1959. – 96 бет.

2. Иманбаев, З.-Ғ. Сырымбет. Әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;

3. Иманбаев, З.-Ғ.  Арлан. Повесть, әңгіме. А., ҚМКӘБ, 1961;

4. Иманбаев, З.-Ғ.  Дала көктемі. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1963;

5.Иманбаев, З.-Ғ.  Кішкене малшы: Рассказ/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы:                                                                                               Жазушы, 1964. – 14 бет.

6. Иманбаев, З.-Ғ. Кең аймақ. Очерктер. А., «Жазушы», 1965;

7. Иманбаев, З.-Ғ.  Жас шыбықтар. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1966

8. Иманбаев, З.-Ғ.  «Жирен сақал» Әңгімелер. «Жазушы», 1967

9. Иманбаев, З.-Ғ.  Солмайтын гүл. Повесть, әңгіме. А., «Жазушы», 1968;

10.Иманбаев, З.-Ғ. Нағажайлы түнде: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев. – Алматы:                                                                            Жазушы, 1970. – 49 бет.

11.Иманбаев З-Ғ.  «Кіреуке мерген» – Алматы: Жазушы, 1973

12.Иманбаев, З.-Ғ. Айналайын, адамдар! Очерктер мен деректі әңгімелер/

                                               Алматы: Қазақстан, 1975. – 88 бет.

13.Иманбаев, З.-Ғ. Қыран түлегі: Повестер мен әңгімелер/ Алматы:

                                                                   Жазушы, 1977. – 144 бет.

14.Иманбаев, З.-Ғ. Дала әңгімелері: Әңгімелер мен повестер/ Алматы:                                                                                     Жазушы, 1979. – 168 бет.

15.Иманбаев, З.-Ғ. Құстар қайтып оралғанда: Әңгімелер мен                                                                        повестер/Алматы: Жалын, 1981. – 160 бет. «

16. Иманбаев, З.-Ғ. Ауыл түтіні: Әңгімелер/ З.-Ғ. Иманбаев.- Алматы:                                                                                      Жазушы, 1985. – 112 бет.

17. Иманбаев З-Ғ. «Солмайтын гүл» «Жалын» баспасы. 1987

18.Иманбаев, З.-Ғ. Қос қайың: Әңгімелер мен повестер/ З.-Ғ. Иманбаев. –                                                            Алматы: Қазақпарат, 2011.- 616 бет.

19. Иманбаев З-Ғ. «Балаларға арналған қызықты әңгімелер»

                             «Солтүстік  Қазақстан»» баспасы     2013. –52 бет.

20. Иманбаев З-Ғ. «Қанатты өмір».      «Солтүстік  Қазақстан»» баспасы

                                                                                     2019. – 260 бет.