29 Наурыз, Жұма

Әдебиет

Ағайынды Гриммдер
Ағайынды Гриммдер — неміс халық мәдениеті зерттеушілері мен лингвисттері.

Ақ жылан


Баяғы өткен заманда өз елін әділдікпен билеп, халықтың құрметіне бөленген бір патша болыпты. Патшалықта оның назарынан тыс ештеңе болмайды, халық та оған кез келген маңызды істер жайында хабарлап, ақыл сұрап келеді екен. Халық патшаны сол үшін жақсы көреді.

Бірақ бұл патшаның өзгелерге жұмбақ бір әдеті болыпты: түскі ас сайын, әдетте ас ішіліп, үстелдің үстін тазалап жинаған соң өзінің ең сенімді қызметшісі әлдеқандай бір тамақты әкеліп береді екен. Сырттан жеткізілетін бұл тамақ салынған ыдыстың беті жабық болғандықтан, қызметшінің өзі онда қандай ас барын білмейді екен. Себебі, патша бөлмеде бір өзі ғана қалғанша, бұл тамақты жемек түгілі, ыдыстың бетін де ашпайды екен.

Патшаның осылайша оңашаланып тамақтануы жалғаса беріпті. Ақыры мұның нендей ас екенін білмекке құмартып, әбден шыдамы таусылған қызметші бір күні патшаға жеткізілген ыдысты көтерген бойы өз бөлмесіне алып барады.

Есікті мықтап жапқан ол ыдыстың қақпағын ашып жібергенде, ішінде жатқан ақ жыланды көреді. Дәмін татып көрмек болып шыдамы таусылған қызметші, өзін өзі тежей алмады: жылан етінен бір кесегін бөліп алды да, азуға басып жіберді. Жылан еті өте дәмді екен.

Қызметші асты шайнап жұта берген кезде-ақ үйдің терезесі алдында әлдебір шиқылдаған көп дауыс құлағына келгендей болды.

Ол терезеге барып құлақ салса, шықылықтап отырған торғайлар екен. Бұл олардың шиқылын түсініп тұр: олар күні бойы орманды кезіп ұшқан кезде не көріп-білгендері туралы бір біріне айтып, өзара қызу әңгімелесіп отыр екен.

Міне, осы сәтте қызметші өзінің ақ жылан етінен дәм татқаннан кейін жан-жануарлардың тілін білетін қасиетке, ерекше қабілетке ие болғанын бірден түсінді.

Осылайша, қызметші сарай маңындағы жан жануардың сырын тыңдап жүріп жатқанда, күндердің бір күні патшайымның ең қымбат жүзігі жоғалады. Патша мен патшайым: «Мұны кім ұрлауы мүмкін?» — деп бас қатырды. Ақыры барлық бөлмеге емін-еркін кіріп-шыға беретін ең сенімді қызметшісінен күдіктенеді. «Содан басқа ешкім ұрлаған жоқ», — деген ойға бекіп сезіктенеді.

Патша қызметшісін шақырып алып: «Жүзікті сен ұрлап алдың! Тауып бер!», — деп ұрсып балағаттап, айқайлай бастайды. Ақыры: «Егер де өзің алмаған болсаң, осы ұрлықты жасаған адамды ертең таңертеңге дейін тауып бересің. Егер, таба алмасаң өзіңді кінәлі деп танып жазаға тартып басыңды аламын!», — деп кесім айтады. Байғұс қызметші өзінің бұған еш кінәсі жоғын айтып қанша жалынса да, патша шешімін өзгертпейді.

Ертеңгі күні жазаға тартылатынын ойлап үрейі ұша қорыққан қызметші қамалдың ауласына шығады. Бұл күрмеулі қиындықтан қалай құтыларын білмей, басы қатып отырады. Осы кезде бұған таяу, ағынды судың жағасында бір топ үйрек қауырсындарын жалпақ тұмсықтарымен тарап қойып, өзара әңгімені қыздырып отыр екен. Қызметші қалт тына қалып, олардың әңгімесіне құлақ түреді.

Олар бір-біріне бүгін қайда болғандарын, қандай жем жегендерін айтысып отырғанда біреуінің: «Менің бөтегеме ауыр зат батып отырғаны», — дегенін құлағы шалады. «Ол не зат?» — деп сұраған ұяластарына: «Мен барылдап тамақ іздеп жүріп, жем екен деп аңдамай, патшайымның терезесінің жақтауында жатқан сақинаны жұтып қойған едім», — дейді әлгі үйрек.

Мұны естіп қуанып кеткен қызметші әлгі үйректі мойнынан шап беріп ұстап алады да, асүйге әкеледі де бас аспазға: «Мына үйректі сой!», — дейді. «Сөйтейін — дейді аспаз, үйректі қолына алып жатып, — бұл үйректі жемдеп-баққанымызға да біраз уақыт болды. Бұл семірді, сойғанымыз дұрыс». Аспаз үйректің басын шауып, сойып, ішек-қарнын тазалап жатқан кезде, патшайымның жүзігі бөтегесінен табылады.

Осыдан соң қызметшіге өзінің кінәлі емес екендігін дәлелдеуі қиын болған жоқ. Патша қызметшісіне өзінің жасаған әділетсіздігінің тігісін жатқызғысы келіп, одан қандай марапат қалайтынын сұраумен қатар, патша сарайындағы өзі қалаған ең құрметті лауазымды беруге уәде етті. Қызметші мұның бәрінен де бас тартып, өзінің әлемді шарлап көргісі келетінін, осыған қажетті бір мықты ат беруін өтінеді.

Қалаған өтініші орындала салысымен, қызметші бірден жолға жиналып, мынау жарық дүниені, шексіз әлемді еркін кезіп саяхаттауға аттанды.

Осылай жер кезіп, ел көріп сайрандап келе жатқанда, бір күні әлдебір көлтоғанның жанына өтіп бара жатады. Көлтоған шетіндегі қамысты шұқанаққа қамалып, қайрандап жатқан үш балықты көреді. «Балықта тіл жоқ, сөйлемейді», — демесеңіз, қызметші олардың: «Осылайша қайрандап қиналып өлеміз бе!» — деген өкінішті тілдесулерін сезіп келе жатқан-ды.

Жас жігіттің жүрегі мейірімге толы еді: ол атынан түсіп, үш балықты қамысты қайраңнан шығарып, суға жіберді. Үш балық болса көңілдене шоршып, судан бастарын шығарып алып қызметшіге былай дейді: «Бұл қайырымдылығыңды біз ешқашан ұмытпаймыз. Және бұл жақсылығыңды қайтсек те өтейміз!»

Қызметші атына мініп алып, алға қарай жүре береді. Сөйтіп біраз жүрген кезде аяғының астынан, құмның ішінен бір дауыстар естілгендей болады. Жігіт тыңдап тұрса, құмырсқалар патшасының қинала сөйлеген сөзін естиді: «Мынау адамдар мен ебедейсіз жексұрын жануарлардан бір құтылмай-ақ қойдық қой! Мынау ақымақ жылқының зілдей тұяқтарымен құмырсқаларымды аяусыз таптап келе жатқаны ай!» Қызметші мұны естіген соң, құмырсқадан кешірім өтініп, бірден бірден жанындағы өзге сүрлеу жолға қарай бұрылды. Осы кезде құмырсқа патшасы: «Рақмет, адам баласы! Біз бұл ізгілігіңді ешқашан ұмытпаймыз және бұған қарыздар болып қалмаспыз!» — деп айқай салады.

Соқпақ жол жетелеген қалпы бір ну орманға әкеледі. Орман ішінде ол ағаш басындағы бір кәрі қарғалар жұбын көреді. Олар ұядан өз балапандарын лақтырып жатыр екен: «Кетіңдер, бұл жерден, оңбағандар! Сендерді асыраймыз деп әбден титықтап шаршадық. Осы күнге дейін өсіп-жетілдіңдер. Енді тамақты өз беттеріңмен тауып жеңдер!» — деп ұрсады олар, балапандарына. Шалғынға шөке түскен байғұс балапандар ұша алмай, қанаттарын қағып тыпырлайды, сөйтеді де былай деп шулап жылайды: «Қандай қорғансыз бишаралар едік! Біз әлі ұша алмаймыз ғой! Тамақты қайтіп тауып жемекпіз? Енді бізге осы жерде аштан өлгеннен басқа не шара бар?». Мұны естіген мейірімді жігіт атынан түседі. Атын қылышымен бауыздап жіберіп, сояды. Жылқы етімен қарғаның балапандарын тамақтандырады. Тырбаңдап жеткен балапандар тамақтанып, бойларына қуат жинаған соң самғап ұшып кетеді. Алысқа ұшарында олар: «Бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймыз. Саған қарыздар болып қалмаспыз, адам баласы!» — деп қарқылдай шуылдасады.

Мейірімді жігіт жаяулап аяңдай, алға қарай жүре береді. Жүре-жүре, ақыры бір үлкен қалаға келіп жетеді.

Бұл қаланың көшесінде көп жұрт айқай-шуға басып, топырласып тұр екен. Топтасқан адамдар бұрынғыдан да көбейіп, өзара гуілдесіп жатыр. Патшаның адамдары әлдебір бұйрық туралы жар салуда. Көшені аралап келе жатқан бір салт атты әйел затын көреді.

Жергілікті тұрғындардың сөзінен бұл әйел затының осы елдің ханшайымы екенін біледі. Ханшайым өзімен тұрмыс құруға лайықты ер азаматты таңдау үшін осылай көшені аралап шығады екен. Алайда, кез келгеннің басына қона бермейтін бұл бақытқа ие болу дегеннің өзі — әзірге өлімге тікелей бас тігумен бірдей екен. Қаншама дәмелі жігіттер ханшайымның қойған шартын орындамақ болып, оның соңынан ергенімен, өмірі қыршынынан қиылғанын айтысады.

Бұл көше аралаудың мәнісін ести тұра, жас жігіт өзіне таяп келген ханшайымды көргенде, оның көркіне ессіз ғашық болғаны сондай, алдағы қауіп-қатердің бәрін де ұмытып, өзінің ханшайымды жар ету ниеті барын айтып, сынаққа қатысу үшін өтініш білдіреді.

Ел патшасы бастаған топ қызметші жігітті тулаған теңіздің жағасына ертіп барады да, оның көзінше алтын сақинаны толқынға лақтырып жібереді. Осыдай кейін патша жігітке теңіздің түбіне лақтырған сақинаны тауып әкеліп беруді тапсырумен қатар: «Егер сен жүзікті іздемек болып сүңгіп, жүзікті таппай шығатын болсаң, қашан толқынға тұншығып өлгенше суға лақтырумен боламыз», — деген шартын айтады.

Көркем жігіттің босқа өлетінін біліп іштей аяп тұрса да, амал қайсы, таңдап алған өзі, теңіз жағалауында тұрған жұрт іске кірісуге бұйырып, алыстап кете барады. Жігіт жағалауда қинала ойға батып, дағдарып тұрғанда, теңіз түбінен үш балықтың су бетіне шығып келе жатқанын көреді. Қараса, бұл баяғы өзі құтқарып жіберген үш балықтың дәл өзі екен. Олардың ортаншысы аузына әлдебір ұлу қабыршағын тістеп алған екен. Жүзіп жеткен қалпы қабыршақты жігіттің алдына әкеліп тастайды. Жігіт қабыршақтың ішін ашып қалғанда, әлгі суға лақытылған сақина жатыр екен.

Қуанышы қойнына сыймаған жігіт жүгірген қалпы патша сарайына барып, жүзікті ханшайымға тапсырады. «Уәде еткен сыйын жасайды», — деп отырғанда тәкаппар ханшайым жігіттің шыққан тегі жағынан өзіне тең емес екенін біліп, менсінбеген сыңай танытады. Сөйтеді де жігітті тағы бір сынаққа жұмсайтын болып шешеді. Сөйтіп ендігі орындайтын сынақты орындауға шақырады.

Ханшайым бақшаға бастап әкеледі де, он қап толы тарыны жерге төккізеді. «Ертең таңертең күн шыққанға дейін, — дейді ханшайым, — осында төгілген дәннің бір түйірін қалдырмай жинайсың. Бір түйір дән жерден табылатын болса, шартты орындамаған болып саналасың!

Жігіт бақша ішіндегі ағаштардың саясына отырып алып: «Бұл ауыр сынақты қалай орындар екенмін», — деп ойлап, қамығып отырады. Ақыры еш амалын таба алмай, не де болса, ертеңгі күн жан алатын жендеттер келгенше осында болайын деп таң атуын күтіп, бақшада отыра беріпті.

Түннің түндігі түріліп, таң бозарып атып, күн сәулесінің алғашқы шапағы бақшаның ішіне құйылған кезде жігіт қараса, өз көзіне өзі сенбейді: дәл алдында дәнге толы он қап тұр екен. Жерге қараса, бір түйір де дән қалмаған, тап-таза. Мұны көріп жігіт қатты қуанады. Сөйтсе, жігіттің қысылғанын біліп құмырсқалар патшасы түнде өзінің мыңдаған жауынгерімен бақшаға жетіпті. Қайырымды жәндіктер түні бойы тынбай еңбектеніп, дәнді түгелдей жинап біткен сәті осы екен.

Ханшайымның өзі таңертең бақшаға келіп, жас жігіттің кеше берген қиын тапсырманы қалай орындап үлгергеніне таң-тамаша болады. Ол тағы да өзінің тәкаппарлығына басып, және бір тапсырма бермек болып шешеді. Сөйтеді де, ханшайым былай дейді: «Өзіңе берілген екі тапсырманы да ойдағыдай орындадың. Бірақ өмір ағашы бұтағының алмасын үзіп әкеліп бергенге дейін, ешқашан менің жарым бола алмайсың. Соңғы шартым — осы».

Жас жігіт ханшайым айтқан өмір ағашы қайда өсетінін бұрын соңды естіп білмесе де, ханшайымның бұйрықты шартын ести сала, аттаған қадамы қайда апарады, сол басы ауған жаққа қарай жүре беріпті.Белгісіз бағытқа кетіп бара жатқан жігіттің өмір ағашын тауып аларына ешқандай сенімі жоқ еді.

Жігіт осылайша, жаяулатып жүрген бойы үш бірдей патшалықтың жерін кесіп өтеді. Бір күні кешке таман алдынан көрінген ну орманға жетіп, биік ағаштың түбіне тоқтайды. Осында жатып демалып алмақ болады. Кенет әлдебір құстардың қанатынан шыққан суылды, ағаш бұтағының сытырын, жапырақтың сыбдырын естиді. Сөйткенше болмай, алдына топылдап алтын алмалар түсе бастайды.

Осы кезде дәл алдына ұшып жеткен үш қарғаны көреді. Олар былай дейді: «Біз — баяғыда аштан өлгелі жатқанда өзің астыңдағы атыңды сойып беріп, тамақтандырған үш қарға боламыз. Өзіңнің арқаңда аштықтан аман қалып, өсіп жетілдік. Сенің өмір ағашын іздеп шыққаныңды естіп көмекке ұмтылдық. Сөйтіп теңіздің арғы жағалауындағы, жер шетіндегі өмір ағашына ұшып жетіп, өзіңе сол ағаштың алмасын әкеліп отырмыз».

Мейірімді жігіт мұны естігенде қатты қуанды. Алтын алмаларды ала салып сұлу ханшайымға жетуге асығады. Ханшайымға келіп, алтын алмаларын ұсынады. Ханшайымның енді айтар сылтауы, сытылар бұлтағы қалмаған еді.

Алыстан әкелген өмір ағашының алмасын жеген кезде, тәкаппар ханшайымның жүрегі жас жігітке деген махаббат сезіміне, мейіріміге толыпты.

Сөйтіп олар мызғымас махаббатқа, шексіз ізгілікке бөленіп, әбден қартайғанша бірге жасап, бақытты өмір сүріпті. «Ақ жылан» осылайша аяқталды, соңына дейін оқыған — жан мақтаулы!

Орыс тілінен аударған Асылбек Байтанұлы